EXPO-2017

Әлемнің жетекші университеттерінің қазақ тіліндегі тегін онлайн курстарының тұсауы кесілді

21.10.2015

8301

Алматыда Халықаралық ақпараттар технологиясы университетінде әлемнің жетекші университеттерінің студенттерге және өз бетімен білім алушыларға арналған қазақ тіліндегі тегін онлайн курстарының тұсауы кесілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды білім беру жобасының басты мақсаты - жоғары деңгейдегі халықаралық білім көздеріне қазақстандық студенттер мен өз бетімен білімін жетілдіргісі келетіндердің қолын жеткізу. Әзірге, «Coursera» интернет-порталында қазақ тілінде бес пән іске қосылған. Олар www.coursera.org сайтында онлайн-режімінде қолжетімді болып отыр.

«Біз бұл курстарды, яғни пәндерді қазақ тіліне аударуды осыдан бір жарым жыл бұрын бастаған едік. Жұмыс өте күрделі болды. Ағылшын тіліндегі дәрістерді қазақ тіліне сапалы аудару оңай емес екеніне көзіміз жетті. Пәндерді аударып болған соң, оларды «Coursera» ресурсына жүктеп, іске қостық. Осылайша, жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндігі болмаған жандарға қазақ тілінде онлайн режімі арқылы сапалы білім алуға мүмкіндік туды», - деді жобаға қаржылай қолдау көрсеткен ұйым - «Кcell» компаниясының корпоративтік байланыстар бойынша директоры Наталья Еськова.

Айта кеткен жөн, таңдап алынған курстар Қазақстан университеттеріндегі стандартты оқу бағдарламасына кірмейді.

Дегенмен, қазақстандық тыңдаушылар осы пәндер арқылы алған білімдері мен идеяларын келешекте өздерінің сартаптық жобаларына тиімді пайдалана алады, дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен, әзірге көпшілік үшін АҚШ-тың Батыс резервтік университетінің ғылым докторы Ричард Боятис жүргізетін «Шабыт беретін көшбасшылық және эмоциялық интеллект» курсы және Канаданың Торонто университетінің профессорлары Джэннифер Кэмпбел мен Пол Грис оқытатын «Бағдарламалауды үйрен: бағдарлама жасауды білмейтіндерге арналған негізгі білім» пәндері қолжетімді. Ал АҚШ-тың Пенсильвания университетінің профессоры Кевин Вербахтың «Геймификация», яғни «Ойындар теориясын бизнесте қолдану» курсы алдағы қараша айынан бастап ашылады. «Желілер: достар, ақша және байттар» (АҚШ-тың Принстон университетінің профессоры Мунг Чанг жүргізеді) және «Электрондық медиа және мобильдік қосымшаларға арналған креативтік бағдарламалау» (Лондон университетінің ғылым докторлары жүргізеді) курстарының ашылу уақыты алдағы айларда белгілі болады.

Курстардың ұзақтығы үш аптадан он бес айға дейін созылады. Білім беру үдерісінде дәрістер, үй тапсырмаларын орындау, тестілерден өту және емтихандар тапсыру жұмыстары қамтылған.

Автор: Жаппарберген Айбота

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар