Ғылыми жаңалықтар

Қой орнына Қоян өсірген Қыдыржан

17.01.2014

6806

«Болар бала бесіктен» – демекші, зерек жасөспірімнің қабілеті мектеп партасынан-ақ байқалатыны белгілі. Осындай ойлы баланың қатарына Жамбыл облысына қарасты Ақбұлым ауылындағы Баймырза Бесбаев орта мектебінің 4 сынып оқушысы Қыдыржан Лесбекті қосуға болады.

Бүгінде жас өрен қоян шаруашылығын зерттеумен айналысып жүр. Сынып жетекшісі Айбүбі Жұрынова: «Қадыржан математикадан мықты. Сондықтан, Қыдыржанды «профессор» деп атаймын» деді. Біз іздеп барған Қ.Лесбек қоянды зерттеуден бөлек энциклопедия жинаумен шұғылданады екен. Қазір оның қолында «Әлем кереметтері», «Менің алғашқы энциклопедиям», «Пирамидалар», «Көліктер», «Жануарлар, құстар, жәндіктер» атты он энциклапедия бар екен. Қоян жайлы айтқанда құлшынып кететінін байқадық. Жас зерттеушінің айтуынша, қоян еті адам ағзасына өте пайдалы. Оның еті және бүйрегі қан қысымына, жүрек ауруына, бүйрек ауруына, өт жолдарына өте пайдалы. Терісі киім, тымақ, түбіті орамал, шұлық болады. Қоянның құмалағының құрамында фосфор, кальций, калий, магний бар. Сондықтан гүл өсіретін жерге қоянның қиын сепсе, гүл өте жақсы өседі және ауруға шалдықпайды екен. Қыдыржанның айтуынша, үш аналық қоян асыраған үйдің табысы жаман болмайды. Бір қоян кемі жеті көжек көжектесе, төрт ай сайын дегеннің өзінде үш қоян бір жылда 63 көжекке көбейеді. Бір көжек үш келі ет берсе, барлығынан 189 келі ет жиналады. Келісі мың теңгеден болғанда, 189 мың теңге қаражат болады. Ал, тамағын тауып беруге онша шығын кетпейді. Мәселен, бір сиырға қыста 30 түк шөп жұмсалса, бір қоянды екі түк жоңышқамен суық күндерден алып шығуға болады. Біздің елде қоянның ангор, түбітті ангор, алып ақ қоян, сұр қоян, түбітті ақ қоян, құм қоян, ор қоян, қой қоян деген түрлері кездеседі. Мексикада вулкандық қоян, Оңтүстік Африкада өзара сөйлесетін қояндар өседі. Суда жүзетін қоян Америкада кездеседі. Әлемде «Суматря» қояны өте аз, тіпті, «Қызыл кітапқа» енгізілгенін де осы Қыдыржан айтып отыр.

Ал, Қ.Лесбек зерттеген жағдайларға сүйенсек, үй қояндары жабайы қояннан анағұрлым әлсіз келеді. Үй қоянының көжегі 8 күнде көзін әрең ашады, аналық қоянның алдында су құйылып тұрмаса, қатты шөлдесе көжегін жеп қояды екен. Үй көжегінің сүт тістері 20 күнде тұрақты тіске айналады. Жабайы қоянның көжегі жүнді болып туылып, туыла сала көзін ашады. Аналық көжекті бір емгеннен кейін өз күшімен қоректеніп кетуге бейім келеді. Қыдыржан байқаған тағы бір қызық, сиырдың бұзауы 45 күнде екі есе салмақ қосса, қоянның көжегі 6 күнде екі есе салмақ қосады екен. Қой қояны 15 келі ет береді. Біздің Таразда қоянның осы түрін асырап отырған тұрғындар бар көрінеді. Бұл дегеніңіз бір тоқтының салмағы емес пе? Сонда екі қой қоянның салмағы бір құнан қойыңыздың салмағынан асып жығылады екен. Міне, қызық. Қоянды зерттеп жүрген Қыдыржан атасы Лесбек екеуі үй қоянын асырайды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар