«Талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды». Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Түркістандағы отырысында айтқан бұл сөзі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы талдамалық зерттеулердің маңыздылығы мен өзектілігін нақтылай түсті. Бұл әсіресе ғылыми салаға қатысты болмақ.
Ғылым саласы бойынша еліміз қай деңгейде және отандық ғылымның нақты әлеуеті қандай? Бұл сұрақтарға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы ғылыми-техникалық ақпарат орталығы дайындаған 2023 жылғы қыркүйектегі «2020-2022 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы ғылымның жағдайы мен даму бағыттары туралы» талдамалық есебінен табуға болады.
Экономиканың басты салаларындағы еліміздің негізгі орнын анықтау, оны басқа елмен салыстыру қашанда маңызды. Ол үшін ғылыми-техникалық және инновациялық дамудың белгілі әрі беделді халықаралық рейтингтеріне жүгінейік. Яғни әлемдік нарықта баға беретін Адам дамуының индексі, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі және Жаһандық инновациялар индексі секілді рейтингтер бар.
Адам дамуының индексі әлемдік елдер мен аймақтардағы адам дамуын сипаттайды. Дәл осы рейтинг көрсеткіші бойынша Қазақстан біршама төмендегеніне қарамастан, адами даму деңгейі өте жоғары елдер тобында қалып, 191 елдің ішінде 56-орынды иеленіп отыр.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде бәсекеге қабілетті бизнес жасалатын ортаны құру және оны қолдаудағы ұлттық экономиканың қабілеті бағаланады. Бұл индекс елдердің бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсіптерінде тауарларды өндіру және экспорттау мүмкіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, бұл жердегі біздің позициямыз көңіл көншітпейді. Оның үстіне көрсеткіштердің де тұрақты төмендеуі байқалады. 2022 жылы Қазақстан 63 ел ішінде 43-орынға тұрақтаса, 2019 жылы 34-орыннан 9-ға түсіп қалған.
Жаһандық инновациялар индексі әлемдік экономиканы инновациялық көрсеткіштеріне қарай бағалайды. Бұл – дүние жүзіндегі елдердің ғылыми-техникалық және инновациялық даму деңгейін бағалауға арналған ең үлкен көрсеткіш. 2022 жылы әлемдік рейтингте Қазақстан 132 елдің ішінде 82-ші, Орталық және Оңтүстік Азия аймағы бойынша 3-орынды иеленген Өзбекстаннан кейін, тиісінше 83 және 4-орында тұр.
Адам дамуының индексі бойынша 56-орынға тұрақтап, Беларусь (60-орын) және Өзбекстаннан (101-орын) алда келеміз. Бірақ жаһандық бәсекелестік деңгейі және инновация бойынша бұл екі елден қалып қойдық.
Әрине, бүгінгі таңда қабылданған шаралар қайта қарауды және түбегейлі өзгертуді қажет ететіні анық. Бұл жерде мәселе қаржының жетіспеушілігіне емес, бәсекеге қабілетті бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасай алмай отырғанымызға келіп тіреледі. Сапалы адами капиталымыз бола тұра біз бизнес және инновациялар саласында тиімді стратегияларды, саясатты әзірлеуде кенже қалып отырмыз.
Келешекте оң нәтижеге қол жеткізу үшін БҰҰ тұрақты даму мақсаттарын анықтап отыр. Атап айтқанда, ондағы алға қойылған 9-мақсат Үкіметті ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарын ұлғайтып, зерттеушілер санын арттыру арқылы индустрияландыру мен инновацияларды ілгерілету үшін тұрақты инфрақұрылым құруға шақырады. Қазақстан осы ұсыныстарды назарға алып отыр. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға мемлекеттік қолдаудың артып келе жатқаны баршаға аян. Бұл бағытқа жұмсалған шығын 2022 жылы 12 млрд теңгеге артқан. Яғни 109,3 млрд теңгеден 121,6 млрд теңгеге дейін өсті.
Отандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін және оның ұлттық деңгейде қолданбалы мәселелерді шешуге қосқан үлесін арттыру үшін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығынды барлық көзден ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ғылыми зерттеумен айналысатын субъектілердің барлығынан тиімділікті талап ететін үлкен қадам болмақ.
Біздің елдегі мемлекеттік статистика деректері бойынша 2022 жылы ғылыми зерттеулермен және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен 414 ұйым айналысқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24 бірлікке аз. Қызмет секторлары бойынша ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын ұйымдар санының өзгеруін қарастыратын болсақ, кәсіпкерлік салада едәуір азайғанын аңғаруға болады. 2023 жылы кәсіпкерлік саладағы 23 ұйым бұл нарықтан шығып кеткен. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдарда ғана аздаған өсім байқалады.
2021 жылға қарағанда 2022 жылғы қызмет секторлары бойынша ұйымдар санының өзгеруі, бірлік
Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелеріне деген сұраныс аймақтардағы ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықпен де артып отыр. Өңірлер бойынша ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінген ішкі шығындардың көрсеткіштеріне келсек, 2022 жылы тоғыз облыста ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындар: Ақтөбеде – 7,3 млн теңге, Алматыда – 399,0 теңге, Атырауда – 5 944,2 млн теңге, Батыс Қазақстанда – 304,0 млн теңге, Жамбылда – 2 307,5 млн теңге, Қостанайда – 54,5 млн теңге, Түркістанда – 60,0 млн теңге, Шығыс Қазақстанда - 1 140,0 теңге және Шымкентте 5,0 млн теңгеге азайған. Бұл жерде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында осы аймақтардан ғылыми әлеуеті едәуір басым жаңа аймақтардың құрылуымен байланысты шығындардың азайғанын ескеру қажет.
Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер аймақтар бойынша ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыру дайындығының, мамандану және құзыреттілік деңгейін көрсететін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарының әркелкі екенін айқындап отыр.
Алматы қаласындағы ұйымдар 2022 жылы ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыруға барынша дайын болды. Олардың жалпы көлемдегі шығындарының үлесі 38,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсті.
Астана қаласында ғылымның жалпы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарына қосқан үлесі 11,8 пайызға өсіп, елдегі отандық ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарының 18,9 пайызын құрады.
Жыл сайын ұлғайып келе жатқан ғылыми зерттеулер көлемі бойынша Маңғыстау облысы 3-орында тұр. Осы саладағы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың 96 пайызы ұйымдардың жеке қаражаты есебінен, ал мемлекеттік қаражаттың 4 пайызы бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру бағдарламалары мен жобаларын іске асыруға жұмсалғанын атап өткен жөн. Облыстың ғылыми ұйымдарының мемлекеттік қаржыландырудан тәуелсіз болуы ондағы қызметкерлердің айлық жалақысын 687 мың теңгеге дейін көтеруге мүмкіндік берді, бұл – республикалық орташа жалақы деңгейінен үш есе жоғары.
2022 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындар бойынша жалпы республикалық көлемнің 7,3 пайызын құраған төртінші аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Бұл өңірде инженерлік әзірлемелер мен технологиялар бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру есебінен ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындар 22 есе өсті. Бұл өңірлердегі ғылым қалдық қағидатынан қаржыландырылады деп есептейтін скептиктер үшін жақсы мысал.
Бесінші орында 4,8 пайызбен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Дәл осы бес аймақ ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарының шамамен 80 пайызын құрайды. Қалған 15 өңірге шығындардың 20 пайызы тиесілі. Демек, көптеген аймақтың ғылым, өндіріс және экономикалық даму жағынан бір-бірімен мүлдем байланысы жоқ. Өңір басшылары аймақтарды дамытуда қолда бар ғылыми әлеуетті пайдаланбайды және дамытуға тырыспайды деген сөз.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер дамыған елдерде экономикалық өсуді анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып саналады. Қазақстан бүгінде соған ұмтылып отыр.
Арман ҚАШҚЫНБЕК,
«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ басқарма төрағасы.