Ғылыми жаңалықтар

ЕҰУ-де «Стартап – 2014» форумы өтті

20.03.2014

4867

Қазақстанның даму стратегиясының маңызды бағдарламаларының бірі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау және ғылым мен өндіріс байланысын орнату болып табылады. Бұл орайда ҚР Президенті Н.А.Назарбаев: «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жақсы айтып кеткен болатын.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2014 жылы 18 наурыз күні Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы, Астана қаласы әкімдігі, Қазақстан кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен шағын және орта кәсіпкерлер мен инновациялық жоба авторларына арналған «Стартап – 2014» форумы өтті. Тұсаукесер барысында арнайы мамандар мемлекеттік қолдау формалары туралы, жеңілдікпен несиелендірудің түрлері мен шарттары туралы, субсидиялау мен қаржылай және қаржылай емес көмектердің мүмкіндіктері туралы, өз кәсіпорындарының дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жаңа өнімдері туралы толық айтып берді, кеңестер өткізді және олардың қызметтері туралы қажетті барлық ақпараттарды кез келген уақытта қай жерден және қалай алуға болатындығын түсіндірді. – Бүгінгі форумның басты ерекшелігі – қазақстандық ғалымдардың дәрі-дәрмек, энергия үнемдеу және биотехнология, энергетика саласындағы бәсекелестікке арналған ғылыми жобаларының өндіріске енгізілуі және ғалымдардың инвесторлармен бетпе-бет жүздесіп, келісімге келуі, - дейді КАЗКА басқарма кеңесінің төрағасы Жұмабек Жанықұлов. – Сондықтан да форумның жұмысында ғалымдарға қолдау білдіріп, кәсіпкерлерге қызмет көрсетіп, кеңес беруге ерекше назар аударылды.

Әсіресе жағдайы жақсарған кәсіпкерлердің «Стартап бизнесіне арналған даму стратегиясын жасау және тәуекелдікті басқару», «Стресс-менеджмент: сезімді басқару өнері», «Бизнес процесстерді оңтайландыру», «Қызметкерлерді стратегиялық басқару», «Қаржыны басқару. Есеп және бюджеттендіру», «Бизнесті жүргізудің құқықтық мәселелері», «Маркетингті басқару. Сатуды басқару және сату техникасы» және басқа да тақырыптарға өткізген мастер-класстары мен эксперттер мен тәжірибелі кәсіпқой мамандардың тренингтері форумға қатысушыларға өте пайдалы болды.

Бұдан басқа, «Астана» атриумында « Business to Business » (B2B) іскерлік кездесулерін ұйымдастыру сессиясы өткізілді. Аталмыш сессияның мақсаты – шағын және орта бизнес басшыларының қызу сөйлесулерін жорамалдайтын және оның соңы ғалымдар арасындағы тікелей қатынас нәтижесінде келісімдерге алып келетін екіжақты кездесулерді өткізу үшін қолайлы жағдай жасау-тұғын. Солай етіп, кәсіпкерлер бір күннің ішінде өздерінің қызметтері туралы айтып берді, сондай-ақ, кәсіптестері мен ғалымдардан қажетті іскерлік кездесулер мен пайдалы ақпараттарды алды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы Әубәкір Дәуренбек пен Рахмадиева Сұлукеннің айтуынша, осындай іс-шаралар Қазақстан ғалымдары үшін өте маңызды, өйткені мұндай іскерлік кездесулер ғылымның дамуына оң ықпал етеді, сондай-ақ ғалымдар үшін өздерінің жобалары туралы айтуға, өздеріне ұзақ мерзімді серіктестер табуға, қаржы институттарының өкілдерінен бағалы ақыл-кеңестер алуға бірегей мүмкіндіктер жасайды. Тұсаукесер шарада Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары дәрі-дәрмек, биология, ІТ, экология, энергетика, туризм, биоэнергетика бойынша 11 инновациялық жоба ұсынды.

Форумға Астана мен еліміздің барлық аймақтарынан мыңнан аса кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме басшылары, ғалымдар, ұлттық компания, даму институттары, инвестор және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Источник: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар