EXPO-2017

ЭКСПО туы қолымызда

13.06.2014

7130

Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірі – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін ұйымдастырудың 160 жылдан астам тарихында Орталық Азия аймағы, тіпті, ТМД елдерінің ешқайсысында да халықаралық көрме туы желбіреп көрген емес. Кеше Париж қаласында Қазақстанның бас қаласы Астана – ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесінің астанасы ретінде ресми және түпкілікті түрде танылып, Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының туы Қазақстанға салтанатты түрде табыс етілді. Өркениет шоғырында шоқтығы биік Қазақстанның және елордамыз Астананың халықаралық сахнадағы мерейі тағы да шарықтады.
Кеше, яғни, 11 маусымда Парижде Халық­аралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155-ші сессиясы өз жұмысын бастаған еді. Қалыптасқан дәстүр бойынша осы сессия­да «Астана-ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көр­месін ресми түрде тану және Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының туын 2017 жылы осы жаһандық шараны өткізетін ел – Қазақстанға салтанатты түрде тапсыру шарасы болып өтті. Сөйтіп, Батыс пен Шы­ғыс өркениетін жалғастырған алтын көпір атан­ған ару Астанада Халықаралық көрмелер бюросының туы желбірейтін болды.

Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассам­блеясының 155-сессиясының жұмы­сына еліміздің Сыртқы істер министрі Ер­лан Ыдырысов бастаған қазақстандық ау­қым­ды делегация қатысты. Делегация құра­мында ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесінің комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев, «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев және еліміздегі әлемдік көрмені өткізуге жауапты Үкіметтің лауазымды тұлғалары қатысты. Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының сессиясына осы ұйымға мүше 160 мемлекеттің делегациялары түгелдей дер­лік келді.

Халықаралық көрмелер бюросы Бас ас­самблеясының 155-сессиясында алғашқы болып Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, сессияға қатысушыларға арналған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Бас хатшы мырза!

Құрметті Ассамблеяға қатысушылар!

Қазақстан Республикасы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырыл­ған көр­месін өткізу құрметіне ие болды.

Көрме ТМД кеңістігінде бірінші рет өткізіледі және әлемдік энергетика сала­сын­дағы талқылаулар мен инновацияларды таныс­тыруға арналған алаңға айналатын болады.

Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 балама энергия көздерін әзірлеуге және пайда­лануға айтарлықтай үлес қосуға шақы­ратыны, үздік әлемдік технологияларды та­ныс­тыруға мүмкіндік беретіні және энерге­тикалық тиімді бағдарламаларды ілгерілетуге жәрдем көрсететіні сөзсіз.

Біз бірге неғұрлым экологиялық және қауіп­сіз қоршаған орта құру жолында жаңа шешімдер іздеу үшін бүкіләлемдік қоғам­дастықтың күш-жігерін жұмылдыратын боламыз.

Біздің таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзат үшін аса өзекті болып табылады. Қазақстан – жасыл экономиканы енгізудің белсенді жақтаушысы.

Осыған орай, біз 2012 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму жөніндегі конференциясымен мақұлданған ХХІ ға­сыр­дағы Жаһандық энергия-экологиялық орнықты даму стратегиясын және «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ұсындық.

Астанадағы Көрме жарқын халықаралық оқиғалардың бірі болатынына, балама және жаңартылатын энергия көздерін одан әрі қолдануға және дамытуға серпін беретініне сенімдімін.

Біз ЭКСПО-2017-ні ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Барлық қатысушыларға табысты жұмыс пен жетістіктер тілеймін!» деп атап көрсетілген Елбасы құттықтауында.

Сессия жұмысының барысында «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі ресми түрде танылды. Осыған байланысты, Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының президенті Фердинанд Наги мен Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстан Республикасы делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа ХКБ туын салтанатты түрде табыс етті.

Халықаралық көрмелер бюросының 155-сессиясы аясында «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев Францияның бірнеше компанияларының басшыларымен кездесті. Францияның ұлттық компаниялары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің дайындығы мен өткізу жұмыстарына атсалысуға ынталылық танытып отыр. Кездесуде «Morpho» компаниясының Орталық Азия бойынша коммерциялық директоры Франсуа Ротенбургердің айтуынша, бұл компания халықаралық көрме кезінде қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша сапалы қызмет көрсетуге мүдделі. «Morpho» компаниясы бұл салаға маманданған, оның жаһандық шаралар кезінде қызмет көрсету жөніндегі тәжірибесі үлкен. Мәселен, Лондон Олимпиадасы кезінде қауіпсіздікті осы компания қамтамасыз еткен болатын. Кездесуде, сонымен бірге, газ, энергетика, инженерлік-коммуналдық жүйелер, ауызсумен қамту, тұрмыстық қалдықтарды игеру және басқа салалар бойынша маманданған компаниялардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізілді.

Халықаралық көрмелер бюросының 155-сес­сия­сының жұмысы ашылар қарсаңда G-Global және ЭКСПО-2017 жобаларын әлемге насихаттау мақсатымен саяхаттап жүрген қазақстандық «Керуен» мотошеруіне қатысушылар Парижге келіп жетті. VII Астана экономикалық форумы өтіп жатқанда елордадан шыққан қазақстандық байкерлер тобы 8000 шақырымға жуық жол жүріп, еліміз ЭКСПО-2017 туын ресми түрде қабылдайтын уақытта Франция астанасына келді.

Қазақстандық алты байкер елімізден шығып, Ресей, Финляндия, Дания, Норвегия, Швеция, Германия, Бельгия жерлерінен өткен. Олар жол бойы кездескен жұртты еліміздің тарихымен, мәдениетімен таныстырып, экономикалық жетістіктеріміз бен ірі жобаларымызды насихаттады.

Мотошеру – «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы, «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, Сыртқы істер министрлігі, Қазақ географиялық қоғамы және «Ромпетрол» кәсіпорны бірлесіп қолға алған жоба. Астана экономикалық форумы кезінде басталған саяхат ЭКСПO-2017 туы Қазақстанға тапсырылатын уақытта Парижде болса, шілденің 6-сы – Астана күні елге оралмақ. Оған дейін Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Грузия және Ресей аумағындағы 10 мың шақырымдық жол бар.

– Біздіңше, мотоциклмен саяхаттауда көш­пен­ділердің рухы бар. Өйткені, заман, техника өзгер­генімен, рух қалады. Сондықтан біз жылына бір рет саяхат ұйымдастырып тұрамыз. Бұған дейін Орталық Азия елдеріне саяхат жасадық. Ол кезде адамның аяғы тимеген табиғи-тарихи орындарды араласақ, бұл жолы басты тақырыбымыз – хай-тек. Ең ауқымды саяхатымыз – осы, – дейді тәжірибелі байкер әрі музыкант Диаз Байсейітов.

Сөйтіп, Париж қаласында ХКБ Бас ассамблеясының 155-сессиясының жұмысы барысында «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі ресми түрде танылып, Қазақстанға көрме туы табыс етілді. Енді елордамызда өтетін жаһандық көрмеге халықаралық қатысушыларды тарту және «Астана-ЭКСПО-2017»-ні жаһандық ауқымда насихаттау шаралары барынша белсенді жүргізілетін болады. Астана қаласы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу орталығы ретіндегі өз жұмысын заңды түрде бастады. Іске сәт!

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар