Қазақстан ғылымы

Заманауи тәсілдерін ескере отырып, қатерлі ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу және дамыту

10.04.2023

713



Қазақстанда 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы аясында «Геномиканың заманауи тәсілдерін ескере отырып, қатерлі ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу және дамыту» ғылыми-техникалық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырады. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Алматы қалалық онкологиялық диспансері, Атырау онкологиялық диспансері, Семей қаласындағы Ядролық медицина орталығы, Өскемен қаласындағы көпсалалы Онкология және хирургия орталығы сияқты еліміздің жетекші медициналық ұйымдары ғылыми-техникалық жобасына қатысуда. 
Жоба жетекшісі Қайдарова Диляра Радиковна – медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы.  

Бағдарлама аясында отандық ғалымдар тұрғындарға скрининг жүргізу арқылы тексереді. Қатерлі ісіктерді анықтауда жаңа медициналық жабдық қолданылады. 

Ауқымды ғылыми бағдарламаның мақсаты – өкпе обыры, асқазан обыры, аналық без обыры, жатыр мойны обыры, тоқ ішек ісігі, қатерлі ісік, оның ішінде ауыр лейкозбен ауыратын балаларда, экстрагонадальды жыныс жасушаларының ісіктері кезіндегі геномика мен протеомиканың заманауи тәсілдерін ескере отырып, қатерлі ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу және дамыту. 
Ғылыми жобадан күтілетін негізгі нәтижелер бойынша өкпе обырын (төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы), асқазан обырын (хромоскопиялық технологияны енгізу арқылы), аналық без обырын (генетикалық ісік биомаркерлеріне негізделген), тоқ ішек обырын (симптоматикалық диагностиканың жаңа иммунохимиялық және радиологиялық әдістерін енгізумен), балалардағы ауыр лейкозды және экстрагонадальды жыныс жасушаларының ісіктерін (молекулярлық-генетикалық және иммунофенотиптік диагностиканың мультимодальды технологиялары негізінде) ерте диагностикалау бағдарламалары, АПВ вакцинациясы және жатыр мойны обырының алдын алу бағдарламасы жасалады деп күтілуде.  

Бұл қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, онкологиялық ауруларды емдеудің жеке жолдарын қарастыруға септеседі. 



«« | »»
Соңғы жаңалықтар