Алматылық оқушы Дана Қадырбек атмосферадан су жинаудың инновациядық тәсілін ұсынып отыр, деп хабарлайды 24kz.
11-сыныпта оқитын Дана Қадырбек Оңтүстік Кореяда өткен әлемдік олимпиадада атмосферадағы ылғалды жинап, тіршілік нәріне айналдыратын құрылғысымен жеңіске жетті. Жас өнертапқыш 36 елден келген 2000 қатысушының арасынан топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Дананың құрылғысы сырттай қарағанда қарапайым қорап ішіндегі қорап сияқты көрінеді. Алайда құрылғының құпиясы – арнайы наноматериалда екен. Ол түнде ауадан ылғал тартып алып, ал күндіз күн қызған кезде таза су бөледі. Қазірдің өзінде шағын үлгісі тәулігіне жарты литр су шығарады. Алдағы уақытта Дана көлемін екі литрге жеткізуді жоспарлап отыр.
«Еліміздің өзге облыстарына саяхаттап шыққанда бос жатқан қуаң жерлерді көп көрдім. Әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы өте жоғары. Сондықтан осы мәселені шешуге көмектесетін құрылғы жасағым келді. Осыған ұқсас құрылғылар бар, бірақ олардың жұмыс істеу принципі басқаша. Олар электр қуатымен немесе механикалық әдіспен істейді, ал менің құрылғым ештеңе қажет етпейді», – дейді Дана Қадырбек.
16 жастағы Дананың өнертабысы әлемдік Өнертапқыш және креативті олимпиадасындағы қазылар алқасының назарын аударды. Бұл – бүкіл әлемнің инновацияларын таныстыратын ең ірі байқау. Сарапшылар тек ғылыми жаңашылдықты ғана емес, болашақта қолдану мүмкіндігін де бағалайды.
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/725383-almatylyk-okusy-atmosferadan-su-zinaudyn-zana-adisin-usyndy
Фото: 24.kz