Айтулы шара

26.02.2014 Қазақ ғылымының өрісі кеңейе түсті

Қазақ ғылымының өрісі кеңейе түсті

Бүгін Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми журналдарға ғылыми мақала жариялауын арттыру және отандық ғылыми журналдарды халықаралық ғылыми мәліметтер базасына енгізу мәселесі бойынша «Қазақстандық ғылыми журналдардың халықаралық ақпарат ресурстарына шығу мәселелері және оны шешудің жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Басқосуда «ҰҒТАО» АҚ-ы дүниежүзіндегі ең ірі Scopus бірыңғай рефераттық мәліметтер қоры мен ScienceDirect базасын пайдаланудың  мүмкіндін арттыру үшін Elsevier B.V. компаниясымен арнайы келісімге қол қойғанына куә болдық.

Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова, Еlsevier компаниясының төрағасы Йонгсук Чи, «ҰҒТАО» АҚ Президенті Әділ Ибраев, ЖОО ректорлары мен еліміздегі ғылыми журналдарды шығаратын ғалымдар қатысты. Айтуылы шараны Ұлттық ғылым академиясының президенті академик Мұрат Жұрынов жүргізгенін айта кетуіміз керек. Дөңгелек үстел барысында бірінші болып сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова бұл келісімнің Қазақстан ғылымы үшін маңызы зор екенін алға тартты.

 

 

 

– Үш жыл бұрын Қазақстанда «Ғылым туралы» Заңға түрлі өзгерістер енгізілгеннен кейін ғылымға бөлінетін қаржы артып, сала қарқынды даму жолына түскені белгілі. Үш жыл деген көп уақыт емес. Бірақ осы уақыт аралығында ғылымды ілгерілету жолында көптеген жұмыстар атқарылғанын мойындауымыз керек. Бір ғана жаңадан енгізілген гранттық қаржыландыру жүйесі шынайы ғылымның алға басуына мейлінше жағдай жасағанын барлықтарыңыз білесіздер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде қолға алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі отандық эконмиканы дамытуға бағытталуы керектігін қадап тұрып айтты. Қазіргі таңда бұл бағытта жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Мемлекет ғалымдардың Thomson Reuters және Elsevier, Springer сынды ғаламдық ғылыми мәліметтер базасын еркін пайдаланып, мәні зор ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге барынша жағадай жасап отыр. Бұл ғылымға жасалған үлкен қамқорлық. Бүгінгі «ҰҒТАО» АҚ мен Elsevier компаниясының арасындағы келісім осыған дейінгі атқарылған жұмыстардың жалғасы деп түсінген жөн, – деді Л.Құсайынова.

Elsevier компаниясының төрағасы Йонгсук Чи ғылыми баспа жұмыстарын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинаған халықаралық деңгейдегі кәсіпкер. Ол өзін ғылымды интеграциялауда әлемнің көптеген елдерінің ресми орындарымен сәтті келіссөздер жүргізген білікті басшы ретінде танытқан. Дөңгелек үстел барысында сөз алған Йонгсук Чи мырза

– Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысқаным үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Осы атаулы салтанатты іс-шараға қатысуға шақырған «ҰҒТАО» АҚ Президенті Әділ Ибраев мырзаға және ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне, сонымен қатар басқосудың модераторы профессор Мұрат Жұрыновқа құрметім шексіз. Өзара әріптестікке жол ашып, ынтымақтастығымызды нығайтуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергендеріңізге рахмет. Әлемдік кеңістікте Қазақстанмен ғылыми-зерттеу саласы бойынша ортақ мүдде үдесінде жұмыс істейтіндіге сенмдімін. Қазақстанның әлем тарихында өзіндік орыны бар кермет мемлекет. Ежелгі замандардан бері мемлекеттілігін сақтап нығайтқан Қазақстан қазір тарихтағы өзгерістерге тез бейімделетін инновациялық елге айналып отыр. ДНҚ мәліметтерін зерттеу барысында адамзат осыдан 5000 жыл бұрын Қазақ жерінде алғаш жылқыны қолға үйретіп, ерттеп мінгендігі дәлелденді.  Міне сол инновацияның бүгінгі жалғасы – жебе тұқымына жататын қазақ жылқысы өзінің шыдамдылығымен даңққа бөленіп келеді. Өткен ХХ ғасырда отандастарыңыз танымал геолог Қаныш Сәтпаев әлемдегі алғашқы металлогендік картаның авторы атанды. Ол карта бүгінге дейін геологтардың маңызды құралы болып саналады, – деп Лондоннан арнай келген қонақ көкейге түйген ойын ортаға салды.

«ҰҒТАО» АҚ мен Elsevier B.V. компаниясы арасындағы келісім Қазақстан ғалымдардың, білім беру ұйымдарының және ғылыми қауымдастықтардың Elsevier компаниясының бірегей электронды ақпараттық ресурстарын пайдалануға кеңінен жол ашады. Сондай-ақ, еліміздегі ғылыми-техникалық салаға қызмет көрсету жүйесін дамытып, экономиканың өркендеуіне барынша ықпал ететін даусыз. Алқалы басқосуда қазақстандық ғалымдар мен шетелдік мамандар отандық ғылыми журналдардың халықаралық мәліметтер базасына ену мәселесін бірлесіп талқылады.  2012 жылы «ҰҒТАО» АҚ-ы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Elsevier B.V.  компаниясымен келісімге келіп, еліміздегі ғылыми мекемелердің Science Direct ғылыми мәлімет қорындағы толық мәтінде ғылыми жұмыстарды пайдалану мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Бүгінгі шара сол жұмыстардың жүйелі жалғасы болып саналады.
Elsevier – дүниежүзі бойынша ғылым, білім және медицина саласы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарды жинақтап, инновациялық шешімдер мен дайын өнімді ұсынып келе жатқан баспа. Сондықтан аталған компанияның ғылыми баспа индустриясында алатын орны ерекше. Ғылыми-техникалық және медицина саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген ғалымдар Elsevier компаниясының ғылыми мәліметтер қорынан қажетті материалын толықтай табады. Бүгінде Elsevier баспасының портфолиосында 500 журнал, 11 000 онлайн-кітап, SciVerse ScienceDirect, SciVerse Scopus, Reaxys, Emabse, Engineering Village сынды мәліметтер базасы топтастырылған. Ал Elsevier компаниясының құрамындағы SciVal ғылыми-зерттеу қызметі ғылыми жұмыстарды талдаудың, бағалаудың және инновациялық шешімдер қабылдаудың жүйесін қалыптастырып келеді. Бір ғана SciVerse Scopus мәлімет қоры әлемдегі 5000 баспа орталықтары шығаратын 21 000 ғылыми-техникалық және медициналық журналдардың атауларын  индекстейді.

Өз кезегінде М.Жұрынов мырза «ҰҒТАО» АҚ мен Elsevier компаниясының арасындағы жаңа келісім Қазақстанда жарық көретін ғылыми журналдардың Scopus мәліметтер қорының қатарына қосылып, қазақ ғылымның әріптестік деңгейі жаңа деңгейге жететінін алға тартты. Өз кезегінде сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми мамандарды даярлау сапасын бағалау жөніндегі басқарма басшысы Қарлығаш Сәкенова қазіргі таңда ғылым саласы да жан-жақты дамып, түрлі стандарттарға ие болып жатқанын алға тартты.
– Қазақстан ғылымы бәсекеге қабілетті болуы үшін біздер еліміздегі ғылыми журналдардың мүмкіндігін кеңейтуіміз керек. Бұл ретте қазақстандық ғылыми басылмдардың халықаралық мәлеметтері қорына енуін қамтамасыз етудің мәні зор. Бізді бүгінгі дөңгелек үстелде осы мәселені жан-жақты талқылауға жиналып отырмыз. Соңғы жылдары Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бірқатар іс-шараларды қолға алып, оң нәтижеге қол жеткізді. Соңғы екі жылда қазақ ғалымдары Батыс елдеріндегі ғылыми ортада танымал журналдарға мақала жариялап, өздерінің мүмкіндіктерін көрсете бастады. Осылайша қазақ ғылымы ғаламдық ғылыми-интеграцияның айырылмас бөлшегіне айналды. Алдағы уақытта біздер бұл бағыттағы жұмыстарды барынша дамытуымыз қажет. Бұдан басқа қазақстандық ғылыми журналдардың әлемдік мәліметтері қорына еніп, импакт-факторлық көрсеткішке ие болуының маңызы зор деп есептеймін, – деді басқарма басшысы. Бұдан кейін сөз алған «ҰҒТАО» АҚ Президенті Әділ Ибраев Қазақстанда мойындалған халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау отандық ғалымдар арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғанын жеткізді.

– Біздің орталық 2008 жылдан бері қазақстандық ғалымдардың рейтингісі жоғары халықаралық ғылыми журналдарға шыққан мақалаларына библиометриялық сараптама жүргізіп, ғылымның қай бағытта дами бастағанына көз жеткізіп келеміз. Рейтингтік сараптамада ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми басылымдарға жариялаған мақалаларының саны, оған жасалған сілтемелер мен ғылыми журналдардың импакт-факторлық көрсеткіштері негізінде түзілгенін айта кетуіміз керек. Ең бастысы мәліметтер базасына қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын жариялап, әлемдік ғылымның даму көшіне ілесуде. Атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтижесін бере бастады. Библиометриялық сараптаманың арқасында болашақта ғылымның қай салаларын дамыту керектігін бағамдап үлгердік. Өзге елдермен арадағы байланысты кеңейту бағытындағы жұмыстар қолға алынғалы бері Web of Science базалық мәлімет қорында 2010-2012 жылдары Қазақстан ғалымдары мен мамандарының 1375 ғылыми мақалалары жарық көрсе, 480 мақала жоғары бағаланып, өзге елдердің ғалымдары оларға 2706 рет сілтеме жасаған. Осыдан-ақ әлемдік ғылыми қоғамдастықтың Қазақстан ғалымына деген қызығушылығы жоғары екенін байқаймыз. Әдетте Қазақстанда физика, химия және математика саласы жоғарғы деңгейде дамығанын бәріміз білеміз. Өзге елдің ғалымдары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған қазақстандық әріптестерінің мақалаларын оқып, жоғарыда атап өткен салалар елімізде расыменде жоғары екеніне көз жеткізген, – деп «ҰҒТАО» АҚ Презиеденті қазақстандық ғалымдардың ғылыми журналдарға мақала жариялауын оң бағалады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында Қазақстан ғаламдық технологиялық революцияның белсенді қатысушысына айналуы керектігін ескерткен болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізуіміз үшін еліміздің интеллектуалдық әлеуетін ұлттық деңгейде жандандырып, инновациялық серпіліс туғызуымыз қажет. Алдағы уақытта «ҰҒТАО» АҚ-ы Қазақстанның теңдесі жоқ ғылыми-ақпараттық қорын құрып, айқындалған мақсат-міндеттерді кезең-кезеңімен іске асырып, Қазақстанның ақпараттық-технологиялық саясатын қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.

Нұрлан ЖҰМАХАН

2879
Қатысушылар
Қатысу