EXPO-2017

ДСҰ және Еуразиялық Одақ қалай тіл табысады?

19.10.2015

6452

«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубында бас қосқан сарапшылар, экономистер, саясаттанушылар бұл жолы «Терең интеграция. ДСҰ-ға өткен Қазақстан өзінің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы позициясын қалай бекіте түсуде?» деген қызықты әрі өзекті тақырыпты ортаға салды.
Кездесу шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін қолдап отырғандар көп. Ал екінші жағынан алаңдаушылық бар. «Ресей үкімет басшысы Медведов Қазақстанның ДСҰ-ға енуінің тәуекелі болатынын айтқан еді. Бұл туралы Беларусь президенті Александр Лукашенко да айтқан болатын. Оның алаңдауы түсінікті, себебі Беларусь Еуразиялық одақтағы ДСҰ-ға өтпеген жалғыз ел. Жалпы Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі экономикалық жағдайдың тұрақсыз кезінде орын алды. Шикізатқа деген баға төмендеуде, ұлттық валюта құнсызданды, оның үстіне бұл дағдарыс 2007-2009 жылғы дағдарысқа қарағанда ауыр болады деп күтілуде.
Ең басты түйткіл, ДСҰ-ға енгеннен кейін Еуразиялық одақ 3500 тауарға қатысты заңнамасын өзгертуіне тура келеді. Атап айтқанда оның ішінде азық-түлік және дәрі-дәрмек өнімдері бар» деді Полетаев өз сөзінде.
Өз кезегінде журналист Владислав Юрицын: Бастысы, аталған ұйымға кіру арқылы біз әлемдік еркін нарыққа шығамыз және нақты бәсекелестіктің қандай боларын сезінетін боламыз. Бұл тарапта мен ДСҰ-ның қарапайым адамдарға қандай пайда әкелерін айта кетейін. Айталық, қарапайым адам қарапайым деңгейде ойлауы мүмкін. Ол: «ДСҰ-ға енсен елімізге арзан темір тұлпарлар ағылады» деп ойлайды. Бірақ, біздің ел өз кезегінде мұның бәріне кедергі қойып, түрлі құжаттармен шектеп тастамай ма? Мәселе осыда» деген пікір білдірді.
Ал «Кипр» сараптамалық тобының жетекшісі Ерлан Смайловтың айтуынша Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі туралы ынтасының өзі қазіргі жаһандық трендке ілесудің көрінісі.
– Шыны керек, Еуразиялық одақ құрылған тұста көптеген уәделер берілген болатын. Бірақ, іс жүзінде, яғни деректер бойынша көп дүние әлі де болса көңіл көншітпей отырғанын біз көріп отырмыз. Біз қазіргі күні ДСҰ деп даурығып жүргенде ертең ол да «мақтаған қыс тойда осырадының» керін кесіп жүрсе қайтпекпіз. Иә, қарапайым халық арзан тауар ағылады деп ойлайды. Бірақ, оларға қойылар талап қандай болмақ? Айталық, дәрілердің сапасын кім тексереді? Тарифтердің құны қалай болады? – деді ол өз сөзінде.
«Қазақстан сарапшысы» іскер басылымының бас редакторының орынбасары Сергей Домнин:
– Мен ДСҰ-ға кіруіміздің тек жақсы жақтарын көремін. Неге десеңіздер, тәртіп пайда болады, сапалы институттар мен механизмдер құрылады.
Бұл өз кезегінде еліміздегі сауда саттық, алыс берістің, барыс келістің жақсаруына оң ықпал етеді. Ойын әділ түрде жүреді және оның әділ жүруі өте қатал бақыланады. Айталық, сауда дауы туындап қалған жағдайда әрбір мемлекет аталған ұйымның аясындағы – DisputeSettlementBody (DSB) атты органға хабарласа алады. Ал бұл орган менің білуімізше сауда дауларын ең әділ, яғни объективті түрде шешетін құрылым. Меніңше мұндай құрылым Еуразиялық экономикалық одаққа да артық етпес еді, – деді.
«Балама» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдар кандидаты Андрей Чеботарев өз кезегінде былай деді:
– ДСҰ-ның Қазақстанға әсері туралы айтар болсам, оның кемшіліктері қандай болары әуел баста-ақ айтылған еді. Бұл бірінші кезекте еліміздің ауыл шаруашылығына ауыр соғады. Бірақ, бұл тарапта кемшілік біздің өзімізден. Себебі, осы күнге дейін отандық ауыл шаруашылық саласын тиісті деңгейге шығара алмадық.
Ал басымдықтары туралы айтар болсам қазақстандық нарыққа төмен пайызбен несие беретін, былайша айтқанда халыққа қолжетімді банктер келеді. Бәлкім, біздің мемлекет бұған бірден келіспеуі мүмкін, себебі біздің елімізде банктік лобби өте күшті. Алайда қалай болған күнде біз күндердің-күні ДСҰ-ның талаптарын қабылдауымыз керек. Бұл алға жүрудің жалғыз жол.
Отырысты түйіндеген әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Хан:
– Дүниежүзілік сауда ұйымы өз кезегінде бізге біршама уақыт беріп отырғаны жасырын емес. Айталық, Ресей берілген уақыт 2017 жылға дейін. Ал Қазақстанға бақандай 2019 жылға дейін уақыт берілді. Меніңше, аз емес. Осы уақыт ішінде ДСҰ бізге ұйымның жұмыс бағытымен сәйкеспейтін көптеген қағаз-құжаттарымызды өз мүддемізді де ескеретіндей және ұйымның атына нұқсан келтірмейтіндей реттеу алуға мүмкіндік беріп отыр.
Мені бұл мәселе де алаңдатпайды. Біз ДСҰ аясында оларға үлкен нарыққа жол ашамыз. Білетін шығарсыздар, біздің қаржылық нарық бәсекеге бейім емес, өте әлсіз. Егер біз жоғарыда, Чеботарев мырза айтып кеткендей ДСҰ қарапайым халыққа пайдалы болады десек, бір жағынан өзіміздің отандық қызмет көрсету нарығын «өлтіріп» алуымыз әбден мүмкін, – деген пікір білдірді.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар