Халықаралық конференциялар

Селекциялық жұмыс – серпінді дамуға жетелейді

13.08.2014

13779

Ата кәсібіміз мал шаруашылығын ел экономикасына еселеп пайда келтіретін сала. Әдетте мал шаруашылығы жайында сөз қозғағанда ет пен сүттен әріге аспай қалатынымыз жасырын емес. Кеңес заманында мал шаруашылығы жеңіл өнеркәсіп пен халық шаруашылығының дамуына барынша дем бергенін білеміз. Сондықтан мал шаруашылығын кешенді түрде дамытудың мәні зор. Бұл үшін мал басын өсіріп, сапасын арттыру қажет. Кезінде Қазақстанда 38 млн. қой болды. Осындай жоғары межеге қалай қол жеткіздік? Осы сауалға жауап іздегенімізде Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директоры Серік Оспанов бұған ғылымның арқасында қол жеткізгенімізді айтты.

Киелі шаңырақ
Қазақстанда әр саланы ғылыми тұрғыдан дамыту үшін арнайы ғылыми-зерттеу институттар жұмыс істейді. Қазақ топырағында құрылған алғашқы ғылыми-зерттеу институты ата кәсібіміз мал шаруашылығына тікелей байланысты болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 1933 жылы Алматы облысындағы Қастек аймақтық қой шаруашылығы тәжірибе станциясы ретінде құрылған Қазақтың алғашқы ғылыми мекемесі шаңырақ көтеріп, жұмысын бастады. Бүгінде киелі шаңырақтың тоқтаусыз жұмыс істеп, мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына 80 жылдан асып отыр. Мекеме басшысы Серік Оспанов институттың өткен тарихы жайында қысшақа былайша әңгімелеп берді:
– Қазақ даласында біздің институт құрылмағанға дейін еліміздегі қойлардың 95-98 пайызы етті-майлы қылшық жүнді бағытта болды. Кеңестер Одағында жеңіл өнеркәсіптің қарқынды даму Қазақстанда биязы жүнді қойлардың жаңа түрлерін шығаруына ықпал етті. Осыдан кейін ғалымдар бұл іске бел буып, білек сыбана кірісті. Қазақтың қой шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан академик В.А. Бальмонт жан-жақты селекциялық жұмыстарды жүргізіп,алғаш рет Қазақтың биязы жүнді меринос қойынының жаңа тұқымын өмірге әкелді. Селекциялық жұмыстарды жүргізу барысында Австралиядан арнайы қошқарлар әкелініп, оны жергілікті қылшық жүнді саулықтармен шағылыстырып, биязы жүнді меринос қойы өмірге келген болатын. Ұсақ малдың жаңа тұқымы жергілікті жердің табиғаты мен жайылымына бейімділігімен ерекшеленді. Осылайша жаңа селекция қазақтың етті-майлы қылшықты қойларының жоғары өнімділігін толықтай қабылдады деп айтуымызға толық негіз бар. Бұл біздің институттың алғашқы жемісі болатын. Бұдан кейін институт алдында кең байтақ қазақ жерінің әр аймағына бейімделген асыл тұқымды қойлардың түрін шығару міндеті тұрды. Қой шаруашылығын ғылыми бағытта дамыту ісі қолға алынғалы бері елімізде асыл тұқымды 12 қой түрі шықты. Соның тоғызына біздің институт ғылымдарның селекциялық жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізгенін айта кетуіміз керек. Қой мүмкіндігінше қысы-жазы жайылуға бейім мал. Оның үстінде Қазақстандан 180 млн. гектар жайылымдық жер бар. Бұл қой шаруашылығын дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Шаруалар үшін жайылымдық жерді пайдалану арзан, әрі тиімді. Өндірген өнімнің өзіндік құны айтарлықтай төмен болуына мүмкіндік туғызады, – деп Серік Рәпілбекұлы көкейге түйген ойын ортаға салды. Білікті маманның әңгімесін тыңдағанымызда қой шаруашылығын дамытуда Қазақстан дүниежүзі бойынша алдыңға қатарда екенін түсіндік. Өз кезегінде институт директоры 1976 жылы майталман ғалымдар Қилыбай Медеубеков пен Еламановтың қажырлы еңбегінің арқасында Солтүстік Қазақстан мироносы шығарғанын алға тартты. Биязы жүнді қойдың бұл түрі солтүстіктің қатал табиғатына барынша бейімделуімен ерекшеленген. Ал еліміздің оңтүстігі үшін ыстық пен шөлейт аймақтарға бейім, таулы жерде еркін жайылатын қой түрі қажет болды. Дереу селекциялық жұмыстарды қолға алған инстиут ғалымдары Оңтүстік Қазақстан мироносын шығарған. Кезінде бұл қойдың жалпы саны 1,5 млн. басқа дейін жетіп жығылған көпшілікке мәлім. Жоғары жақ етті бағыттағы қойдың жаңа тұқымын шығару туралы тапсырма бергенде де, бұл міндетті институт ғалымдары зор абыроймен орындап шықты. Ғалымдар ағылшынның ромни-марш деген тұқымының қошқарларымен жергілікті саулықтарды шағылыстырып, өсімтал етті бағыттағы қойдың жаңа түрі өмірге келді. Бұлардың өсімтал болғаны соншалықты малшылар 100 саулықтан 160-180 қозыға дейін алған кездері болған. Осы аралықта институт ғалымдары Батыс Қазақстанда Ақжайық деп аталатын жартылай биязы жүнді қойы өмірге әкелді. Төрт түліктің бұл түрі ет пен жүнді мол беретінімен ерекшеленді.

Етті қой елдің еңсесін көтереді
Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты тәуелсіздік жылдары да еліміздегі қой тұқымын асылдандыруға өзіндік үлесін қосты. Биязы жүнді қой тұқымының арасынан біраз малды сұрыптап алып 2011 жылы Алматы облысында етті мироностың жаңа түрін шығарды. Селекциялық жұмыс 1980 жылдары басталған еді. Өйткені, қойдың жаңа бір тұқымын шығару үшін 20-30 жыл уақыт қажет. Жаңа етті бағыттағы қойдың негізгі ерекшелігі – салмағы өте жоғары, еті тығыз болып келеді. Әдетті ірі саналатын саулықтардың тірі салмағы 60 келі болса, жаңа етті бағыттағы миронос қойы сауылығының тірідей салмайы 70-75 келі болады. Бүгінде Қазақстан Кедендік одақ бойынша әріптестеріне ірі көлемде ет экспортын ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны белгілі. Жаңа қой тұқым осы міндетті іске асыруға септесетіні анық. Қой шаруашылығының өткені тарихы мен келешегі жайында кеңінен толғаған Серік Рәпілбекұлы тоқырау жылдары көпшілік қауым асыл тұқымды малының санын айтарлықтай кемітіп алғанын алға тартты.
– Тоқырау кезінде ұсақ мал валюта міндетін атқарған кезді де көзіміз көрді. Осы уақыт аралығында институт мамандары еліміздегі асыл тұқымды мал басының мүлде жойылып кетпеуіне жол берген жоқ. Бүгінде Қазақстан әлемге астық экспорттайтын ел ретінде танылып отыр ғой. Таяу болашақта біздер ет экспортымен де атымыз шығатына сенімдімін. Еліміздегі ірі шаруашылықтар мал басын асылдандырып, ұдайы селекциялық жұмыстарды жүргізіп тұрудың маңызы зор екенін түсініп келеді. Біздің институтқа кең байтақ Қазақстанның барлық облыстарынан шаруалар арнайы келіп, бірлесіп жұмыс істеуге уағадаластық жасап жатыр. Соңғы уақыттар қарапайым халықтың қолында майлы қылшық жүнді қойлардың саны арта түскен. Барлық майды құйрығына жинайтын мұндай қойлардың етіне әлемдік нарықта сұраныс төмен. Қайта бойына ет пен майды бір қалыпты жинайтын меринос қойлардың етіне деген сұраныс жоғары. Мұндай етті мраморлы ет деп әсепттейтіні белгілі. Ғалымдарымыздың жаңадан шығарған етті миронос қойы осы талапқа толықтай сай келеді. Қазіргі таңда қойдың бұл түрін Алматы облысының шаруашылықтарына кеңінен таралу үстінде. Айталық, Жетісудың белді шаруашылықтар – Ескелді, Сарыбұлақ шаруақожалықтары осы қойлардың санын көбейтіп, қызығын көре бастады. Қазіргі таңда біздің ғалымдар биязы жүнді қойдың жаңа түрін шығаруға күш жұмсап жатыр. Қойдың бұл түрі отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосатына сенімдімін, – деді. Алматыдан елу шақырым қашықтықта орын тепкен ғылыми мекеменің жұмысымен танысқанымызда, көңіліміз марқайып қалғанын жасырмаймыз. Институт жанындағы шаруашылыққа барып, асыл тұқымды бірнеше қойлардың тұқымын өз көзімізбен көрдік. Селекциялық жұмыстармен қызу айналысып жатқанын ғалымдар асыл тұқымды қошқарларын белді шаруашылықтар 300-400 мың теңгеге аттай қалып сатып алып та жатқанын алға тартты. Бұдан басқа инстиуттың қой жүнінің бязылығы мен жіңішкелігіне сараптама жасайтын зертханасы да заман талабына сай жаңартылғанын өз көзімізбен көрдік. Мұнда шаруалар арнайы келіп мемлекеттің жүнге бөлген субсидиясына ие болу үшін жүндерін сараптамадан өткізетінін зертхана жетекшісі Ғалия Қалыбаева хабардар етті. Күйек кезінде институтта жұмыс істейтін алпысқа жуық ғалымның басым бөлігі еліміздің әр аймағындағы қойларды ұрықтандыруға белсене кіріседі екен. Осылайша шаруашылықтар мен ғылымыи мекеме арасында тығыз қарым-қатынас орнағанынан көзіміз жете түсті.

Нұрлан ЖҰМАХАН


«« | »»
Соңғы жаңалықтар