EXPO-2017

ЭКСПО-2017-нің ғылыми негізін айқындаған форум

27.10.2014

8110

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен екі күндік «Болашақ энергиясы» форумы ЭКСПО-2017 көрмесінің ғылыми негізін жасап берді.

Бұл «Болашақ энергиясы: қоршаған ортаға таралатын СО2 мөлшерін азайту» атты I халықаралық форум ЭКСПО көрмесі кезінде талқыланатын бірқатар мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік берді. Форум барысында стратегиялық маңызы бар тақырыптар бойынша халық­аралық үнқатысуға жол ашылды. Осының арқасында көрменің бас тақырыбы – «Болашақ энергиясы» және оның ішіндегі ауаға таралатын көмірқышқыл газдардың көлемін азайту, энергия тұтыну жағынан тиімді технологияларды енгізу және тұрақты энергияға жалпыға бірдей қол жеткізу сияқ­ты бөлімдері бойынша ғылыми жобалар қолға алынбақ.

– Бүгінде СО2 қалдықтарын азайтудың барлық жолдарын қарастыру қажет. Инновациялық сипаты бар саяси шешімдер, сан алуан экономикалық тетіктер, сондай-ақ, жаңа технологиялар мен инвестициялар – бұның бар­лығын тиімді пайдалана білу керек. Ол үшін «Болашақ энер­гиясы» деген тақырыпты жан-жақты ашу қажет. Осы сала­дағы тың жаңалықтарды – бү­гінгі ғылым мен прогрестің соңғы жетістіктерін көрсетудің арқа­сында біз ол мәселені шешу жолдарын ұсынып қана қоймай, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу жұмысына сүбелі үлесімізді қоса аламыз деп сенемін, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев.

Форумға әлемдік энерге­тика саласының 500-ден ас­там жетекші сарапшылары, ға­лымдар, қоғамдық және үкімет­тік емес ұйымдардың көшбас­шылары, мемлекеттік мекеме­лердің өкілдері қатысты. Олар климаттың өзгеруі, эколо­гия­лық және энергетикалық қауіп­­сіздік, ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін азай­ту және қалдықтарды кәдеге жарату жобаларына инвес­ти­ция құю мәселелерін талқы­лады. Сессиялар барысында оған қа­ты­сушылар бірқатар өзекті тақы­рыптар бойынша ақпарат­тық-зерттеу жұмыстарын өткізіп, ғылыми талдау жасады. Осы жұ­мыстың нәтижелері ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін «Болашақ энергиясы» форумында таныстырылатын болады.
Астанадағы форум аясын­да «Online EXPO-2017» атты ха­лықаралық конкурс-байқау­ды ұйымдастыру туралы ынты­мақтастық меморандумына қол қойылды. Конкурс-байқаудың арқасында Қазақстанның ғылыми әлеуетін бір мақсатқа бағыттауға мүмкіндік туындайтын болады. Сол себепті аталған шараны ұйымдастыру жұмысына 15 мекеме атсалысып отыр. Олар – ұлттық компаниялар, даму институттары, министрліктер мен білім беру ұйымдары. Алдағы уақытта «жасыл» жобалар мен инновацияларды анықтауды көздейтін «Online EXPO-2017» халықаралық байқауы бойынша арнайы штаб құрылады деген жоспар бар. Ол үздік жобаларды алдын-ала іріктеп, Астана экономикалық форумы аясында өтетін мини-ЭКСПО көрмесінде таныстырылмақ.

Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компания­сы ЭКСПО ке­зінде ашылатын «Үз­дік тә­жі­рибелер аймағына» тиісті жобаларды іріктейтін халықаралық комиссияны құру жұмысын бастады. Негізі, бұл аймақ көрменің басты алаңы болады деуге негіз бар. Себебі ол жерде «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша үздік технологиялар, тауарлар мен құрал-жабдықтар, стратегиялық жобалар таныстырылмақ. «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық ком­паниясының нысандар­ды көрмеден кейін пайдалану департаменті директорының орынбасары Меруерт Нұрах­метованың айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін арнайы комитет құрылады. Аталған құрылым үздік тәжірибелерді таңдаудың басты шарттарын анықтап береді. «Шамамен, биыл желтоқсан айында біз барлық талаптарды ЭКСПО-ның ресми сайтына жариялаймыз», – деді ол.

Форум барысында «Жасыл көпір: болашағы және іске асыру жолдары. Серіктестік бағ­дар­ламасы» атты панельдік сессия да өтті. Бағдарлама халықаралық институттар мен жеке секторды қолдау арқылы Еуропа мен Азия елдерінің тығыз байланыстарын нығайтуды көздейді. Ал кәсіби сарапшылардың қатысуымен өткен мәжілістерде «Жасыл көпір» бағдарламасының қауымдастығын және онымен аттас институтты құру туралы құжаттардың жобалары таныстырылды.
Жалпы, Астанада өткен бұл форум биыл қыркүйектің 23-і күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның климат бойынша I саммитінің жалғасы іспеттес халықаралық шара болғандығы атап көрсетілді. «Болашақ энергиясы» халықаралық форумы – ЭКСПО көрмесіне арналған алғашқы шаралардың бірі. 2017 жылға дейін осы іспетті тағы екі форум өткізілмек. 2015 жылы өтетін форум энергия тұ­тыну жұмысын тиімді жүргі­зу мәселе­сіне арналса, 2016 жыл­ы энер­гияға жалпыға бірдей қол жеткізу форумы ұйымдас­тырылады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар