ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, еліміздегі білім мен ғылымды дамыту саласына қатысты маңызды міндеттер сараланды. Алқалы басқосуға Үкімет басшысы Серік Ахметов қатысты. Алқа мәжілісінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов өзі басқарып отырған министрліктегі бірқатар түйткілді мәселелерді тізіп шықты.
Оның сөзіне қарағанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінде 2014-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді. «Елбасы өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосудың стратегиялық мақсаттарын анықтап берген болатын. Министрлікте 2014-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді.
Ол Президенттің алға қойған міндеттерін толығымен шешуге бағытталған», – деді министр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік 2016 жылға дейін ауқымды жұмыстарды жоспарлап отырғанына тоқталған А. Сәрінжіпов: «Біріншіден, мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы балаларды жүз пайыз қамту үшін «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылысы 9,6 млрд. теңгеге жоспарланып отыр және мектепке дейінгі білімге мемлекеттік тапсырысты 47,2 млрд. теңгеге арттыру көзделген», – деді.
Ал, екіншіден, биылғы жылы балаларды ертеден дамытудың тұжырымдамалы негіздері әзірленеді. Қыркүйектен бастап балабақшаларда жаңартылған бағдарламалар пайдаланылады. Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы жаңа мемлекеттік тапсырыс мектепке дейінгі білімнің педагогтары үшін гранттар санын арттыруды қарастырады.
Сонымен қатар А. Сәрінжіпов «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өңірлерде кемшіліктер бар екенін де жасырмады. «Министрлік өз тарапынан мектепке дейінгі білімді дамыту үшін барлық жағдайды жасауда. Алайда, бүгінде «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы жетістіктерге қарамастан, жергілікті жерлерде күрделі олқылықтар байқалуда», – деді министр.
2015 жылы мұғалімдер үшін Кембридж курсына ұқсас мектепке дейінгі педагогтарға біліктілікті арттырудың деңгейлі бағдарламалары енгізіледі.
2015-2016 жылдары біліктілікті арттыру курсынан он бес мың мұғалім өтеді. Балабақшалар саны екі есеге артқанына тоқталған А. Сәрінжіпов, бірақ та өңірлер арасында алты жасқа дейінгі балаларды қамтуда айырмашылықтар бар екенін жеткізді. Егер де Қостанай облысында оның дейгейі 91 пайызды, Қарағанды облысында 87 пайызды құраса, Алматы қаласында 35 пайызды, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 36 пайызды құрап отыр. Осы орайда ол әкімдермен жасалған меморандумдар аясында жергілікті бюджеттер балабақша желісіне жергілікті бюджет көлемін арттыруға басымдық берілгенін атап өтті. Атап айтқанда, 68 мың мектепке дейінгі педагогтардың ішінде тек 58 пайызында жоғары білімі бар екен. «Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауды тоқтатудың салдарынан балабақшалардағы сапаның төмендеуімен қатар, балалардың денсаулығына байланысты тәуекелдерді тудырды. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысының жекеменшік 18 балабақшасында және Алматы қаласының 16 балабақшасында санитарлық ережелерді өрескел бұзу фактілері анықталды. Ал Астанадағы балабақшалардың бірінде бір педагогтан туберкулездің ашық түрі анықталды», - деді министр. Бұл тұрғыда министр мырза білім беру басқармалары мектепке дейінгі ұйымдарда педагог кадрларға талаптарды күшейтуі тиіс екенін тапсырды.
Бұдан кейін ведомство басшысы мектептердегі жағдайға ойысты. 2014-2016 жылдары 192 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 2016 жылға қарай үш ауысымдағы мектептер санын 13 есеге, апатты мектептерді екі есеге қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Атап өтерлігі, бұл бағытта шаралар жергілікті атқару органдары тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілсе ғана іске асады. Бүгінде еліміздің 1372 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда жергілікті атқару органдары тек 439 мектепті жөндеуді жоспарлап отыр. Бүгінде пайдалану мерзімі өтіп кеткен саман мектептердің саны 768-ге жеткен екен, ал оның 245-і – Оңтүстік Қазақстан облысында. Сонымен қатар орта білім саласындағы келесі проблема жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттауға байланысты болуда. «Жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттау алаңдатып отыр. Өткен оқу жылында оның ең төменгі үлесі Маңғыстау облысында байқалды, яғни 75 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда алты жыл бойы осы өңірде бұл көрсеткіш бойынша өрлеу байқалмады», – деді министр. Жоғары санатты педагогтардың үлесі бойынша Қызылорда (4%), Ақтөбе (12%), Батыс Қазақстан (12%), Атырау (12%) облыстары қалыс келе жатыр. Ауылдық жерлер жоғары санаты бар оқытушылар саны бойынша қалалаларға қарағанда аз қамтылған.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, бүгінде оқушылар орындарының тапшылығы 113 мыңды құрап отыр. Бұл тұрғыда ең жоғары көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында 27 мың және Алматы қаласында – 23 мың деңгейінде. Апатты мектептердің көп үлесі Атырау (10 пайыз) мен Қызылорда (9 пайыз) облыстарында екен. Тиісті қадағалаудың болмауынан жаңа мектепті тапсырғаннан кейін де бұл нысандарға бірден күрделі жөндеуді жүргізу қажеттілік ететін жағдайлар орын алып жатқаны да күйзелтеді.
Бұған қоса жоғары білім саласында да елеулі өзгерістер болатын секілді. Біріншіден, 2014 жылдың барысында қолданыстағы заңнама жаңа талаптарға бейімделеді. Ведомство жоғары және орта буынның менеджерлер пулын даярламақ. 2016 жылға қарай менеджерлердің 25 пайызы оқытылады деп көзделіп отыр. Айта кетейік, биылдың соңына дейін бақылаушы кеңестерді енгізіп, олардың өкілеттілігін кеңейту жоспарланып отыр. «Мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорларының жұмысын алқалы органдар бағалайтынына олар дайындалуы тиіс», – деп тоқталды А. Сәрінжіпов.
Талдау нәтижелеріне қарағанда, жұртшылық тарапынан жоғары оқу орындарындағы жемқорлық пен білім сапасының төмендігіне байланысты алаңдаушылық бар. Министрлік мәліметінше, былтыр мемлекеттік ЖОО-ларда аттестация нәтижесі бойынша 1,5 мың (11 пайыз) студент тестілеуде қажетті деңгейді еңсере алмады. Сонымен қатар жекеменшік жоғары оқу орындарындағы жағдай бұдан да жаман, бұндағы көрсеткіш 5,3 мыңды (32 пайыз) құрады. Белгілі болғандай, мемлекеттік жоғары оқу орындарының студенттері 59 мамандық бойынша білімдерін көрсете алмады. Жеке жоғары оқу орындарында мұндай мамандықтар 218 (тестіленгендердің 50 пайызы) болды. Министрдің айтуынша, ЖОО-лардың сапасыз жұмысы тұрғысында мысалдар жетерлік. Осы орайда «мемлекеттік оқу орындарының ректорына бұл ахуалды еңсеруге қауқарлы ма?» деген сұрақ қоюдың уақыты жетті. Ал шағын жекеменшік жоғары оқу орындарының құрылтайшылары «өздерінің оқу орындары қоғамға керек пе және еліміздің дамуының жалпы стратегиясына бағыттала ма?» деген мәселелер бойынша айқындалуы тиіс. Немесе олар өздерінің жеке әл-ауқаты үшін ғана жұмыс істей ме?!
Дереккөзі: http://inform.kz