Қазақстан ғылымы

Ақмая қонысында археологиялық зерттеулер жанданды

20.08.2025

548

Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ҚР ҒЖБМ ҒК BR24992951 «Сарыарқаның археологиялық мұрасы (тас дәуірінен ортағасырға дейін)» ғылыми жобасы аясында далалық археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Экспедиция жетекшісі – PhD доктор, Тас дәуірі және ерте металл археология бөлімінің жетекшісі Ержанова Альбина Ергешбайқызы. 

Далалық жұмыстар Қарағанды облысы Шет ауданы Қызылтау ауылының оңтүстік-батысында 25 км жерде, Ақмая тауының солтүстік етегіндегі бұлақ басында орналасқан қола дәуірінің Ақмая металлургиялық қонысында ұйымдастырылды.

Далалық зерттеу жұмыстарының барысында шаруашылық мақсатта салынған ғимараттардың қалдықтары, мыс балқытатын пеш, мыс кенін ұнтақтап, үгітетін тас құралдар, тастан жасалған төстер, геометриялық өрнектермен безендірілген қыш ыдыстардың сынықтары және жануар сүйектері табылды. 
Ақмая қонысында алғаш қазба жұмыстарын 1985 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) жүргізген еді. 

Археологиялық зерттеу нәтижелері Ақмая қонысы тұрғындары негізінен мыс балқытып, одан қару-жарақ, түрлі саймандар жасауды кәсіп еткендігін, сонымен бірге егін егіп, мал бағып, аң аулағанын көрсетеді. Жинастырылған деректерге қарағанда Ақмая қонысында адамдар б.з.д. XIV-XIII ғасырларда өмір сүрген.

Дереккөз: https://archeo.kz/kk/ekspedicii/ola-duiri-kenshilerini-amaya-onysynda-arheologiyal/
Фото: Archeo.kz
«« | »»
Соңғы жаңалықтар