Әлемдегі ғылым

Алмаздың көмегімен қатерлі ісікті анықтаудың жолы табылды

20.08.2025

525

Уорик университетінің (Ұлыбритания) ғалымдары ағзадағы магнитті сұйықтықтың қозғалысын бақылау арқылы қатерлі ісіктің метастаздарын анықтауға мүмкіндік беретін алмаз негізіндегі жаңа датчик әзірледі. Зерттеу Physical Review Applied (PRA) журналында жарияланды.

Ісік жасушалары лимфа жүйесі арқылы басқа мүшелерге таралуы мүмкін. Лимфа түйіндерінің зақымданғанын анықтау үшін дәрігерлер арнайы тестер қолданады — дәл осы тестер емнің әрі қарайғы тактикасын айқындайды. Қазіргі кезде метастаздарды іздеу үшін радиоактивті маркерлер немесе көк бояғыштар пайдаланылады. Алайда екі әдістің де кемшіліктері бар: радиофармпрепараттар барлық клиникада бірдей қолжетімді емес, ал бояғыш шамамен науқастардың бір пайызында аллергиялық реакция туғызады.

Британдық физиктер жасаған жаңа құрылғы шағын, портативті әрі қауіпсіз. Ол алмаздың бірегей қасиеттеріне негізделген: NV-орталықтар (азот атомы мен вакансиясы бар тор дефектері) кристалға магнит өрісінің ең аз өзгерістерін де ұстап қалуға мүмкіндік береді. Сенсор ісікке енгізілетін темір тотығының нанобөлшектері бар магнитті сұйықтыққа әрекет етеді. Сұйықтықтың қозғалысын бақылау арқылы қай лимфа түйіндері зақымданғанын анықтап, операция кезінде оларды дәлірек алып тастауға болады.

«Біз сенсордың бас бөлігін 10 мм-ге дейін кішірейте алдық — бұл эндоскопия мен лапароскопияда қолдануға жеткілікті дәрежеде шағын алғашқы алмазды құрылғы», — деді зерттеудің жетекші авторы Алекс Ньюман.

Құрылғының ықшам болуы көлемі небәрі 0,5 мм³ болатын микроскопиялық алмазды және зондтың ұшына бекітілген шағын тұрақты магнитті пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі. Соның арқасында құрылғыға көлемді электронды жүйе қажет емес.
Дәрігерлердің өздер  жаңа құрылғының әлеуетіне баға берді. 

«Мен сүт безі қатерлі ісігін емдеуде магниттік навигацияны үнемі қолданамын — ол дәстүрлі әдістерге қарағанда артықшылықтар береді. Сондықтан Уорик университетімен ынтымақтастық пен магниттік технологияларды жетілдіру жұмыстары аса маңызды», — деді Ковентри мен Уорик ауруханасының хирургі Стюарт Робертсон.

Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, болашақта сенсорды өкпе, бауыр, ішек және өңеш ісіктерін анықтауға да қолдануға болады.

Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/08/19/26527496.shtml?updated
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар