EXPO-2017

ЭКСПО нысандары көрмеден кейін де пайдаланылатын болады

01.10.2014

8624

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары толық қарқынмен жүргізіліп жатыр. Көрме кешені Есілдің сол жағалауында 170 га астам аумақта орналаспақ.
Негізгі құрылыс жұмыстары 2015-2016 жж жүргізіледі, ал 2017 жылдан бастап көрмеге қатысушы мемлекеттер павильондарды дайындау үшін Астанаға келеді. ЭКСПО көрмесіне келушілердің назарын аударатын қызықты жобалардың бірі жаңа ойын сауық кешені болмақ. Онда балаларға арналған аттракциондар паркі, 14 залдық кинотеатр, мейрамхана галереялары мен мұз айдыны орналасады.
Қазіргі кезде ЭКСПО нысандарын салумен қатар, оларды көрмеден кейін пайдалану мәселесі де өзекті болып отыр.
"Негізінде көрме өткеннен кейін ғимараттар туристік нысан, мәдени алмастыру орталықтары, ғылыми-зерттеу базалары, кеңсе және іскерлік орталықтары, жайлылығы жоғары тұрғын үй кешендері, демалыс және ойын-сауық нысандары ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, көп жағдайда көрме нысандарына деген сұраныс төмен болады. Кейбіреулері қаңырап бос қалады. Осы жобаларды көрмеден кейін де сәтті жүзеге асыру үшін нақты ойластырылған стратегия қажет, көрме мұрасын материалдық, мәдени, технологиялық, коммуникациялық, ақпараттық және басқа да аспектілердің үйлесімі ретінде кешенді түрде қарастыру керек", - деді «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талгат Ермегияев хабарлады.
Оның айтуынша, ғылыми және мәдени нысандарды біріктіріп, тұрғын үй кешендерімен және сауда және бизнес орталықтарымен қоршалған қалалық аудан қалыптасатын болады. "Осыған байланысты қазірдің өзінде павильондарды жоспарлау сатысында көрме аяқталғаннан соң объектілерді тиімді пайдалану үшін қабаттар арасындағы монтаждау жұмыстарының мүмкіндіктері ескеріліп жатыр. Жобалау барысында кейіннен қайта жасақталатын сантехникалық тораптар, баспалдақ-сатылар, ғимараттарды арасынан бөлу мүмкіндіктері қамтылады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың көрмеден кейінгі алаңдарға сұраныстары бойынша ұсыныстар да қаралады. Тұтастай алғанда, біз көрмеге салынған нысандардың әрбір шаршысын тиімді пайдалану мәселесін жан-жақты ойланатын боламыз", - деді ол.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар