Сан-Францискодағы Калифорния университетінің (UCSF) ғалымдары мидың қартаюына FTL1 атты ақуыз себеп болатынын және оның деңгейін төмендету жадының жоғалуын кері қайтара алатынын анықтады.
Тышқандарда осы ақуыздың шамадан тыс көп болуы жадының жоғалуына, ми байланыстарының әлсіреуіне және жасушалардың баяулауына себеп болған. Ал зерттеушілер оны бөгеген кезде жануарларда ми қызметі «жас күйіне» қайта оралып, есте сақтау қабілеті жақсарған. Бұл жаңалық ми қартаюының басты тетігі бір ғана ақуыз болуы мүмкін екенін көрсетеді. Болашақта оны нысанаға алу когнитивті құлдырауды тек баяулатумен шектелмей, қалпына келтіруге де мүмкіндік беруі ықтимал.
Қартаю ең алдымен есте сақтау мен оқуға жауап беретін ми бөлігі – гиппокампқа қатты әсер етеді. Енді Сан-Францискодағы Калифорния университетінің ғалымдары осы құлдыраудың ортасында тұрған ақуызды анықтады. Олар тышқандардағы гиппокамп гендері мен ақуыздарының уақыт өте қалай өзгеретінін зерттеп, жас және қарт жануарлар арасында айырмашылығы бар бір ғана ақуызды тапты. Ол FTL1 деп аталады.
Қарт тышқандарда FTL1 көбірек болып, гиппокамптағы ми жасушалары арасындағы байланыстар азайған және танымдық қабілеттері әлсіреген. Ғалымдар жас тышқандарда FTL1 деңгейін жасанды түрде көтергенде, олардың миы мен мінез-құлқы қарт тышқандарға ұқсай бастады.
Петри табақшасындағы тәжірибелерде FTL1-ді көп шығаруға бейімделген жүйке жасушалары әдеттегі тармақталған нейриттердің орнына қарапайым, бір тармақты нейриттер өсірген. Алайда ғалымдар қарт тышқандардың гиппокампындағы FTL1 мөлшерін азайтқанда, олардың миы қайта жасарғандай болды: жүйке жасушалары арасындағы байланыстар артты, ал тышқандар есте сақтау сынақтарында жақсырақ нәтиже көрсетті.
Қарт тышқандарда FTL1 ақуызы гиппокамп жасушаларындағы метаболизмді де баяулатқаны байқалды. Бірақ метаболизмді ынталандыратын қосылыс жасушаларға берілгенде, бұл әсерлерді болдырмады.
UCSF жанындағы Бакар қартаюды зерттеу институтының директорының орынбасары, мақала жетекшісі Сауль Вильеда бұл жұмыс мидағы FTL1 әсерін бөгейтін жаңа терапияларға жол ашуы мүмкін деп үміттенеді.
«Біз қартаюдың ең ауыр салдарын жеңілдетуге бұрынғыдан да көбірек мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қартаю биологиясымен айналысу үшін үмітті кезең туып тұр», – деді ол.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2025/08/250820000808.htm
Фото: Istock