Халықаралық ғалымдар тобы Ресейдегі адам өлімі көрсеткішінің тым жоғарылығына жергілікті халықтың алкоголь өнімдерін шамадан тыс тұтынуы себеп деген тұжырымға келді. Олардың ішінде арақ – әсіресе зиянды.
Lancet медициналық журналында жарық көрген ғылыми зерттеу авторлары Барнауыл, Бийск пен Томскте тұратын 150 мыңнан аса ересек адамның 1999 бен 2010 жылдар аралығындағы арақ ішу тәртібін талдаған.
Мамандардың айтуынша, Ресейдегі ер азаматтардың төрттен бірі 55 жасқа толмай көз жұмады екен. Бұл нәубеттің себебі – алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну.
«Жатып ішетін» ресейліктердің өліміне арақтан улану, қайғылы жағдайға тап болу, зорлық көрсету, өз-өзіне қол жұмсау, сонымен қатар өңеш пен бауыр қатерлі ісігі сынды дерттер себеп, дейді ғалымдар.
Ал Ұлыбританияда 55 жасқа дейін өмір сүрмеген ер азаматтардың үлесі 7%-ды құрайды.
Оксфорд университетінде жұмыс істейтін зерттеу авторларының бірі сэр Ричард Петоның келтірген статистикасына сәйкес, орта есеппен жылына бір ресейлікке 20 литр арақтан келеді екен.
Источник: bnews.kz