ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ғылым саласына көп көңіл бөлініп, атқарылуға тиісті шаралар барынша пысықталған. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі осы деп білемін. Елбасы шетелдік компаниялармен бірлесіп, инжирингтік орталықтар құру турасындағы инновациялық идеясын алға тартты. Тіпті кей компаниялардың бұл қадамға баруына дайын екенін тілге тиек етті. Десе де шетелдік компаниялармен бірігу бүгінде оңай емес. Қазір өндірістің қожайыны шетелдің ірі компаниялары. Олар қазақстандық білікті мамандардың бар екенін біле тұра, сырт елден маман шақыруға әуес. Президент осы жолы оларға бірігіп жұмыс істеу керектігін қадап тұрып айтты. Өз басым осы Жолдаудың арқасында еліміздің ғылым саласында оңды өзгерістер орын алып, үлкен серпіліс пайда болатына сенімдімін.
Сонымен қатар Елбасы экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құрып, ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайыздық деңгейіне дейін жеткізуді атқарушы билікке тапсырды. Алдағы уақытта ғылымда «соавтор» болып жүрген емес, ғылымға шынайы берілген жандарға жағдай жасау керек деп есептеймін. Ғылымға жан-тәнімен берілген адам мемлекет ақшасын ұрламайды, ол қайта күні-түні ғылымды дамытумен айналысатын болады. Мемлекет қаржысы шынайы ғалымдардың қолына жетсе, ел экономикасының шоқтығы биіктей түсетіні анық. Ғылымға өмірін арнаған жандар әр салада бар. Бұл үшін біздер шын ғалымнан жалған ғалымды ажырата білуіміз керек. Тоқырау кезеңінде көп адам ғылыми дәрежеге оп-оңай ие болғаны жасырын емес. Сондықтан ғылымға үлес қосқан, жаңалықтары теория жүзінде дәлелденген, өз ісіне шын берілген мамандармен жұмыс істеуге мүмкіндік туғызатын кезең келді.
Өзім жұмыс істейтін Органикалық катализ және электрохимия институтында құрылғылардың бәрі ескірген. Соңғы жылдары ғана біраз жаңа құрылғылар сатып алынды. Президенттің Жолдауынан кейін бұл мәселе өз шешімін табатынына сенімдімін. Ғылымды дамыту үшін идеясы бар ғалым мен жақсы құрылғылар ауадай қажет. Қазіргі заманда ғылымның дамуына даңғыл жол ашқан ел жетістікке жететінін Ұлт Көшбасшысы Жолдауында қолмен қойғандай көрсетіп берді. Ендігі кезекте біздер сол бағытта еңбек етуіміз қажет.
Әбдуәли БАЕШОВ, Д.В. Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтының электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор.