Дүниежүзіне аты мәлім генетик, қазақ ғалымы Шухрат Миталипов С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында дәріс оқып, журналистер мен әріптестерінің қойған сұрақтарына жауап берді. Әлемдік ғылыми ортада кең тараған Nature журналы таяуда ғана сауалнама жүргізіп, 2013 жылдың үздік ғылыми жұмыстарын анықтаған болатын. Сол кезде жерлесіміз әлемнің 10 үздік ғалымдары тобына енген болатын. Ш.Миталипов 1995 жылдан бері АҚШ-та жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында ғалым АҚШ-та атқарып жатқан жұмысы жайында жиналған қауымға жан-жақты әңгімелеп берді. Ал оқу орын басшысы Айқан Ақанов университет ішіндегі адам генетикасымен жұмыс істейтін зертхана қызметкерлері алдағы уақытта Ш.Миталиповпен бірлесіп жұмыс істей бастайтынын алға тартты. Осы ретте жария дәріске ғалымның әкесімен туыстары да қатысқанын айта кетуіміз керек. Өз кезегінде сөз алған ғалымның әкесі бала кезінде Шухраттың еңбекқор болғанын айтып, жастарға білім алуда мойымау керектігін ескертті. Дәрістен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген ғалым, қайда жүрседе Қазақстанмен байланысын үзбегенін алға тартты. Ол осыдан төрт жыл бұрын «Назарбаев Университетінде» дәріс оқып, ондағы әріптестерімен іс-тәжірибесін бөліскен екне. «Қазір Қазақстанда ғылымға айрықша көңіл бөлінуде. Соның ішінде генетика саласы бойынша іргелі зерттеулер қолға алынып жатқанын білемін. Бұл бағытта «Назарбаев Университетінің» мамандары жұмыс істеуде. Енді міне С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университеті адам генетикасын зерттейтін зертханасын жаңартып, маңызды қадамға барып отыр. Алдағы уақытта университетпен байланысымды тереңдетіп, жұмыс істемекшімін. Елге ат басын бұрудағы басты мақсатымның бірі осы», – деп ғалым ағынан жарылды. Таяуда ақпарат құралдары белгілі саясаткер Ғани Қасымовтың қызы – Джулия Ғани өзінің тері жасушасын АҚШ ғалымдарына сынақ жүргізуге бергенін жараса жазған еді. Қолына қалам ұстаған қауым осы мәселенің жай-жапсарын Ш.Миталиповтен сұрап қалуға тырысты.
– Иә, Ғани Қасымовтың қызы өз жасушасын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тапсырғаны рас. АҚШ-та өз жасушасын зерттеуге беретін еріктілер мыңдап саналады. Джулия Ғанидың солардың бірі деп қарастыруға болады. Жерлесіміздің жасушасы арнайы қорда сақталуда. Ал оған қашан зерттеу жұмыстарын жүргізетінімізді дөп басып айта алмаймын. Жалпы алғанда АҚШ-та адамға ғылыми-тәжірибе жұмыстарын жүргізуге қатаң шектеу қойылған. Біздер заң шеңберінде жұмыс істейміз, – деді.
Ш. Миталипов эмбрионды тін жасушаларын клондаумен айналысқан. Ол өзінің технологиясы қартаюды тежеп қана қоймай, оны басқаруға да мүмкіндік беретінін айтады. Орегонның ғылым мен денсаулық университетінің профессоры адам жасушасы жұмыртқасымен және эмбриондарымен сынақ жасауға лицензия алған алғашқы ғалым екенін баса айта кетуіміз керек.
Қазақстандық ғалым бұдан басқа түрлі ткандерді, мәселен бұлшық еттерді, сүйекті немесе нейрондарды өсіру үшін дифференциаланған жас жасушалармен жұмыс істейді. Олар жас эмбриондарда болады, үлкендердің ағзасынан оны тек жұлын сұйықтығынан табуға болады. Ш.Миталипов қартаю немесе науқастану кезінде ағзаның бірқатар жасушасы өз қызметін доғаратынын, бірақ оларды жаңасымен алмастыруға болатынын алға тартты. Мәңгілік жастықтың құпиясы да осында.
Бірақ ғалымдардың бұл тәсілді қолдануы үшін тін жасушаларын «бағдарламалауды» білуі керек екен, яғни олардың дамуын бақылауы тиіс. Сондай-ақ үлкен адам ағзасына орналастыру үшін оларды иммунді етудің де маңызы зор. Ш.Миталипов жетекшілік еткен бір топ ғалым мәңгілік жастықтың құпиясын іздестіруде тін жасушаларын клондаумен шұғылданған. Олар эмбрионды жасуша көшірмесінің «түпнұсқасынан» еш айырмасы жоқтығын дәлелдей алған. Әзірге ғалымдар бірнеше мақсатты айқындады: тін жасушалары дамуын бақылау, оны трансплантациялау және оны жануарларға сынап көруде қауіпсіздігі мен тәсіл тиімділігін анықтау. Осыған дейін мәңгілік жастықтың құпиясы толықтай ашылған емес, сондықтан Миталипов тін жасушаларымен емделуді ұсынатын алаяқтарға сенбеуге кеңес береді. Жасартудың әбден тезден өтпеген тәсілі тиімсіз әрі қауіпті болуы мүмкін.