Әлемдегі ғылым

АҚШ-ТА ҒАЛЫМДАР РАК ЖАСУШАЛАРЫН ӨЛТІРЕТІН ЗАТТЫ СИНТЕЗДЕДІ

25.06.2025

334



АҚШ-тағы Пенсильвания университетінің ғалымдары, әсіресе, көне қабірлерде кездесетін уытты Aspergillus flavus саңырауқұлағынан қатерлі ісік (рак) жасушаларын жоятын қосылыс синтездеді. Бұл туралы оқу орнының сайтында хабарланды. 

Мамандардың айтуынша, 1970-жылдары Польша королі Казимир IV-тің қабірін ашу кезінде саңырауқұлақтан бөлінген уытты заттар ондаған ғалымның өліміне себеп болған. 

«Ежелгі қабірлерді қазу кезіндегі адам өлімімен байланыстырылатын уытты Aspergillus flavus саңырауқұлағынан жаңа молекулалар класын бөліп алғаннан кейін, зерттеушілер бұл химиялық заттарды түрлендіріп, оларды қан рагы жасушаларына қарсы сынақтан өткізді. Нәтиже қандай? Қатерлі ісікті жоятын келешегі зор қосылыс пайда болды», – делінген университеттің ресми порталындағы мақалада. 

Асперигимицин деп аталған бұл қосылыс рибосомалық жолмен синтезделіп, кейін посттрансляциялық модификацияға ұшырайтын пептидтер (RiPP) класына жататыны атап өтілген. Ол жасушаның рибосомасында түзіліп, кейіннен қатерлі ісікке қарсы қасиеттерін күшейту үшін модификацияланады. Сонымен қатар, ғалымдардың айтуынша, модификациядан өтпеген асперигимициндердің өзі қан рагы жасушаларына қарсы тиімділік танытқан. 

Тәжірибелер барысында ғалымдар алынған қосылыстың, болжам бойынша, қатерлі ісік жасушаларының бөліну процесін бұзатынын анықтаған. Алайда бұл қосылыс тек кейбір ісік түрлеріне ғана қарсы тиімді болып шықты. Ол бауыр, сүт безі және өкпе қатерлі ісігі жасушаларына әсер етпегені атап көрсетілген. 

Ғалымдардың айтуынша, ендігі кезекте бұл қосылыстың негізінде жасалған препаратты жануарларға сынап көру жоспарланып отыр. Егер бұл сынақ сәтті өтсе, мамандар адамдарға арналған клиникалық сынақтарға көшпек.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар