Өзектi

Ғылыми мәлімет – ғылымды дамытудың басты құралы

31.10.2017

5444

Ақпараттық технологиялар ғылымның дамуы бағытын түбегейлі өзгертті. Қазір ғылымды ғылыми ақпаратсыз көзге елестету мүмкін емес. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ғылымының көштен қалып қоймауы үшін отандық ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың (ЖОО мен ҒЗИ) дүниежүзілік ақпарттық ресурстарына Ұлттық жазылымды ұйымдастыру ісіне ықпал еткені белгілі. Осылайша қазақ ғылымы бәсекеге қабілеттілігін ұштай түсу үшін мемлекет қазынасынан қаржы бөлініп, ғылыми ынтмақтастықтың аясы кеңи түсті. Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қол жетімділігін арттыруда «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-на маңызды міндет жүктелген болатын. Орталықтың Халықаралық ғылыми-техникалық ақпараттарға қол жетімділікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Кәмилә Ахатова бұл бағытта атқарылаған жұмыстар жайында жан-жақты айтып берді.

– Кәмилә ханым, Қазақстан Үкіметі отандық ғалымдардың халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қол жетімділігін арттыру үшін қыруар қаржы жұмсап, ғылымның дамуына көңіл бөлуде. Халықаралық ғылыми мәліметтер базасы Қазақстанда ғылымның дамуына қаншалықты ықпал етті?
– Қазіргі заманда ғылымды дамытуда халықаралық ғылыми мәліметтер қорының қол жетімділікті қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі десек артық айтқандық болмас еді. Қазақстан 2011 жылы қазан айында Springer Nature және Clarivate Analytics (ертеректе Thomson Reuters-тің ғылым және зияткерлік меншік жөніндегі бөлімшесі) компаниясымен тарихи келісімге қол қойған болатын. Міне, содан бері ғалымдарымыз, еліміздегі ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары халықаралық ғылыми мәліметтер базасын мемлекеттің қолдауының арқасында тегін пайдаланып келеді. Бұл –мемлекеттің отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде үлкен қолдау болғанын мойындауымыз керек.

– Ғалымдарымыз үшін халықаралық мәліметтер қорының қол жетімді болуы маңызды мәселе екенін түсінеміз. Осы тегін дүниені ғалымдар қалай пайдалануда. Бұл іске мониторинг жасап тұрасыздар ма?
– Әрине. 2011 жылмен салыстырсақ, қазіргі таңда ғалымдардың мәліметтер қорын пайдаланудағы статистикалық көрсеткіші де 4-5 есеге ұлғайған. Ғалымдарымыздың ғылыми мәліметтерді тиімді пайдаланып, ғылымды дамытуда ҰМҒТСО қызметкерлері бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысатын ғалымдарымыз Clarivate Analytics және Springer компаниясының ғылыми мәліметтеріне жүгінудің маңызы зор екенін түсінген.


– ҰМҒТСО еліміздегі ғылыми мекемелердің қалай пайдаланып жатқанын бақылай ма?
– Иә, біздер халықаралық мәліметтер базасын пайдаланудың статистикалық базасын жан-жақты талдап, қай мекеменің бұл мүмкіндікті қалай пайдаланып жатқанына мониторинг жүргізіп тұрамыз. Ендігі кезекте еліміздегі қайсы ғылыми ұйым шетелдік ғылыми мәліметтер қорын қаншалықты қолданып жатыр деген сұраққа нақты жауап берсем, Web of Science ақпараттық ресурсын қолдануда ҰМҒТСО, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Назарбаев Университеті және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті топ бастап келеді. Ал еліміздегі ғылыми ортада ең танымал Springer базасы бойынша, «Назарбаев Университеті», Нейохирургия орталығы, Қ.Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түркі университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғылым ордасының Ғылыми кітапханасы топ бастап келеді.
– Реферативтік бағытта ғылыми мақала жайында қысқаша мәліметтер топтастырылатыны білеміз. Егер қолданушылардың бұдан ары ғылыми жұмыстың толық мәтінімен танысуға ықыласы ауса, оған мүмкіндігі бар ма?
– Иә. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ. Web of Science платформасында мақаланың толық мәтініне сілтеме (ұйым басылымға жазылған болса) немесе Google Scholar-да мақаланың толық мәтінін іздеуге сілтеме бар.
– Ғаламторда халықаралық ғылыми мәліметтер базасын пайдаланудың жолдарын ғалымдарға үйретуде көптеген жұмыстар атқарғандарыңызды білеміз. Осы оқыту семинарлары маңызына тоқталсаңыз?
– Біздің шетелдік әріптестерімізбен арадағы келісім бойынша әрбір компания жыл сайын еліміздің барлық аймағын қамтып, 200-ден астам оқыту семинар өткізуге міндеттелген. Бұдан басқа ҰМҒТСО шетелдік әріптестерімен тізе қосып, онлайн режимдегі семинарларды көптеп ұйымдасытырып келеді. Осылайша еліміздегі ғылыми ортаны халықаралық ғылыми мәліметтер базасын кеңінен қолдануы үшін бар күш-жігіремізді жұмсап келеміз. 2017 жылдың өзінде Springer Nature және Clarivate Analytics компанияларымен Астана, Алматы және өзге де облыстарда 170 аса оқыту семинарын өткізген. Ал жыл басынан бері ұйымдастырған онлайн семинарлардың саны 80-нен асты.
– Сөзіңізді бөлейін, бұл семинарлардың қай тілде өтеді?
– Кез келген оқу орыны мен ғылыми ұйымдар оқыту семинарларын ұйымдастыру турасында ұсыныс жасағанда біз оларға семинарларды қай тілді өткізу керектігін сұраймыз. Бұдан кейін біздер ғылыми ұйымның қалаған тілінде семинарды ұйымдастырамыз. Негізінен семинарлардың көпшілігі орыс тілінде өтетіні жасырын емес. ҰМҒТСО мен шетелдік әріптестеріміздің үш тілде семинар ұйымдастыруға мүмкіндігі бар.
– Семинар жүргізетін мамандар жеткілікті ме?
– Семинар өткізетін маман табу өте қиын. Кез келген семинарда лекторларға тыңдаушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылады. Айталық, ғылыми қызметкерлерге шетелдік ғылыми журналдарды таңдау, ғылыми мақалаларды олардың талабына сайын рәсімдеудің бәрін-бәрін жіліктеп түсіндіріп беру оңай емес. Бұл салада маман тапшылығын болдырмау үшін ҰМҒТСО өзінің шетелдік әріптестерімен бірлесіп, аймақта семинар жүргізетін лекторларды дайындап, оларға арнайы сертификаттарын тапсырған болатын.


– ҰМҒТСО шетелдік әріптестерімен бірлесіп, еліміздегі үздік ғалымдарды анықтау мақсатында байқаулар ұйымдастырғанын білеміз. Бұл – байқаулардың маңызы жайында айта кетсеңіз?
– Иә, орталық Clarivate Analytics компаниясымен бірлесіп, отандық және Орталық Азия ғалымдарын марапаттап келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Айталық, Clarivate Analytics компаниясымен ұйымдастыратын «Ғылым көшбасшылары» байқауында Web of Science ресурсының деректері бойынша ғылыми еңбектері жоғары сілтемілік көрсеткішке ие болған қазақстандық ғалымдарды анықтап, марапаттаймыз. Ал Springer Link базасы бойынша аталған ғылыми мәліметтер қорында жинақталған Springer Nature баспасының ғылыми журналдарда көп мақала жарияланған қазақстандық ғалымдары марапатталады. Осы ретте айта кетуіміз керек, Қазақстанда Springer Nature журналдары өте танымал. Шетелдің ғылыми мәліметтер қорында жарияланған қазақстандық ғылыми жұмыстардың әрбір бесіншісі осы Springer Nature журналдарында жарияланады. Сондықтан ҰМҒТСО ұйымдастырған бұл байқауларға қазақ ғалымдарының қызығушылығы жоғары. Айтпақшы бұл байқауларда Орталық Азия елдерінің де үзідік ғалымдары марапатталатынын айта кетуіміз керек.

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмақанов,
"ҰМҒТСО" АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар