Ғылыми жаңалықтар

Алып 3D принтер үйді 24 сағатта жасайды

14.01.2014

3630

Өте жоғары жылдамдықпен құрылыс жұмыстарын жүргізетін құлтемір алдағы уақытта қолданысқа енеді.
Ғалымдардың сөзіне сенетін болсақ, жаңадан салынатын үйлердің құрылысы толығымен автоматтандырылады. Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Берок Хошневис тәулігіне 250 текше метр аумаққа бір жеке үй салуға шамасы жететін 3D принтерді жетілдірген.

Хошневистің өнертабысы бойынша алып құлтемірлер жақтауға бекітілген шүмек арқылы бетон қоспасы компьютерлік болжамға сай қабат-қабат болып жағылады. «Шын мәнісінде, бұл құрылыс саласына қажетті 3D принтердің аналогы», − деп түсіндіреді профессор.

Ғалымның жобасы Contour Crafting технологиясы негізіне құрылған. Жұмысшылар тек болашақ үйге сұлба бойынша рельсті және оған 3D принтердің конструкциясын орналастырған. Қалған жұмысты компьютер атқарады. Құлтемір рельс бойын жағалай отырып үйдің құрылысы біткенше қозғалып бетон қоспасын құяды. Ал құрылысшылар соңынан терезе мен есіктерді орналастырса болғаны.

Contour Crafting жүйесі үйге кететін шығын көлемін азайтып, жер сілкіну т.б. апатты жағдайларда жөндеу жұмыстарына да қолдануға болады деп сендіреді Хошневис.

Өнертапқыш сонымен қатар бұл жоба құрылыс саласындағы жұмыс орнын қысқартпайды, керісінше жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашатындығына кепілдік береді. Жұмысшылар құлтемірмен құрылыс жұмысына қатыса жүріп жоғары біліктілікке қол жеткізеді. Соғылған үйлер сапалы болып, құрылысқа кететін уақыт үнемделеді әрі энергоресурстар үнемделеді.

Профессор Ай мен Марста ең перспективасы жоғары салалар құрылысын жасауға болады деген сенімде. Аталған планеталарда Жердің базалары жаңа технологиялар негізінде толығымен 3D принтер көмегімен тұрғызылады. Олардың жұмыс істеуі үшін оттегі де қажет емес, өйткені олар кез келген төтенше жағдайларда, вакуумде, өте жоғары температурада да жұмысын тоқтатпайды. Бұл жүйені бүгінде зерттеушілер сынақтан өткізіп жатыр.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар