Қазақстанда ғалымдар тобы ірі қара малдағы лейкоз вирусын анағұрлым дәл анықтауға арналған жаңа тест жасап шықты. Ол түрлі өңірлерде вирус генотиптерінің таралуын қадағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу Veterinary World журналында жарық көрді.
Ірі қара малдағы лейкоз вирусы (BLV — Bovine Leukemia Virus) мал шаруашылығына үлкен экономикалық шығын келтіреді. Антиденелерге жасалатын әдеттегі тестер жануардың вирусқа беретін иммундық жауабын ғана анықтайды, бірақ вирустық генетикалық материалды көрсетпейді. Әсіресе, инфекцияны ерте кезеңінде немесе ана антиденелері бар бұзауларда анықтау қиынға соғады.
Зерттеудің мақсаты – вирустың генетикалық материалын анықтай алатын әрі талдаудың дұрыстығын тексеру үшін жануардың қалыпты генін пайдаланатын дәл және сезімтал тест әзірлеу болды.
Ғалымдар Қазақстанның алты өңірінен үш жастан асқан сиырлардан 1680 ДНҚ үлгісін жинады. Олар әзірлеген жаңа ПТР-негізіндегі тест лейкоз вирусының генін де, сонымен қатар талдаудың дұрыс жүргізілгенін тексеру үшін сиырдың қалыпты генін де бір уақытта анықтайды. Тест жоғары сезімталдық пен сенімділік көрсетті: ол вирустың ДНҚ мөлшері өте аз болған жағдайда, яғни, бір үлгіде вирус генінің небәрі 20 көшірмесі болғанда да вирусты анықтай алады. Вирустың нақты нұсқасын анықтау үшін оң нәтижелер қосымша зерттелді. Кейін ғалымдар табылған барлық нұсқаны өзара салыстырып, қай генотиптер бір-біріне жақын екенін және олар өңірлер бойынша қалай таралатынын талдады.
Зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанның алты өңіріндегі сиырлардың лейкоз вирусын жұқтыру деңгейі 38,9%-ды құрады. Павлодарда бұл көрсеткіш 13% болса, Шығыс Қазақстанда – 60,5%-ға жетті. Мұқият зерттелген 149 оң үлгінің ішінен ғалымдар вирустың төрт нұсқасын (G1, G4, G7 және G8) анықтады. Олардың ішінде G4 генотипі ең кең таралған болып шықты (79,2%) және барлық өңірде кездесті.
Ғалымдар алған деректер вируспен күреске арналған ұлттық бағдарламалардың негізіне айналып, оның таралуын көрсететін ғаламдық картаны жасауға көмектеседі.
Дереккөз: https://vetandlife.ru/livestock/kazahstanskie-uchenye-razrabotali-novyj-metod-diagnostiki-virusa-lejkoza-u-korov/
Фото: Istock