Ақтөбе облысы Алға қаласында тұратын зейнеткер Виктор Ковалёв ерекше қондырғы ойлап тапты. Өзі оны «ақылды» техника деп атайды. Ауылдағы шаруа үшін таптырмас көмекші болды. Алдымен ауласында жел диірменін тұрғызды. Одан электр қуатын алады, бидай ұнтап, су айдауға пайдаланады. Қажет кезінде қайрақ ретінде қолданады. Әмбебап қондырғыға ауылдастары қызығып-ақ отыр, деп хабарлады Хабар арнасы тілшісі.
Зейнеткердің үйінің табалдырығын аттағаннан байқағанымыз, барлық тұрмыстық зат автоматты түрде жұмыс істейді. Сағаттар сөйлеп тұрса, шапалақ ұрсаңыз болғаны жарық өздігінен жанады. Сырттағы желдің жылдамдығын хабарлап тұратын қондырғы да бар мұнда. Ал, үй астындағы жертөлеге кенеттен су кетсе, дабыл қағылады. Мұның бәрі шетелден келген заманауи технология емес, зейнеткердің қолынан шыққан қарапайым дүниелер. Баласымен бірге «ақылды» үй жасап шығарған. Қазір үйде тек зайыбы Татьяна Сидровна екеуі ғана тұрады. Отау тіккендеріне биыл 60 жыл болады.
Татьяна Ковалёва, Зейнеткер:
- Мен өзіме не керектігін оған айтамын, ол ерінбей-жалықпай жасап береді. Оның қолынан шыққан дүниелер маған қатты ұнайды, ол болмаса, жалғыз жасай алмаушы едім.
Коволёвтар отбасы үшін ең қастерлі дүние - Ұлы Отан соғысынан қалған «ГАЗ-ММ» автокөлігі. Айтуынша, бұл көлік Ленинград қоршауында қалғандарға азық-түлік тасыған көрінеді. Қаңқасы мен қозғалтқыш тетігі қалған машинаны көрші ауылдың тұрғынынан сатып алыпты. Қажетті жабдықтарын алып, бастан-аяқ қайта жинап шыққан. Қазір зырылдап тұр. Жеңіс күні ардагерлерді отырғызып, қаланы аралатады. Өзі арасында саяжайға барады. Виктор Пантелеевич бала жасынан шебер болған. Кез-келген материалдан түрлі заттар жасайтынмын, - дейді. 90-шы жылдары бұл өнері кәдеге асты. Темір қалдықтардан жел диірменін тұрғызып, одан электр қуатын өндіріпті.
Виктор Ковалёв, Зейнеткер:
- Диірмен тасы, қайрақ тас, егеу, не керек, барлығы бар, 12 вольтты энергия көзін де береді. Алдағы жоспарым, бау-бақша суару үшін, құдық қазып, оған су сорғыш орнату.
Жасы біразға келсе де қария бір тыным таппайды. Болашақта түрлі тың ойлары да бар. Ал, ауылдықтар шебердің қолынан шыққан дүниелерді қызықтаудан жалыққан емес.
Мәлімет көзі: baq.kz