Әлемдегі ғылым

Үлкен жыландар болған кезде

29.04.2024

749



Үндістанда Гуджарат штатында орналасқан көмір шахтасында алып жыланның қалдықтары табылды. 

Үндістанда қазба жұмыстарынан табылған жылан Vasuki indicus-тың ұзындығы 15 метрге жетуі мүмкін деген болжам бар. Ол 47 миллион жыл бұрын өмір сүрген.  

Ғалымдар жануардың табылған бірнеше омыртқаларын қалпына келтіре алды.  Алынған мәліметтер жыланның ұзындығы 15 метрге, ал салмағы тоннаға жетуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл параметрлер барлық кезеңдегі ең ұзын жылан атағын алуға мүмкіндік береді.  

Ұзындығы 6 см-ге дейін және ені 11 см-ге дейін жететін жалпы саны 27 омыртқа табылған. Оның бас сүйегі табылған жоқ. Үндістанның Рурки технологиялық институтының зерттеушілері бастапқыда қалдықтар жойылып кеткен қолтырауынға тиесілі деп ойлағанын айтады. Қалдықтарға қарағанда, жыланның денесі кең және цилиндр тәрізді ені шамамен 44 сантиметр болған.  

Үнді ғалымдары ежелгі бауырымен жорғалаушы Vasuki indicus үлкен питонға ұқсаған және улы болмаған деп есептейді.  Бұл түрдің жыландары 66 миллион жыл бұрын динозаврлар дәуірі аяқталғаннан кейін басталған кайнозой дәуірінде өмір сүрген.  

Vasuki қалдықтарының жанынан қолтырауындардың, тасбақалардың және қарабайыр киттердің Kutchicetus пен Andrewsiphius қалдықтары табылды. Ғалымдар бұл жануарлар осы ірі жыландардың жемтігі болды деп болжайды. 

Табылған осы қазбалар африкалық және азиялық мадцоид жыландардың көптеген түрлерінің осы үнділік жыланнан шығуы мүмкін екенін көрсетеді. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар