Ғылыми жаңалықтар

Тәжіктер Жоғарғы аттестациялық комиссиясын құруға тәуекел етті

28.12.2013

4048

Тәжікстанның ізденушілері осыған дейін Ресейде ғылыми жұмыстарын қорғап келгені белгілі. Енді олар өз елінде ғылыми жұмыстарын қорғап, ғалым атану мүмкіндігіне ие болмақ. Таяуда ғана Тәжікстанның Білім және ғылым министрі Раджабали Сангов 2014 жылдан бастап ізденушілер өздерінің жұмыстарын ел аумағында қорғай бастайтынын алға тартты. Сондай-ақ, министр алдағы жылдан бастап ғылым саласына PhD жүйесін енгізетінін де жеткізді.

Ізденушілердің диссертациялық жұмыстарын қарап, оған баға беру үшін Жоғарғы аттестациялық комиссия жұмыс істеуі тиіс. Бұған дейін Тәжікстанда ғалымдардың жұмысын бағалайтын мекеме болмағандықтан, тәжік ізденушілері ғылыми жұмыстарын Ресейде қорғап келді. Жаңа өзгерісті жұртшылыққа жеткізген Раджабали Сангов Тәжікстанның Жоғарғы аттестациялық комиссия құруына Ресей ғалымдарының іс-әрекеті түрткі болғанын алға тартты.

– РФ Жоғарғы аттестациялық комиссия Тәжікстанның 38 диссертациялық кеңесінің жұмысына сын тезіне алып, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Ресей жағы диссертациялық кеңестердің талапқа сай емес екенін айтумен болды. Бұдан басқа Ресейде ғылыми жұмысын қорғауға ниеттенген аспиранттарымыз бен кандидаттарымыз да түрлі қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Осындай жайттарды ескере отырып, біздер өзіміздің Жоғарғы аттестациялық комиссиямызды құруды жөн деп шештік, – деді министр.

Тәжіктер Жоғарғы аттестациялық комиссияны құру мәселесін ұзақ жылдардан бері талқылап келе жатқаны белгілі. Тіпті, бұл Тәжікстанның білім саласына реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі десек те болады. Тәжік ғалымдарының көкейін тескен мәселе бүгін өз шешімін тапқандай... Алдағы уақытта құрылатын Жоғарғы аттестациялық комиссия Президент жанында жұмыс істемек. Мұндай іс-тәжірибе Кіндік Азияның өзге елдерінде кеңінен қолданысқа ие.

Осы ретте Тәжікстанда жаңа бастаманы қолдамайтындар да өз ойын айтып қалды. Олардың қатарында Тәжікстанға аты мәлім ғалым, экономика және геология ғылымдарының докторы Холназар Мухаббатов та бар. Ол өз елінде Жоғарғы аттестациялық комиссия құрылған жағдайда Ресейде ғылыми жұмыстарын қорғай алмаған «ғалымсымақтар» тамыр-таныстықты иек артып, ғалым атанып шыға келетіне алаңдайтынын ашып айтты. «Тамыр-таныстықпен қорғалған ғылыми жұмыс шынайы ғылымға ешқандай пайда әкелмейді» деді ғалым. Әріптесінің бұл ойын тарих ғылымдарының докторы, профессор Ибрагим Усманов та қолдады. Ол: «Мен елімізде жаңа жүйені құрудың қажеттілігін көріп тұрғаным жоқ. Егер ғылым мен еңбек нарығына есепке алсақ, Тәжікстанда дайындалған PhD мамандарына ТМД мен Орта Азия елдерінде ешқандай сұраныс жоқ», – деп кесіп айтты.

Өткен жылдың сәуір айында Ресейдің Жоғарғы аттестациялық комиссиясы Тәжікстан бойынша кандидат және доктор атануға ұмытлған ізденушілердің жұмысын қабылдауды үзілді-кесілді тоқтатқан болатын. Орыс ғалымдары тәжік ізденушілері ғылыми жұмыстарын Тәжікстан ғылым академиясы жанындағы арнайы институттарда қорғауы тиіс екенін айтқан-ды. Сондай-ақ, олар ғылыми жұмысты қорғау барысын бақылап отыру үшін тәжік билігінен ғылыми жұмыстың орыс тілінде жазылуын және қорғау барысында бейнебайланыс орнатуды талап еткен еді. Олардың талабын орынсыз санаған Тәжікстанның Білім және ғылым министрлігі өздерінің басыбайлы Жоғарғы аттестациялық комиссиясын құрып, мәселені түбегейлі шешуді жөн санағаны бүгінде мәлім болды.

Мәлімет көзі: lenta.ru/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар