Әлемдегі ғылым

Адамның жасанды ДНҚ-сын жасау жұмысы басталды

27.06.2025

236



Кембриджде (Ұлыбритания) ғылым тарихында бұрын-соңды болмаған жоба басталды. Ғалымдар адам ДНҚ-сының құрылымдық компоненттерін басынан бастап құрастырмақ. 

Бұл саладағы кез келген зерттеулерге бүгінге дейін қатаң тыйым салынған еді. Себебі адам геномын өңдеу ақырында, былайша айтқанда, алдын ала бағдарламаланған қасиеттері бар «дизайнерлік балаларды» жасауға немесе болашақта күтпеген, қайтарымсыз және жағымсыз өзгерістерге алып келуі мүмкін деген қауіп болды. 

Десе де бұл жобаны әлемдегі ең ірі медициналық қайырымдылық ұйымы – британиялық Wellcome Trust қолға алып, жобаны бастауға 10 миллион фунт стерлинг (шамамен 13,7 миллион доллар) бөлген. Ұйымның айтуынша, бұл жұмыстың әлеуеті әлдеқайда жоғары, өйткені ол қазіргі таңда емі жоқ бірқатар генетикалық ауруларға қарсы дәрілерді табуды айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. 

Жоба жетекшілерінің бірі, Кембридждегі MRC молекулалық биология зертханасының өкілі Джулиан Сейлдің айтуынша, бұл зерттеу биология саласындағы кезекті үлкен қадам болады және ғылымды жаңа деңгейге көтереді. 

Алайда бұл жобаға наразы адамдар Кембридж ғалымдарының жұмысы генетикалық тұрғыдан мінсіз адамды жасауды көздейтін арам пиғылды зерттеушілерге жол ашып беруі мүмкін деп қауіптенеді. 

«Әрине, барлық ғалымдар тек ізгі ниетпен жұмыс істейді деп ойлаған жақсы. Бірақ ғылымды зиян келтіру, залал жасау немесе соғыс жүргізу мақсатында да пайдалануға болады», – дейді Beyond GM бастамашыл тобының жетекшісі Пэт Томас. 

Дереккөз: https://www.bbc.com/russian/articles/c939k2v1501o

Фото: dnk-test.com.ua
«« | »»
Соңғы жаңалықтар