Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ғылым күніне орай «Қазақ ғылымы және «Мәңгілік Ел» тақырыбында мерзімді баспасөз өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Бүгінгі бас қосуымызда ғалымдар қазақ ғылымындағы тарих ғылымының дамуын талқылады. Қазақстан ғылымы мен еліміздің стратегиялық даму бағдарламаларындағы орны мен ерекшелігіне тоқталды. Келелі кеңеске Институт қызметкерлері мен мерзімді баспасөз өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корресподент-мүшесі Ханкелді Әбжанов: – Жер бетінде адам баласы пайда болғанына кем дегенде 2,5 млн жыл өтіпті. Неолиттен беріде ғана (б.з.д. 5 мың жыл) адам тұтынушыдан өндірушіге айналды. Неолиттік революцияны даярлаған да, жүзеге асырған да адамға ғана тән қасиет – ақыл-ой, тіл, интеллектуалдық ізденіс. Интеллектуалдық танымның ең құдіреттісі, ең дәлі, табиғатты, қоғамды, адамды өзгертудегі ең пәрмендісі – ғылым. Шет жағасын көріп те отырмыз. Құдайдан кейінгі құдірет ғылым десек, меніңше, еш қателеспейміз. Әлемді өзгертуге келгенде ғылыммен тайталасатын, бәсекелесетін, ғылымға тең келетін, ғылымнан асып түсетін не бар десек, ол – дүлей табиғат құбылысы ғана. Ғылымға берілген анықтама көп. 1918 жылы жарияланған «Ғылым» атты мақаласынды М. Әуезов: «Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) әр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан – осы ғылымдар», - деп жазыпты. «Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген – бұл күнде өмірдің төрінде». Демек, Қазақстандағы ғылымтанудың ұлттық үлгісі ХХ ғасыр басында қалыптасқан. Болашақта әлемдік дамыған елдердің қатарына кіру отандық ғылымсыз еш мүмкін емес. Қазақстаннның болашағы – ғылымда.
Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Зәуре Ноғаева: – Біз бүгінгі жаһандану заманында әлемдік және отандық ғылымның қазіргі заманғы даму жағдайы мен үрдістеріне талдау жасалып, сол ғылымы дамыған елдерден үлгі ала отырып, отандық тарих ғылымын дәстүрлі ұлттық құндылықтарды кіріктіре отырып жазуымыз керек. Бүгінгі ғылым мен білімнің дамуындағы әлеуметтік (жалпы әлемдік және ұлтаралық) факторлар, қазіргі заманғы өркениеттің жалпы жағдайының қарама-қайшылығы, адамзаттың бүкіл өміріндегі бірігулердің артуы, интеграциялық факторлардың ғылым мен білім беру жүйесіне ықпалы, «білім берудегі жаһандандыру» термині, отандық білім мен ғылымның дамуының мәселелері ескерілуі тиіс. Отандық ғалымдар білім берудегі әлемдік үрдістерге де, сондай-ақ біздің республика үшін өзекті проблемаларды ғылыми ұғынуға үлес қосады.
Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Айжамал Құдайбергенова: – Биылғы ғылым күнін атап өту – қазақстандық тарихи демография ғылымының дамуын негіздеушілердің бірі – академик М.Х. Асылбековтың 85 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Тарихи демографияның бүгіні мен болашағы туралы айтатын болсақ, Мәлік ағамыз тарихи демография саласына дамытудағы қызметімен байланыстыруға әбден болады. Кеңестік дәуірде бұл ғылымның зерттеу ауқымы шектеулі болды, тек тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап Қазақстан тарихи демографиясы ғылым ретінде қалыптасып арнайы зерттеле бастады. Тарихи демография тақырыбымен кеңес дәуірінде белгілі тарихшылар. Б.Сүлейменов, П.Г.Галузо, Н.Е.Бекмаханова, Н.В.Алексеенко, М.А. Асылбеков, В.В. Козинаның еңбектерін көрсетуге болады. Қазіргі кезеңдегі индустриалдық және ауыл шаруашылығының кластерлі дамуының адам ресурсымен байланысын зерттеу де тарихи демографияның зерттеу нысандарының бірі. Мамандардың кәсіби құрамындағы, біліми деңгейдегі өзгерістерді көрсете отырып, оның әлеуметтік процестермен байланысты динамикасын анықтау, мамандар мен оларды даярлауды қажеттілікке негізделген сұраныспен байланыстыру мәселесіне көңіл бөлу және т.б. мәселелерді қамтиды. Тарихи демография және тарихи география саласын біріктіруге де болады. Себебі территория мәселесі ең алдымен тарихи демографиямен байланысты.
Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Қайдар Алдажұманов: – Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы ашаршылық трагедиясы отандық тарих ғылымындағы аса маңызды мәселелер қатарына жатады. Кейінгі кезде көп айтылатын тарихи тақырыптың бірі Қазақстандағы 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық тарихы, өзара ерекшелігі мен ұқсастықтарына тоқталуды жөн көрдім. Кеңестік кезеңде қазақстандық ғалымдардың ашаршылыққа байланысты атқарған істері айтылмайтын еді, себебі айтпаса түсінікті жағдай. Ал объективтік қатынастар тұрғысынан қарасақ, кеңестік билік 1921-1922 жылдары ашаршылық себептерін де, зардаптарын да жасырған жоқ. Қайта ішкі ресурстарды пайдаланып, оның келтірген зиянын жұмсарту шараларын кеңінен іске асырумен қатар, ашаршылыққа ұшыраған кеңестік Ресей халықтарына жәрдем беру туралы сол 1921 жылы халықаралық қауымдастыққа үндеу салды. 1931-1933 жылдардағы жағдайды қарастыратын болсақ тіптен сорақы болды. Мұндай жағдай 1931-1933 жылдары негізінен тек қазақ шаруаларының, қазақ тұрғындарының басына түсті. Өкінішке орай 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық кезінде БК(б)П мен Кеңес үкіметі 1921-1922 жылғы нәубет қиындықтарынан сабақ алмады. 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы екі ашаршылықтың салыстырмалы сипаты мен ерекшеліктері осындай.
Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Қанат Өскенбай: – Қазіргі кездегі ордатану Қазақстан зерттеулеріндегі ықпалдастыру тәжірибелері тақырыбы өте күрделі. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда тарихы көптеген онжылдықтар және жүзжылдықтар бойы әлемнің, көптеген елдер ғалымдарының назарын аударып келеді. Қазіргі таңда бұл мемелекеттің тарихын зерттеуге барлық ғалымдардың күшін біріктіру үшін шынайы мүмкіндіктер туды. Аталмыш тақырыпты тереңірек зерттеуге Қазақстан мен Татарстан ғалымдары үлкен үлес қосуда. Ресейде Алтын Орда тарихын зерттеудегі Татарстанның ғылыми мектебі ең мықты орталық. Қазіргі Татарстанның жошытану тарихнамасы жаңа зерттеулермен, мақалалармен толықты. Сондай-ақ қазақстандық тарихшылар, шығыстанушылар, археологтар да алтынордалық кезеңдегі Қазақстан тарихы мен Евразия тарихын зерттеуді одан әрі жалғастырып келеді. Татарстан мен Қазақстанда Алтын Орда тарихы бойынша зерттеулер тақырыбының кеңейтілуі тығыз ғылыми байланыстардың орнауына, зерттеулердің ықпалдастық жолын қарастыруға мүмкіндік ашты. Осыған орай Алтын Орда тарихын зерттеудегі қазақстандық-татарстандық ынтымақтастық өзінің алғашқы ғылыми нәтижелерін беруде. ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атsylf5s Тарих және этнология институты мен ТР ҒА Тарих институты арасында бірлескен ғылыми-баспагерлік қызмет туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңдағы Қазақстан мен Татарстан ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің нәтижесінде Алтын Орда тарихын зерттеудегі келешек тек жаңа, беймәлім құжаттарды іздеу мен оларды ғылыми айналымға енгізу арқылы ғана табысқа әкелетіндігін көрсетіп отыр. Сондықтан ғылыми ізденістердегі ілгерілеуге, тек тар шеңбердегі ұлттық аумақта қалып қоймай, халықаралық ықпалдастықтар нәтижесінде ғана қол жеткізуге болатындығына сенімдіміз.
Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Серік Әжіғали: – Қазақстандағы тарих ғылымының стратегиялық дамуы бағдарламасында этнология дара қоғамдық-гуманитарлық пән. Этно-этнографиялық зерттеулерсіз тарихты кешенді зерттеулер жүргізу мүмкін емес. Этнографиялық зерттеулер негізінде мәдениет және этнос генезисі заңдылықтарын анықтаудағы маңыздылығы зор, ауқымы кең. Этнографиялық зерттеулер нәтижесі ұлтымыздың ішкі дәстүрлі мәдениетін тек зерттеумен ғана шектелмей оны идеологиялық құрал ретінде сыртқы байланыстарда да еліміздің бай мәдениетін насихаттай отырып пайдалануда ұтарымыз көп.
Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Қайрат Әлімғазинов: – Қазіргі кезде ғылыми қауымдастық ортасындағы кең көлемде талқыланатын мәселенің бірі – нарықтық экономика тұсындағы ғылыми зерттеулердің соңғы қорытынды нәтижелерінің құны қандай? Тарихта жаңа ашулар қанша тұрады? Отандық гуманитарлық ғылым үшін интеллектуалдық қызметтің қорытындысы, адами капиталдың қалыптасуы, жаңа экономиканың тірегі ретінде ғылымның жаңаруы, яғни экономикалық білім әлі де болса Terra Incognita. Бүгінгі объективті бақталастық жағдайында мемлекет қайда, қандай бағытқа қаржы бөліп отыр, оның құны қандай? Ғалым еңбектерінің сілтемелік көрсеткіштерінің өлшемін анықтау, ғылыми зерттеулерінің нәтижесі жоғары импакт-факторлы журналдарда жариялануына талаптың қойылуы да осыған әкеле жатқан жоқ па. Бүгінгі таңда мемлекет өзі адами капиталды қалыптастыруға бастама тастап отырғанда шамамыз жететін «гуманитарлық үлес» қосып қана қоймай, жеке сектор жағынан гуманитарлық ғылымға инвестиция әкеле алатын бірыңғай әдістемелік тізбелер звеносын қалыптастыру қажет. Бұл мәселені шешу, тікелей ғылыми білімді коммерцияландыру, ғылыми зерттеулердің нәтижесін экономикалық айналымға енгізу, ХХІ ғ. экономикасының үдемелі дамуының тепе-теңдік негізін анықтайтын зияткерлік меншік туралы ұғымды (интеллектуальная собственность) қалыптастыру қажет. Зияткерлік меншікті қорғауға Зияткерлік меншіктіңәлемдік ұйымы (WIPO) шеңберінде қол жеткізе аламыз. Бұл жерде гуманитарлық ғылымдағы зияткерлік қызмет нәтижесін коммерцияландырудың бірнеше жолы бар. Бірақ тарихтағы ҒЗЖ экономикалық тиімділігінің көрнектілігін көрсететін бір мысалмен ғана шектелейік. Музей топтамасы, ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштер, сәулет, өнер ескерткіштері экономикалық қатынастар үдерісіне тартылған мәдени мұраның бөлігі ретінде тарихи-мәдени құндылық және де нақтылы нарықтық құны анықталған тарихи мүлік болып табылады. Бірақ өкінішке орай осы мәселелерді шешетін нақтылы жүйеге келтірілген әдістер жоқтың қасы. Көп жағдайда құндық бағасы экономикалық сараптама бойынша анықталады да, тарихи мүліктің құндылығы ескерілмейді.
Дөңгелек үстелдің бас тақырыбы – Қазақстан ғылымының бүгіні мен ертеңі алаңдайтын мәселе. Ұрпақ тәрбиесі тікелей ғылым мен білімге байланысты. Ондағы оң өзгерістердің қоғамға тигізер пайдасы зор. Елімізде ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін отандық тарих ғылымын тереңдете отырып оқыту қажет. «Өткеніңе қарап, ертеңіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Еліміздегі ғылымның әлеуетін арттыру, көкжиегін кеңейту үшін билік пен ғылыми орта тиімді мәмілеге келіп, ортақ шешімге тұрақтауы ғана біздің кешегі кеңес заманында кенжелеп қалған тұстарымыз қайта қалпына келтіре отырып жандандыру үшін тигізер септігі зор деген сенімдеміз.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің
Аға лаборанты
Үкібаева Лазат Қойшыбекқызы



 4464 |