Өзектi

Асхат Аймағамбетов: Отандық ғылымда жаңа серпіліс болады

04.05.2020

4027

Ғылым кез келген елде келешектің кілті саналады. Себебі мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік ахуалы, тұрақты әрі қауіпсіз дамуы ұлттық ғылымның әлеуетіне тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолдауымен еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми мектептер, тармақталған ғылыми ұйымдар желісі сақталып қалды, прогрессивті Ғылым туралы заң қабылданды, қазақстандық ғалымдар біршама табыстарға қол жеткізді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы ғалымдардың қолында екенін айта келе, отандық ғылымның әлеуетін арттыруды тапсырды. Осы ауқымды істің қарқыны қандай? Қазақстандық ғылымды дамытуда қандай қадамдар жасалып жатыр? Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ еліміздегі ғылым саласына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, ғылымды басқару жүйесін жаңғырту, ғылыми әлеует сапасын арттыру, инновацияларды енгізу және қаржыландыру жөніндегі Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін түбегейлі жаңа шешімдер қабылданып жатыр. Олар экономикамыздың тиімділігін біршама арттыруға да әсер етпек.

– Асхат Қанатұлы, біз ғылымды дамыту мәселесін қаржыландырудан бастап, түпкі нәтижеде де сол түйткілге тірелеміз. Мұның мәнісі неде?

– Бұл үшін ең алдымен отандық ғылымның жай-күйіне тоқталып кетейін. Қазіргі уақытта елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33%-ында ғылыми дәреже бар, нақтырақ айтсам – 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты, 1045 Ph.D докторы мен өз саласы бойынша 317 доктор. Орта есепен алғанда, бұл 1 млн халыққа 930 ғалымнан келеді деген сөз. Салыстыратын болсақ, Қытайда бұл көрсеткіш – 1235-ке, Грузияда – 1340-қа, Болгарияда – 2130-ға, Ресейде – 2851-ге, ал АҚШ-та 4256-ға тең.

Динамикаға көз жүгіртсек, 1980 жылы бізде 37 390 ғалым, 1990 жылы 50 627 ғалым болған екен немесе 1 млн адамға 2 166 ғалымнан келген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдарымыздың саны, осыдан 30-40 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, күрт азайған. Сәйкесінше, сала қызметкерлердің ғылыми дәрежеге ие болу көрсеткіші де төмендеген. Дегенмен, соңғы жылдары жас мамандардың ғылым саласына бет бұруы көңілге сенім ұялатады. Қазіргі ғылыми қызметкерлердің 34%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.

Ғылым саласындағы негізгі мәселелердің бірі – ғылыми қызметтің аз қаржыландырылуы. 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен ғылыми зерттеулерге бөлінген шығыстар көлемі Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,12%-ын құраса, дәл осындай көрсеткіш Арменияда 0,3%, Украинада –0,5%, Беларусияда– 0,6%, Ресейде – 1,2%, ЭЫДҰ елдерінде – 4%, Оңтүстік Кореяда –5%-ды құрады.

Соңғы өткізілген гранттық жобалар конкурсына ғалымдардан 5 мың өтінім түскенмен, қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты 4 мың жоба кері қайтарылды. Қаржыландыруға іліккен жобалардың бюджеті де біршама қысқартылды, бұл өз кезегінде, жобалардың сапасы мен нәтижесіне әсер етпей қоймайды.

Сарапшылар, сондай-ақ, жүргізіліп отырған зерттеулердің көп ретте қолданбалық сипатының болмауына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігіне, ғылыми кадрларды дайындап шығару саласындағы әкімшілендіру жүйесінің тиімсіздігіне назар аудартып отыр.

Біз қазақстандық ғылым саласының проблемалары мен одан әрі даму жолдарын шешуге бағытталған нақты шешімдер қабылдап, тиісті жұмысты қолға алдық. Мәселен, ғылым саласының бәсекеге қабілетті болуына, оның елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инновацияларды енгізудегі рөлін арттыруға бағытталған жүйелі шараларды қамтитын Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірледік. Өйткені жүргізілген зерттеулер көп ретте қолданбалық сипатының болмауын, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігін, ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімсіздігін көрсетіп отыр.

– Отандық ғылымды алда қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Алдымен қаржыландыру мәселесіне тоқталайын. Қазақстан Президентінің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. 2020 жылдан бастап жаңа бюджеттік бағдарлама іске қосылып, зерттеу институттарының ғылыми инфрақұрылымын жыл сайын жаңартып отыруға қаражат бөлінді. Жалпы, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 1%-ын құрауы тиіс. Соның нәтижесінде, биылдың өзінде 30 млрд теңге көлемінде кезектен тыс гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) конкурстары жарияланады.

Елбасының бастамасымен Жастар жылында алғаш рет жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру үшін байқау жарияланды. Қаржыландыру көлемі 9 млдр теңге болатын жоба 2020-2022 жылдарға арналған. Бұл ғылымға жастарды тартуға, оларға қолдау көрсетуге ықпал етті.

Біз сала мамандарымен кері байланыс орнатуға аса мән береміз. Ғалымдар гранттық конкурстарды бұрынғыдай 3 жылда 1 рет емес, жыл сайын өткізу мәселесін көп көтерді. Бұл расымен де өте маңызды, өйткені 3 жыл ішінде зерттейтін жаңа өзекті проблемалар туындайды, оның үстіне грант алмаған ғалым келесі конкурсты 3 жыл күтуі керек болатын. Соның салдарынан кейбір ғалымдар өз қызметтерінің бағытын өзгертті. Бұл мәселе түбегейлі шешілді. 2020 жылдан бастап гранттық және БНҚ (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру) жыл сайын жүргізіледі. Сондай-ақ, шағын зерттеулер жүргізуге арналған гранттар, іске асырылу мерзімі 1 жылға дейінгі мерзімді гранттар және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып коллаборация негізігде зерттеулер жүргізуге арналған арнайы гранттар енгізіледі.

БНҚ бұдан былай нормативтік-құқықтық актілерге 2019 жылдың соңында енгізілген өзгерістерге сәйкес, нақты ұлттық ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінеді. БНҚ аясындағы тақырыптардың, мысалы, «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген сияқты көбіне кеңінен қамтылғаны жасырын емес. Бұған қаражат бөлініп, әрі қарай ғалымдар өздерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, қаржыландыруды алу мақсатында ғылыми зерттеулерін ұсынды. Нәтижесінде, бағыт қаржыландырылды, бірақ фермерлер нақты нәтижені көрмейді. Көрген күннің өзінде олардың шығыны пайдасынан асып кетеді. Сондықтан ендігі жерде қоғамның немесе нарықтың қазіргі және болжамды қажеттіліктерін негізге ала отырып, көзделген нәтижесінің нақты индикаторлары бар міндеттер мен тақырыптар анықталады. Айталық, кең ауқымды «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген тақырыптың орнына нақты міндет ретінде белгілі бір топырақ пен климаттық жағдайларда сапалы өнім беретін дақылдардың сұрпын жасау көрсетіледі. Яғни қаржыландыру зерттеу мен өнімі бір-бірімен қабыспайтын ауқымды тақырыпқа емес, нәтижеге жұмсалады.

Жалпы, ғылым мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды. Сондықтан басым көпшілігі бизнес өкілдерінен тұратын және ҒҒТҚН (ғылыми-ғылыми-техникалық қызмет нәтижелілігін) коммерцияландыру жобаларына бағдарланған жеке ҰҒК құру жоспарланып отыр.

– Әлемде жүргізіліп жатқан іргелі зерттеулердің көпшілігін мемлекет қаржыландырады. Бізде бұл бағыт назардан тыс қалған жоқ па?

– Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы іргелі зерттеулер әрдайым мемлекеттің назарында. Елдің сейсмикалық, су, биологиялық, химиялық, ядролық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулері стратегиялық сипатқа ие және қоса қаржыландыру субъектісін таңдау байыппен қарауды қажет етеді. Тарих, археология немесе филология саласындағы зерттеулердің бизнес тарапынан қоса қаржыландырылу перспективасы жоқ. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік-гуманитарлық бейінді ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыруды жетілдіру және кеңейту шараларын қабылдауда. Бұл – ең алдымен тіл білімі, тарих, философия, әдебиет, этнография және т.б. саладағы іргелі зерттеулермен айналысатын институттар. Мұндай зерттеулер үздіксіз әрі гранттық конкурстардың нәтижелеріне қарамастан жүргізілуі тиіс деп санаймын.

– Ғылымның дамуы ондағы басқару жүйесіне тікелей тәуелді. Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысына қатысты даулы сұрақ көп. Сол түйткілдердің түйіні қалай тарқатылмақ?

– Ғылымды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру Ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) жұмысын жаңғырту арқылы қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды талап етеді. Өйткені ғалымдардан тұратын ҰҒК жобаларды іріктейді, ғылыми бағдарламаларды бағалайды, зерттеулердің мониторингін жүргізіп, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Бұрын ҰҒК мүшелерін іріктеудің нақты рәсімі болмағандықтан, ғылыми ортада жекелеген кандидаттардың кеңес құрамына енгізілгеніне қатысты мәселелер жиі көтеріліп, жобаларды іріктеу жүйесіне деген сенімге селкеу түсті. Бұған қатысты көп дау-дамай да орын алды. Қазіргі таңда ҰҒК құрамы жаңарды, олардың мүшелеріне қойылатын талаптар да артты. Енді ҰҒК-ға кандидаттарды іріктеген кезде ғылыми қызметі нәтижелерінің сапасы мен қажеттілігі басты назарға алынады. Біріншіден, бұл өлшеуге болатын, сенім тудыратын көрсеткіштерге сүйенуге, екіншіден, ғылымның жекелеген саласының ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек кандидат кеңес құрамына ұсыныла алмайтын жағдайлар да нақты тұжырымдалған, бұл ҰҒК-ті қалыптастыру кезінен бастап даудың туындауына жол бермейді. Түрлі мүдделі тараптар өкілдігінің реттелгені жобалардың жан-жақты қаралуын қамтамасыз етеді. Бұдан былай әрбір жобаны қараудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін ҰҒК мүшесінің саны да көбейеді.

ҰҒК қызметінің ашықтығы артады. Егер бұрын қаржыландыру туралы шешім жасырын дауыс беру арқылы қабылданса, енді 2020 жылдың қаңтарынан бастап, нақты критерийлер бойынша балл қою арқылы ашық дауыс беру енгізілді. Сонымен қатар ҰҒК отырыстарының онлайн көрсетілуі ғалымдардың жауапкершілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етті. Реформалар мұнымен бітпейді және осы қабылданған шараларды жеткілікті деуге де болмайды. Сондықтан ҰҒК бойынша жұмыс жалғаса береді. Шешім қабылдау процестерін жетілдіру тұрақты сипатқа ие болмақ, бұл бағыттағы жұмысты біз ғылыми қауымдастықпен, бизнеспен, мүдделі қоғамдық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта жалғастырамыз.

– Плагиат ғылымға қиянат дедік. Плагиаттан қалай арыламыз?

– Қазір Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының базасында бітіру жұмыстарының (дипломдық жұмыстардың, магистрлік және докторлық диссертациялардың) Бірыңғай репозиторийі құрылуда. Зерттеулер мен академиялық мәдениет сапасын жақсарту үшін ғылыми және жазбаша жұмыстарды «Интернет» жүйесі мен халықаралық деректер қоры арқылы тексерістен өткізу міндеттелді. Диссертация қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралып жатыр. Бүгінде докторант қорғауға шығу үшін 7 мақала жариялауы тиіс, дегенмен оның мазмұнына ерекше бір талап қойылмайды. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланады. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базаға енбейтін журналдарда жарияланған жағдайлар жиілеп кетті. Әлбетте, бұл тәжірибені өзгерту керек. Қағида қарапайым – «беделсіз» журналдардағы бірнеше жарияланымның орнына жоғары сапалы журналдағы бір мақала болғаны дұрыс. Бұл ретте гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша мақалаларға қойылатын талаптар оның ерекшелігіне қарай сараланады.

Биылдан бастап ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет ұсынып отырған ғылыми басылымдар тізбесіне кіретін журналдарға қойылатын талаптар да өзгертілмек. Қазіргі уақытта бұл тізімге контенттің жоғары сапасын әрдайым қамтамасыз етпейтін, біршама формальды өлшемдер бойынша іріктеп алынған 177 басылым кіреді. Осыған байланысты қолданыстағы критерийлерді халықаралық талаптарға бейімдеу бойынша жұмыс басталды. Мәселен, 2 рет сырттай рецензиялау, нақты редакциялау саясаты, журналдың тақырыптық бағытына қабылданатын мақалалардың сәйкестігі, шетелдік мамандардың рецензиялары, біреуден алып пайдалануды тексеру, барлық жарияланым процесінің ашықтығы, мықты редакция алқасы және т.с.с. Көрсетілген тізбеге кіретін барлық отандық журналдарға қойылатын осы талаптар 2 жыл ішінде біртіндеп енгізіледі. Басылымдардың саны біршама қысқарады деп ойлаймын, сапалы контент үшін бәсекелестік артады және халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ ғылыми журналдарға қаржылай қолдау көрсету үшін конкурс жариялап, Scopus және Web of Science халықаралық базасына кіретін отандық журналдарға демеу беру жоспарланып отыр.

– Докторантураға бөлінген грант 10 жылда (2008-2018) 100-ден 2 315 орынға артыпты. Ғылыми кадр даярлаудың сапасы қалай артады?

– Тағы бір маңызды міндет – мықты әрі бәсекеге қабілетті ғылыми кадрларды дайындау. Докторантураға түсу үшін халықаралық тілдік сертификатты иемдену талабы енгізілді. Биыл шетелдік ЖОО-да оқу елінің ресми тілі, яғни шет тілінде білім алғандар үшін қосымша өзгерістер енгізіледі. Егер олар шетелдік ЖОО бітіргеннен бері 2 жыл өтпесе, шет тілінен автоматты түрде ең жоғарғы балл алады. Талдау қорытындысы докторанттардың тек 54%-ы үш жыл ішінде диссертацияларын дайындап, қорғауға шығып үлгеретінін көрсетті. Негізі бұл қалыпты жағдай, көптеген Еуропа елінде орта есеппен докторанттардың 45-60%-ы оқу мерзімі ішінде диссертацияларын қорғап үлгереді. Осы аспектіде оқуды аяқтағаннан кейін тағы қосымша бір жыл беру жоспарланып отыр, сол уақытта докторанттарға оқуын жалғастыруға және санкциясыз қорғауға шығуға рұқсат етіледі. Алайда қосымша кезеңге ешқандай шәкіртақы төленбейді.

Осы жылдан бастап Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына енгізілген өзгерістер аясында барлық ЖОО білім беру бағдарламаларының міндетті компоненттеріне академиялық хат пен ғылыми зерттеулер әдіснамасын енгізеді. Сондай-ақ академиялық ағылшын тілін тереңдетіп, халықаралық гранттарды тарта отырып оқыту, қазақстандық ғалымдардың ірі халықаралық зерттеулерге қатысуын қолдау көзделді.

ЖОО мен академиялық ғылым интеграциясын күшейту шаралары қабылдануда. Ғалымдар үшін ЖОО немесе ғылыми-зерттеу институты базасында зерттеулерін жалғастырудың арнайы мүмкіндігі ретінде постдокторантура жүйесі енгізіліп жатыр. Бұдан басқа, отандық 10 жетекші ЖОО базасында академиялық басымдық орталықтары ашылады. Сонымен қатар ЖОО-лар Teaching university форматының шеңберінен шығып, біртіндеп зерттеу университеттері болуы тиіс.

– Ғалымдар конкурсқа құжат қабылдау онлайн жүйеге биыл ғана көшкенін айтып, дабыл қағып еді. Қазақстан ғылымы қашан цифрланады?

– Қаржыландыруды алуға өтінім беру ғана емес, енді аралық және қорытынды есептерді тапсыру да толығымен цифрлы форматқа көшіріледі. «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі (ҚҒБАЖ) әзірленіп жатыр, онда ғылыми қызметкерлердің деректер базасы мен ғылыми дәйексөздің қазақстандық индексі ұсынылады. Әрбір отандық ғалымның ҚҒБАЖ-де өз жарияланымдарының тізімі, аяқталған және іске асырып жатқан зерттеулерінің қысқаша сипаттамасы берілген өзекті профайлы болады. Сондай-ақ гранттың немесе бағдарламаның мақсаты, қаржыландыру сомасы, нәтижелері, бастапқы өтінім мен есептерге өзгерістер енгізу кезеңдері көрсетілген, мемлекеттен қаржыландырылған барлық жобаның ашық базасы құрыла бастады. Бұл базалар тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін қазақстандық ғылымның даму жағдайы, үрдістері мен проблемалары туралы объективті ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Біз қолға алған цифрландыру ғылымына бөлінетін мемлекеттік қаражатты пайдаланудың және нәтижелілік процесінің толық ашықтығын қамтамасыз етуді мақсат етеді.

– Сіздіңше, отандық ғалымдарымыздың қазіргі қауқары қандай?

– Ғылыми ортаның халықаралық деңгейде танылуы ғалымдардың беделді жарияланымдарының санына және оның дәйексөзділігіне, ғылыми ықпал индексіне және т.б. арқылы көрінетін зерттеу әлеуетіне байланысты болады. Тек соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ең үздік журналдарының 25%-ына енді. 2019 жылы өздерінің пәндік саласы бойынша әлемдегі ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың 1%-ына Ратбай Мырзақұлов, Максим Здоровец, Артем Козловский, Жақсыбай Жұмаділов, Самат Қожахметов, Андрей Халимон, Төлеген Сейілханов, Ержан Өтеулиев сынды қазақстандықтар қосылды. Қазақстан ЭЫДҰ елдері арасында ғалымдардың жарияланым белсенділігінің өсу қарқыны бойынша көш бастап келеді. Мәселен, 2019 жылы Scopus базасында қазақстандық авторлардың 4747 жарияланымы, ал Web of Science базасында 3590 жарияланымы индекстелді, бұл 2011 жылға қарағанда 8,2 және 8,4 есе жоғары. Сондай-ақ 2019 жылы Web of Science базасында индекстелетін кем дегенде бір жұмыс жариялаған авторлардың саны 2011 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге өсті.

Біздің ғалымдар – Ұлттық биотехнология орталығының (ҰБО) ғалым-қызметкерлері рекордтық мерзімде, бар-жоғы 6 күн ішінде штаммы болмаған COVID-19-ды диагностикалауға арналған жоғары сезімтал ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тест-жүйесін әзірлеп шықты. Осы жүйе арқылы аурудың алғашқы күндері COVID-19-ды диагностикалау мүмкін болды. Бұдан өзге, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының және ҰБО ғалымдары тобы COVID-19-ға қарсы вакцина жасаумен айналысып, әлемдік қауымдастықтың пандемиямен күресіне өз үлесін қосуға кірісті. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалым-мамандары COVID-19-ды емдеудің тиімді әдістемесін әзірледі, соның негізінде жағдайы нашар науқас ауруынан айықты.

Медициналық және ветеринариялық вакциналарды әзірлеу, өндіру және оларға деген елдің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру - айтарлықтай экономикалық тұрғыдан да жақсы әсер етуде. Мысалы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚБТҒЗИ (Қоладнбалы биотехнологиялар ғылыми-зерттеу институты) әзірлеген және өндірген модулярлық дерматит вакцинасы тек бір жыл ішінде бюджеттен бөлінетін 2 млрд теңге үнемдеуге сеп болды.

Ғылымның басқа салаларындағы зерттеушілер де елдің дамуы үшін белсенді еңбек етуде. Мысалы, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары ұнтақты қорғаныс жабындарын жағудың плазмалық тәсілдерін жетілдірді. Конструкциялық құрышты электролитті-плазмалық, химиялық-термиялық өңдеудің ресурс үнемдеуші тәсілдері зерттелді және әзірленді. Бұлардың нәтижелері отандық машина жасауда аса маңызды.

ҰБО-да шеміршек қабатының және сүйек тінінің ақауларын тиімді қалпына келтіретін биопрепарат жасалып, клиникалық сынақтан сәтті өтіп жатыр. Ол тіпті қарт адамдардың буын қозғалысын толығымен қалпына келтіреді. Мұндай әзірлемелер аз емес. Жалпы, мемлекетіміздің ғылым саласын жетілдіруге бағытталған нақты жоспарлары бар, ал қазақстандық ғылым – ғылымды қажет ететін экономика мен қазақстандықтардың өмір сүруіне қолайлы орта құруға жеткілікті, креативті әлеуетке ие.

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

«« | »»
Соңғы жаңалықтар