Қазақстан ғылымы

Уран өндірудің математикалық негіздері мен 3D имитациялық моделі әзірленуде

09.01.2023

864



Отандық ғалымдар уран өндірудің жаңа әдістерін қарастыруда. Қазіргі таңда арнайы ғылыми жобаны қолға алған. Олар ұңғымалық деректер бойынша қабаттың ұңғыма аралық литологиясын және оның сүзу қасиеттерін қалпына келтіру, сондай-ақ қабаттағы гидродинамиканы анықтау, қабаттағы химиялық және масса алмасу процестерін есептеуге мүмкіндік беретін 3D компьютерлік бағдарламаларды әзірледі.
Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар тобының уранды ұңғымалық жерасты химиялық шаймалау әдісімен өндірудің геологиялық, гидродинамикалық және масса алмасу кезеңдерінің математикалық модельдерін әзірлеуде және жасаудағы тәжірибесі мол. 

Уран өндіру саласының зерттеушілері халықаралық нарықтағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы тиімді әдістердің рөлі зор екенін алға тартады. Тиімді әдістер арқылы ресурстық базаны кеңейту басты мақсат болғандықтан, ұсынылып отырған технология Қазақстан үшін маңызды болмақ. Оның үстіне еліміз әлемдік уран өндірісінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отырған мемлекет.  
Қазірдің өзінде уран өндіру технологиясының ұсынылып отырған имитациялық моделі «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ бөлімшелерінде толық көлемде қолданылуда. Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда ашық деректер бойынша және әлемдік нарықта осы жобаны орындау нәтижесінде жасалатын бағдарламалық қамтамасыз ету әлі жоқ. Сондықтан осы ғылыми жобаны іске асыру олардың алдыңғы қатарлы позицияларда болуына және кендерді биошаймалау технологиялары үшін ұқсас әзірлемелер бойынша болуына мүмкіндік береді.

Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша кен орнын игеруді жоспарлауға және өндіруді болжауға; өндіру процесін басқаруға және оңтайландыруға; бактерияларды пайдаланбай дәстүрлі сілтісіздендіру арқылы өндіруге тиімсіз кендерді өндіріске тарту жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін математикалық негіздер салынады және бактериялық сілтісіздендіру әдісімен уран өндіру процесінің имитациялық моделі әзірленеді деп күтілуде. 

Сәтбаев университеті ғалымдарының жүргізіп отырған ғылыми жобасына  магистратура және докторантура студенттерін де зерттеулерге тартылатын болады. Сондықтан, жас ғалымдар да екі-үш жыл ішінде жетекші ғалымдармен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысуға мүмкіндік алмақ. 

Ғылыми жоба: AP09260105 «Уранды жерасты бактериялық шаймалау процесінің математикалық негіздері мен 3D имитациялық моделін әзірлеу» 

Жоба жетекшісі: Айдархан Қалтаев. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар