Әділ ЫБЫРАЕВ, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті, саяси ғылымдар кандидаты
Алдағы уақытта елімізде ғылым басым бағыттардың біріне айналып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосуы тиіс. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауымен танысып шыққан адам осындай тұжырымға тоқтайтыны анық.
Осы орайда 55 жылдан бері «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Қазақстанның ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, инновациялық бағытта жұмыс істейтін мекемелерге ақпараттық, сараптамалық және кеңес беру қызметін атқаруда. «2014-2016 жылдардағы ғылымды дамытудың басым бағыттары» деп аталатын пленарлық ғылыми сессияда Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев ғылымның маңызды бағыттарын дамытуда орталықтың орны ерекше екенін атап өтті. Қазіргі таңда «ҰҒТАО» АҚ-ы республикалық ғылыми-техникалық кітапхана мен ҚР Патент қорын және еліміздің 10 облысындағы филиалының басын біріктіріп, отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосуда. «ҰҒТАО» қазір ТМД елдері арасында әлемдік ғылыми ақпараттық ресурсты реттеп, сараптайтын бірден-бір ғылыми мекеме болып тұр. Орталық қазір мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар қорын жасақтау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкциялау жұмыстарын реттеу, еліміз бойынша қорғалған диссертациялық жұмыстарды жинақтау, отандық ғалымдар мен білікті мамандардың ғылыми мақалаларына сараптамалық өңдеу жұмыстарын жүргізу, Қазақстандағы инновациялық қызметті қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, көпсалалы ғылым бойынша сараптамалық-ақпараттық қор құру (жариялауға жатпайтын құжаттар, Қазақстан мен шетелдік ғалымдардың мақалалары және статистикалық мәліметтер), еліміз үшін ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды айқындау, әлемдік ғылыми кеңістікте халықаралық ықпалдастықтықты кеңейтіп, отандық ғалымдардың ғылыми жұмыстарын халықаралық журналдарда жариялауын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді. Бұдан басқа орталық қызметкерлері Біртұтас электронды кітапхана жобасын дайындап, қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін жүйелеуге ден қойғанын да айтуға тиіспін.
Соңғы жылдары ғылым саласында «жиендік жасау» ісі өріс алғаны белгілі. Көшіру, өзгенің ақыл-ойын иемдену арқылы ғылыми атаққа қол жеткізу жақсылықтың нышаны емес. Бұл ретте орталық электронды жүйеде еліміздегі ғылыми жұмыстарды топтастырып, «Антиплагиат» жобасын жүзеге асырып, ғылымдағы «ұрлыққа» түбегейлі тосқауыл қойғанын мақтанышпен айта аламын.
Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жүзеге асырған жобалардың арасынан тұңғыш рет Қазақстанның базалық сілтемесін қалыптастырудың маңызы зор болды. Қазақстанның базалық сілтемесі отандық ғалымдардың жұмысын бағалау, сараптау және библиометриялық көрсеткіштерін анықтауға барынша жәрдемдесті. Орталық негізін қалап, іске асырған жаңа жүйе отандық ғылымның мүмкіндігін, жекелеген ғалымдардың ізденісін әділ бағалауға барынша септесуде. Қазір ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғарғы оқу орындарындағы ғалымдардың халықаралық журналдарға қандай ғылыми мақалалар жариялағанын және ғылыми ортада оның сілтемелік көрсеткіштері қаншалықты жоғары екенін білудің ешқандай қиындығы жоқ. Осылайша Қазақстанның базалық сілтемесі отандық ғалымдар мен еліміздегі ғылыми мекемелердің жұмысында серпіліс туғызып, мөлдірлікті қамтамасыз етті. Мұндай ашықтық ғылымның жан-жақты дамып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізуге әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
Бүгінде «ҰҒТАО» АҚ-ы еліміз үшін маңызды бағыттар болып саналатын жаратылыстану және техника саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде бағдаршам қызметін атқаруда. Бұдан басқа орталық отандық және шетелдік ғылыми-техникалық әдебиеттер мен жариялауға жатпайтын маңызды құжаттарды шашау шығармай жинап, қазақстандық ғалымдардың ғылыми базасын жасақтауда. Осылайша ғылыми мекеме Қазақстанның ғылыми-техникалық және өндірістік саясатын кешенді түрде ақпараттық-сараптамалық материалдармен қамтамасыз етуді жолға қойды.
Жаһандасу дәуірінде ғылыми ықпалдастықты кеңейту маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны белгілі. Қазір Қазақстан ғылымын халықаралық кеңістікке шығару Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының негізгі жұмыстарының біріне айналған. Бұл бағытта орталық өзге елдердегі ғылыми мекемелермен тең құқықтық дәрежеде әріптестік қарым-қатынас орнатып, халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналды. Сондай-ақ, дамыған елдердегі бірқатар ғылыми мекемелерімен ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойып, отандық ғылымды интеграциялауға өз үлесін қоса бастады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «ҰҒТАО» АҚ-ы 2011 жылдың қазанында дүниежүзіндегі ең ірі Thomson Reuters ғылыми базалық мәлімет қорының Web of Knowledge электронды ғылыми-зерттеу платформасымен келісімге келгенін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Ал 2012 жылдың сәуір айында орталық Elsevier B.V. компаниясының SciVerse® ScienceDirect. толық мәтінді базалық мәлімет қорын қазақ ғалымдарының еркін пайдалануына жол ашты.
Халықаралық мәліметтер базасына шыққалы бері қазақстандық ғалымдар мен мамандардың ғылыми мақала жариялау белсенділігі айтарлықтай өсті. Айталық, Web of Science (Thomson Reuters) базалық мәліметтер қорына 2011 жылы 380 ғылыми мақала жарияланса, 2012 жылы 648, ал 2013 жылы 678 мақала жарияланған. Бұдан басқа Scopus (Elsevier) базасында да қазақ ғалымдары ғылыми мақалаларын көптеп шыға бастады. Мәселен, 2011 жылы 536 мақала жарияланса, 2012 жылы оның саны 785-ке жеткен. Ал 2013 жылы отандық ғалымдар 1398 мақала жариялағанын айрықша атап айтуға болады.
Осы ретте 2014 жылдың ақпан айынан бастап отандық ғалымдар мен ізденушілер ScienceDirect® Scopus ғылыми мәліметтер қорының рецензиялық ғылыми әдебиеттерін пайдалана бастайтынын айта кетуіміз керек. Біздер бұдан басқа дүниежүзіндегі жетекші ғылыми жаңалықтарды тарататын жетекші мекемелер саналатын Springer, Willey-Blackwell, INSPEC, Oxford University Press, BMJ Group және Science баспа-журналының электронды нұсқаларын ғалымдардың қолжетімділігін арттыру бағытында келіссөздер жүргізудеміз.
Бұл не үшін қажет? Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus (Elsevier) сынды шетелдің базалық сілтемелер қорына ғалымдардың қолжетімділігін арттыру арқылы біздер еліміздегі ғылымның даму деңгейін, әлемдік ғылымның қай бағытқа бет алғанын күні бұрын біліп отырамыз. Ең бастысы мәліметтер базасына қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын жариялап, әлемдік ғылымның даму көшіне ілесетін боламыз. Атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтижесін бере бастады. Біздер ірі ғылыми мәліметтер қорына қол жеткізіп, отандық ғылымның тиімді бағытта дамуына қатысты библиометриялық сараптама жасап, ғылымның қай салаларын дамыту керектігін бағамдап үлгердік. Сараптаманың қорытындысы арқылы ғалымдарымыздың рейтингісін анықтаудың жүйесін қалыптастырғанымызды айта аламын. Рейтингте ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми басылымдарға жариялаған мақалаларының саны, оған жасалған сілтемелер мен ғылыми журналдардың импакт-факторлық көрсеткіштері негізінде түзіледі. Өзге елдермен арадағы байланысты кеңейту бағытындағы жұмыстар қолға алынғалы бері Web of Science базалық мәлімет қорында 2010-2012 жылдары Қазақстан ғалымдары мен мамандарының 1375 ғылыми мақалалары жарық көрсе, 480 мақала жоғары бағаланып, өзге елдердің ғалымдары оларға 2706 рет сілтеме жасаған. Осыдан-ақ әлемдік ғылыми қоғамдастықтың Қазақстан ғалымына деген қызығушылығы жоғары екенін байқаймыз. Әдетте Қазақстанда физика, химия және математика саласы жоғарғы деңгейде дамығанын бәріміз білеміз. Өзге елдің ғалымдары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған қазақстандық әріптестерінің мақалаларын оқып, жоғарыда атап өткен салалар елімізде расыменде жоғары екеніне көз жеткізген. Бір ғана физика саласында тынбай еңбек еткен ғалымдарымыздың орташа сілтемелік деңгейі 3,0 көрсеткішіне тең болды. Бұл жоғары көрсеткіш екенін айтуға тиіспін.
2010-2012 жылдары жарияланған ғылыми мақалаларды сараптай келе, ондағы ғылыми материалдардың 50 пайызы биомедицина саласына тиесілі екенін байқадық. Күні бүгінге дейінгі есеп бойынша халықаралық ғылыми журналдарға Қазақстан ғалымдары 4400 мыңнан астам мақала жариялап үлгерген. Оның арасында шетелдік әріптестерімен бірлесіп жазған мақалалары да кездеседі. Осы бір көрсеткіштен соңғы жылдары отандық ғылым ауыз толтырып айтатындай ілгерілеушіліктер орын алып жатқанын байқаймыз. Қазір бір ғана физика саласы бойынша Рәтбай Мырзақұлов (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ), Әсет Барақбаев, Эрнст Боос, НиколайПокровский, Болат Жәутіков (Физика-техникалық институт), Тілекқабыл Рамазанов (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Сергей Дубовиченко (Ядролық физика институты) сынды ғалымдарымыз өз саласының үздігі ретінде, тізімнің алдыңғы легінде тұр. 2010-2012 жылдары аты аталған ғалымдардың әрқайсы 17-ден 50-ге дейін ғылыми мақалалар жариялап, әлемнің назарын өзіне аударған. Сол сияқты химиктеріміз де 3 жылда Web of Science базасына 10-нан 20-ға дейін маңызы зор ғылыми мақалалар жазып, абыройымызды асқақтатты. Олардың қатарында Зұлхайыр Мансұров (Жану мәселелері институты), Иван Кулаков, Оралғазы Нұркенов (Органикалық синтез және көмір химиясы институты), Серғазы Әдекенов («Фотохимия» ҒӨО), Мира Бейсенғалиева (Жер қойнауы байлықтарының кешенді пайда болуын зерттеу институты) сынды жетекші ғалымдардың аты-жөнін бөліп айтуға болады.
Қазақ ғалымдарының жұмысын бағалауда мына бір мәселеге де көңіл аударта кеткенді жөн санап отырмын. Web of Science базалық мәлімет қорының тізіміне өзге елдерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген, кейінін жұмысын Қазақстанда жалғастырған ғалымдар енбей қалғаны өкінішті. Солардың бірі ҚМЭБИ-дің профессоры Әлия Нұртаева. Ол Web of Science базасында 20 ғылыми мақаласын жариялап, 50 сілтемеге ие болып, Хирша индексінде (h-index) 5 көрсеткішке қол жеткізді. Бұл ғылымда үлкен жетістік болып саналады. Ол ұзақ жыл АҚШ-та жұмыс істегендіктен оны халықаралық ғылыми журналдардың редакциясы америкалық ғалым ретінде есепке алған. Қазір Ә.Нұртаева бұл қателікті түзету үстінде. Бұған біздің орталық қызметкерлері қол ұшын беруде. Бұдан басқа транслитерациялық қателіктердің кесірінен ғалымдарымыздың аты-жөні мен жұмыс орындарын дұрыс жазылмағандықтан біраз кемшіліктер кеткен. Алдағы уақытта мұның бәрі реттелінетін болады.
Қазақстан ғалымдарының жалпыәлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кірігуі еліміз үшін маңызды бағыт болып саналады. Халықаралық қауымдастық қандай да бір бағыттар бойынша ақпарат іздеген кезде олардың алдынан қазақ ғалымдарының еңбегінің шығатыны белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстанда өмірге келген ғылыми жаңалық пен жаңа технологияларды кең көлемде трансферттеуге жол ашылады.
Сөз соңында Ұлттық техникалық-ақпарат орталығының тағы бір маңызды жобасы жайында айта кетуді жөн санап отырмын. «Қазақстан Республикасы ғылымының картасы» деп аталатын жобамыз ғылымдар мен ғылыми мекемелер үшін мәні зор дүние болайын деп тұр. Электронды форматта жұмыс істейтін жобаға енген ғалымдар мен ғылыми мекемелерге қатысты мәліметтерді үнемі жаңартып тұрамыз. «Ғылым картасынан» елімізде қолға алынған зерттеу жұмыстарының қорытындысы және ғылыми-зерттеу жұмыстарының белсенділігі жайындағы статистикалық мәліметтерді, сараптамалық материалдар барысын, Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстардың үрдісі жайында жан-жақты ақпарат алуға болады. Жаңа жоба ғылым саласында қабылданған басқару шешімдерін, ғылым мен білім беру саласын бақылау қағидаттары мен мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы маңызды бағыттарды басшылыққа алып жұмыс істейді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында Қазақстан ғаламдық технологиялық революцияның белсенді қатысушысына айналуы керектігін ескерткен болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізуіміз үшін еліміздің интеллектуалдық әлеуетін ұлттық деңгейде жандандырып, инновациялық серпіліс туғызуымыз қажет. Алдағы уақытта «ҰҒТАО» АҚ-ы Қазақстанның теңдесі жоқ ғылыми-ақпараттық қорын құрып, айқындалған мақсат-міндеттерді кезең-кезеңімен іске асырып, Қазақстанның ақпараттық-технологиялық саясатын қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.