Қазақстан ғылымы

Ақтаулық ғалым күн энергиясымен теңіз суын тұщыландыру жүйесін жасап жатыр

29.05.2026

12

Yessenov University жас ғалымы, PhD докторы, «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі Дінмұхамбет Баимбетов «Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық тұрақтылықты және теңіз операцияларының тиімділігін арттыру үшін интеграцияланған энергия үнемдейтін технологияларды дамыту» атты ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Зерттеу жұмыстары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, теңіз суын тұщыландыру технологияларын жетілдіру, сондай-ақ энергетика секторын декарбонизациялау мәселелерін қамтиды.

Жас зерттеуші сутегі энергетикасы және энергетикалық трансформация технологиялары тақырыбы қызықтыратынын атап өтті. Ғылыми жұмыстар аясында сутегіні өндіру, сақтау және пайдалану жүйелері, сондай-ақ табиғи газ-сутегі қоспаларын энергетика және көлік секторларында қолдану мүмкіндіктері зерттеліп жатыр. Сонымен қатар газ-сутекті отындардың термодинамикалық сипаттамалары талданып, жану процестері модельденіп, олардың қоршаған ортаға әсері бағалануда.

Ғалымның тағы бір ғылыми бағыты – күн энергиясына негізделген, жылу сорғыларымен интеграцияланған теңіз суын тұщыландыру жүйелерін әзірлеу және модельдеу. Аталған зерттеу ғалымның жетекшілігімен «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылған АР19175769 «Қазақстанның оңтүстік-батыс өңірі жағдайында теңіз суын тұщыландыруға арналған күн энергиясымен жұмыс істейтін жылу сорғысы жүйесін модельдеу және әзірлеу» тақырыбы бойынша жүргізіледі. Зерттеу барысында күн дистилляторларындағы жылу және масса алмасу процестеріне термодинамикалық талдау жасалып, сандық модельдеу мен эксперименттік зерттеулер жүзеге асырылады.

Бұл ғылыми жұмыстар тұщыландыру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, энергия тұтынуын төмендетуге және технологияларды Маңғыстау өңірінің климаттық жағдайларына бейімдеуге бағытталған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар