Қазақстан ғылымы

Түркістан облысы жағдайында cтевия көшеттерін көбейтуді культивациялау

25.06.2025

341



«INNOVTECHPRODUCT» ЖШС зерттеушілері Түркістан облысының климаттық жағдайына қарай стевия өсімдігінің жоғары өнімді сорттарын өсіру және оның негізінде стевиозидтің табиғи диеталық қоспасын алу технологияларын дайындап жатыр.  

Емдік-профилактикалық қасиеттерге ие құнды дәрілік өсімдіктердің ішінде стевияға қызығушылық жоғары. Стевияның бірегей қасиеттерге ие болуының себебі – оның құрамында кәдімгі қанттан 300 есе тәтті және мүлде калориясыз деуге болатын дитерпенді гликозидтер кешені бар. Сондықтан стевия қант диабетімен ауыратын адамдар үшін қантты алмастырғыш ретінде үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл қант диабетінің алдын алу және емдеу мәселесінің өзекті екенін көрсетеді. Стевияны тұтынудың тәуліктік мөлшері дене салмағының әр килограмына 4-5 мг-нан келеді. Орта есеппен бұл бір адамға тәулігіне шамамен алты грамм құрғақ стевия жапырағына тең. Мұндай мөлшердегі шөптің тәттілігі 200-250 грамм қантпен тең және адамның қантқа деген қажеттілігін толық өтей алады. 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқу-тәжірибе алаңында стевия өсімдігінің Қазақстанның оңтүстігіндегі топырақ-климаттық жағдайларға бейімделу деңгейін анықтау бойынша зерттеулер жүргізілді.
Зерттеулердің жаңалығы – реттелетін жағдайлар мен ашық жерлердің үйлесімі стевия өсімдіктерін жыл бойы культивациялауға және тұрақсыз құрғақшылық аймағында олардың жоғары өнімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Стевияны егістік дақылдарының түрлік құрамына енгізу биологиялық егіншіліктің тиімділігін арттыруға, стевияны өсіру және өңдеу бойынша шағын кәсіпорындар ашу арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге, сондай-ақ өңір халқының денсаулығын жақсартуға жол ашады.
Түркістан облысының жағдайында Stevia rebaudiana тропикалық өсімдігінің онтогенезіне тән биоэкологиялық ерекшеліктер алғаш рет зерттелді. Өсімдіктің гүлдену динамикасындағы тәуліктік және маусымдық заңдылықтар анықталды, сондай-ақ интродукциялық жағдайда да гүлдерінің протерандриялық және ксеногамдық тозаңдану қабілетін сақтап, тұқым түзілуінің тұрақтылығын қамтамасыз ететіні расталды. 

2022-2024 жылдар аралығында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бұл көпжылдық өсімдіктің интродукциялық жағдайда сәтті бейімделгені анықталды. Сонымен қатар осы өңірдің ерекшеліктеріне сәйкес тұқым себу уақыты мен суару тәртібіне қатысты ұсыныстардың тиімділігі де расталды. 

Енгізу дәрежесі – зерттеу нәтижелері Қазақстанның оңтүстік аудандарында Stevia rebaudiana-ны өсіру практикасына, сондай-ақ дәстүрлі емес өсімдіктердің гүлдену биологиясы және тұқым өнімділігі бойынша арнайы курстар шеңберінде ЖОО-да биолог-эколог мамандарды даярлау процесінде пайдалану үшін ұсынылды. 

Ғылыми-зерттеу жұмысы: «Түркістан облысы жағдайында стевиозидтің табиғи диеталық қоспасын алу арқылы стевия өсімдігін көбейту»
Ғылыми жетекші: Шапалов Ш.К., PhD докторы

«« | »»
Соңғы жаңалықтар