Ғылыми жаңалықтар

Жасыл желек экологияны жақсартудың тиімді жолы

31.01.2014

5945

Қоршаған ортаның кейінгі кезеңдердегі ең күшті өзгерістерінің бірі – биосфераның әлемдік жылынуы, яғни атмосфераның және гидросфераның біртіндеп, бірақ үздіксіз жылынуы. Бұл ғылымда және қоғамдық пікірде дәлелденген жайт. БҰҰ мамандарының мәліметі бойынша, климаттың әлемдік жылынуының негізгі себептері бар.
Біріншіден, бұл адамзаттың тіршілік әрекетінің нәтижесі. Адам баласы өндірісті, техниканы, көлікті зор қарқынмен дамытты, ауыл шаруашылығы интенсивтендірілді. Нәтижесінде атмосфераға «жылыжай әсерін» беретін СО2, СО, СН4 газдары, күкірт пен азот оксидтері және басқа да газдар заводтар мен жылу электростансалары тұрбаларынан, автокөліктерден орасан көп мөлшерде шығарылуда. Мысалы, 1960-1990 жылдары ішінде ауаға шығарылған СО2 және басқа газдар мөлшері 13 пайызға артқан, 1991-2012 жылдары бұл үдеріс екі есеге күшейген. Бұл биосфераның әлемдік ­жылынуын күшейте түсуде. Екіншіден, қазіргі кезеңде Күннің қыздыруы күшейіп, Жер ғаламшарын жылынуын күшейтуде. Егер аспанда бұлт жоқ болса, ауа тез қызып, аптап ыстық болады. Жақында НАСА ғарыш агенттігінің мамандары Күн бетіндегі жарылыстарды суретке түсіріп алды және теледидардан көрсетті. Үшіншіден, Ресей ғалымдарының пікірі бойынша, қазіргі кезеңдегі климаттың әлемдік (глобальды) жылынуы табиғи үдеріс деп есептейді. Жер ғаламшарының солтүстік бөлігінде климаттың ылғалды-салқын фазасы 1978-1979 жылдары басталып, 2010-2011 жылдары аяқталды. Ал 2012-2013 жылдары климаттың жылы-құрғақ кезеңі басталып, ұзақ жылдарға созылады.
Ал жауын-шашыны аз, жазы аптап ыстық, қуаңшылық жағдайдың ең жоғарғы деңгейдегі кезеңі 2018-2021 жылдары байқалады және бұл 2026-2035 жылдарға дейін созылады. Аталған қуаңшылық жағдайлардың зиянды әсері Қазақстанда, әсіресе шөл және шөлейт аймақтарында өте күшті болады деп күтілуде. Климаттың қуаңшылыққа ұшырауы (аридизациялануы) тұщы су тапшылығын туындатып, жазда өте күшті аптап ыстық болады, шөлейттену үдерісі күшейе түседі, ормандар өрті (табиғи және антропогендік әсерден) көбейеді. Мұның бәрі зор әлеуметтік қиындықтар туындатып, жануарлар, адамдар шығыны болуы мүмкін. Осы факторлар бір-бірімен әсерлесуі арқылы «әлемдік жылу әсерін» күшейте түсуі мүмкін. БҰҰ-ның 2007 жылғы «Даму бағдарламасының» мәліметі бойынша, қазіргі заманғы климаттық өзгерістерді жөндей алмаса, адам баласының көп­шілі­гі­нің болашақта қалыпты өмір сүру болашағы бұлыңғыр, күмән. 2,5 млрд. адамдардың келешекте өмір сүру мүмкіндігі күрт төмендейді. Алдағы бірнеше онжылдықта 1,3 млрд. адам экологиялық босқындарға айналады, ал 2 миллиард адам тұщы су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның пікірінше, планетамызда күшті қуаңшылық жағдайлар және су тасқыны болып, зор қиындықтар туындауы мүмкін. Аталған жағдайлар планетамыздың көптеген аймақтарында 2012-2013 жылдардың өзінде байқалып, жануарлар, адамдар шығындары көбейіп, коммуникациялық құрылыстар қирауда. Қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша, атмосферадағы оттегі түгелімен өсімдіктер фотосинтезі нәтижесінде жинақталған. Мысалы, құрлықтағы өсімдіктер жамылғысының фотосинтезі нәтижесінде атмосфераға жылына 280-320 млрд. тонна оттегі қосылады. Оның 80-85 пайыз мөлшері биосферадағы тірі организмдердің, соның ішінде адамдардың тыныс алуына жұмсалады екен, ал 10 пайызы, яғни 28-32 млрд. тонна оттегі өндірісте, көліктің барлық түрлерінде жағылады. Ал өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы қазіргі кездегідей қарқынмен дамитын болса, XXI ғасырда жылына 58-64 млрд. тонна және одан да көп мөлшерде оттегі жағылып, пайдаланылады деген болжам бар. Қазірдің өзінде әлемде күніне 4,5 млрд. тонна жанармай жағылып, көп мөлшерде оттегі шығындалуда. Нәтижесінде құрлықтағы өсімдіктердің фотосинтезі үдерісінде шығарылған оттегі адамзаттың энергия алуы үшін жағылған оттегі мөлшерін қайтадан толтырып, қалпына келтіре алмайды, аталған газ (оттегі) мөлшері жылдан-жылға азая береді. Егер аталған салаларда энергия алу үшін жанармайды жағу шектелмесе оттегінің мөлшері 21 пайыздан 8 пайызға дейін азаяды. Бұл сүтқоректі жануарларға өте зиянды құбылыс, олар жаппай қырылуы мүмкін.
Атмосферадағы оттегі мөлшері 12 пайыз болғанда адам есінен танып құлайды. Яғни бұл жағдай адамзат тіршілігіне де аса қауіпті. Адам баласына нан, ет, сүт, тағы басқа азық-түлік қаншалықты қажет болса, оттегі де өте керекті фактор. Бірақ атмосферада оттегі әзірге жеткілікті болғандықтан оны дефицит, шектеуші фактор деп есептемейміз. Осындайда «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп қазақ айтқан ғой. Биосферадағы және Қазақстандағы ауа бассейнін жақсартып тазалау үшін адам баласының әлі де 40-45 жыл уақыты бар. Мұндай зиянды құбылыстарды болдырмаудың және өте қатал континентальды климат жағдайын жақсартудың бірнеше жолы бар:
энергия алудың басқа, альтернативті жолын табу (күн энергиясын, жел энергиясын, гидроэлектр стансалары энергиясын, атом стансалары энергиясын, теңіздердің толысуы және қайтуы энергиясын пайдалану). Мысалы, Қарағанды облысында жел мен күн сәулесі шуағынан алынатын қуат (энергия) жүйесін дамыту жоспарлануда. Қазақстанда күн радиациясынан энергия алынатын қондырғыларды жасайтын зауыт салу, ал Шығыс Қазақстан облысында құны 18,1 млрд. теңге болатын жел электростансаларын салу жоспарлануда. Жақында Қазақстан «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Бұл көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы». Яғни көрмеде «Болашақ, альтернативті энергия алу және пайдалану жолдары» көрсетіледі деп күтілуде;
биосферадағы өсімдіктер жамылғысының, әсіресе ормандарды сақтап, көлемін ұлғайтып, фотосинтез процесін күшейту, күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүретін ағашты өсімдіктерді көптеп өсіру;
отандық гидрогеология саласы ғалымдары мен мамандарының зерттеу нәтижелері бойынша Бетпақдаланың астында және Арал өңіріндегі құмдар астында орасан көп мөлшерде (көлемі Балқаш көлінен үлкен) тұщы су қоры бар екен. Соларды егіншілікте, мал шаруашылығында және өндірісте пайдалану үшін аталған суларды жер бетіне шығару керек. Бұл өте күрделі мәселе, бірақ болашақта аталған проблема күн тәртібіне койылуы мүмкін.
Фотосинтез үдерісінде көмірқышқыл газын (СО2) көп мөлшерде сіңіріп, оттегіні (О2) көбірек шығаратын өсімдіктер қауымдастығы бұл – орман. Биосферадағы СО2:О2 ара қатынасын сақтап, оттегіні көбейту, ауаны тазарту проблемасын шешу жолы – ормандарды сақтау, қалпына келтіру және ағашты өсімдіктерді көптеп егіп өсіру. Мысалы, шырша орманының белгілі аумақ, алаң бірлігінде көмір қышқыл газын (СО2-ні) сіңіруі және оттегіні шығару мүмкіндігін 100 пайыз деп есептесек, онда сондай аумақтағы жапырақты орманның СО2-ні сіңіруі және оттегіні шығаруы 120 пайыз, қарағай 130 пайыз, арша 140 пайыз, жөке 250 пайыз, емен ағашы орманы 450 пайыз болады екен. Өсіп жетілген бір арша ағашының фотосинтезі нәтижесінде шығарылған оттегімен 20-25 адам жыл бойы тыныс алады, ал жетілген бір емен ағашының көктемнен күзге дейінгі фотосинтезі үдерісінде шығарылған оттегімен 40-45 адам жаз бойы тыныс алады екен. Бірақ «планетамыздың өкпесі» саналатын Амазонка өзені жағасындағы тропикалық ну ормандардың алаңы 2010 жылы 103 шаршы шақырымға, 2011 жылы 593 шаршы шақырымға, яғни 27 пайзға қысқарған. Азиядағы, Африкадағы, Солтүстік Америкадағы, Ресейдің солтүстігіндегі және басқа жерлердегі ормандар осындай жылдамдықпен жойылуда. ХХІ ғасырдың алғашқы 5 жылында ормандардың жойылуы жылына 7,4 млн. гектар шамасында. Ал ормандарды жою қазіргі кезеңдегідей жылдамдықпен жүргізілсе алдағы 40-45 жылдан кейін биосферада орнына келмес апатты жағдайлардың пайда болуын, оттегінің азаюын туындатады, планетамыздағы орташа жылу +3,-5 градусқа және одан да жоғары көтеріледі деген болжам бар. Бұл үдерістердің ішіндегі ең қауіптісі биосферадағы оттегінің азаюы.
Биосфераның эволюциясы барысында цианобактериялар мен өсімдіктердің фотосинтезі нәтиже­сінде атмосферада оттегінің көбейіп, қазіргі кезеңдегі 21пайыздық мөлшеріне жету үшін шамамен бір млрд. жыл уақыт кетті. Егер ауадағы оттегі 21пайыздан 8 пайызға дейін азаятын болса, атмосферадағы оттегі мөлшерін қайтадан қалпына келтіру үшін жүздеген миллион жыл уақыт керек, ал бұл биосферадағы сүтқоректі жануарлар мен адамдар үшін апаттың ең үлкені.
Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаровтың Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында жасаған мәлімдемесі бойынша, Қазақстанда бұл үдеріс жылдамырақ жүруде. Аталған үдерістер нәтижесінде Антарктидадағы, Гренландиядағы, биік таулар басындағы мұздықтар 2001-2003 жылдардан бастап 3-4 есе жылдамдықпен еруде. Нәтижесінде әлемдік мұхит 7-9 метрге және одан да жоғары деңгейге көтеріледі деген болжам бар. Яғни теңіз жағалауындағы көптеген қалалар, елді мекендер су астында қалуы мүмкін. Ал құрлық ортасындағы жерлерде, мысалы Қазақстанда жауын-шашын мөлшері күрт азайып, өте күшті қуаңшылық жағдай қалыптасып, тұщы су проблемасы туындауы мүмкін.
Гренландиядағы, Антарктидадағы, биік таулар басындағы мұздықтар жылдам ерігендіктен, жоғарыда аталған 40-45 жылдың әдепкі 20-25 жылы ішінде көктем, жаз, күз айларында жауын, ал қыс айларында қар көп жауып, тасқын су проблемалары туындайды. Кейінгі 2-3 жыл ішінде мұндай жағдайлар Еуропада, Австралияда, Үндістанда, Қытайда, Жапонияда, Ресейде, Тынық мұхит аралдарында және Қазақстанда қыс кезіндегі қар өте көп мөлшерде жауғандықтан, көктемдегі, жаздағы нөсер жаңбыр әсерінен көптеген елді мекендерді тасқын су басып қалды.
Мысалы, Ресейдің Краснодар (Кубань) өңірінде 2012 жылдың 5-6 шілдесі күндері нөсер жаңбыр (аз уақыт ішінде 121-300 мм жауын жауған) әсерінен көптеген елдімекендерді тасқын су басып қалды, 171 адам қайтыс болды, мыңдаған адамдар (30 мыңдай) зардап шегіп, баспанасыз қалды. Табиғи апат әсерінен зардап шеккендерге көмек ретінде Ресейдің Федералдық бюджетінен 3,8 млрд. рубль бөлінді, жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлінуде. Жапонияның оңтүстігінде нөсер жаңбырлар әсерінен туындаған су тасқынынан 240 мың адам қоныс аударуға мәжбүр болуда. Ал Қытайда тасқын судан 7 миллиондай адамдар зардап шегуде. 2013 жылы Еуропадағы нөсер жаңбырлар әсерінен тасқын су мәселесі туындап, зор қиындықтар туындауда. Қазақстанның Жамбыл облысында бұршақ жауынның күшті болуы әсерінен көптеген қой қырылып, егістік алқаптарына зиянын тигізді.
Осы кезеңдерде (2012 жылғы шілде айында) АҚШ-та екі аптаға созылған аптап ыстықтан 77 адам қайтыс болды, техника істен шыға бастады. Канзас штатында қатты қуаңшылық болып, егіс алқаптары қурап жатыр. Әлемдегі ең ұзын өзен Миссисипи өзенінің суы аптап ыстықтан буланып, таяздана бастаған. 2013 жылы Жапонияда шілде айындағы аптап ыстықтан 2500 адам ауруханаға түсті. 2012 жылы Қазақстандағы Қызылорда облысында 40-45°С ыстық болса, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау облыстарында 35-39°С ыстық сақталуда. Нәтижесінде, аптап ыстық әсерінен 2012 жылы бір млн. гектар егіс алқаптары өте төмен өнім берді.
Көпжылдық циклдық құбылыстар және әлемдік жылу әсерінен кейбір жерлерде орасан көп мөлшерде жауын-шашын болса, басқа жерлерде есесіне аптап ыстық болуда. Кейбір аймақтарда алапат орман өрті жиілеп кетті. Аталған кенеттен болатын экологиялық апатты жағдайлар әсерінен көптеген жануарлар, адамдар өліп, өте көп мөлшерде экономикалық шығын әкеледі.
Жоғарыда аталған 40-45 жылдың кейінгі 20-25 жылында құрлық ортасындағы жерлерде, әсіресе Қазақстанда өте күшті қуаңшылық жағдай қалыптасып, тұщы су проблемасы туындауы мүмкін. Бұл жағдайларды болдырмау үшін Қазақстан аумағында күшті фотосинтездеуші, СО2-ні сіңіріп, көп мөлшерде оттегіні шығаратын және ұзақ жыл өмір сүретін емен, арша, акация сынды ағашты өсімдіктерді жылда-жылда көптеп егіп, өсіру керек. Бұл жай айтыла салған сөз емес, алдағы 40-45 жылдан кейін Қазақстан халқының қалыпты өмір сүруінің негізгі кепілдемесінің бірі. Нәтижесінде, өте күшті қуаңшылық және қатал континентальды климатты жағдайды болдырмай, экологиялық жағдайды жақсартуға, әлеуметтік шығындарды (жануарлар, адам өлімін) болдырмауға болады деп күтілуде.
Біздің заманымыздан бұрын қытайлықтар көшпенділерден қорғану үшін мыңдаған шақырымға созылған «қытай қорғанын» салды. Бұл бүкіл халық болып бірігудің, ерен еңбектің нәтижесі. Қазіргі кезеңде Қытайда жаппай ағаш отырғызып өсіруді бүкіл халық болып жүргізуде.
Бүкіл Қазақстан халқы, әсіресе жастар бірігіп, ерінбей еңбек етсе, әрбір елді мекендерде емен, арша, акация, тағы басқа ағаштар көптеп отырғызылса, егістік алқаптарда санитарлық-қорғаныс белдеулер жасап, ағашты және бұталы өсімдіктер өсірілсе және бұл үдеріс 40-45 жыл бойы үздіксіз жүргізілсе, Қазақстанға төніп келе жатқан өте қатал континенталды климатты жұмсартып, экологиясын жақсартуға болады. Осылай жұмыла еңбек еткен жағдайда орасан көп экономикалық және әлеуметтік шығындарды азайтуға, тіпті болдырмауға мүмкіндік бар.

Дереккөзі: anatili.kz/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар