Қазақстан ғылымы

Отандық ғалымдар интраназалды вакцинаны әрі қарай зерттеуде

13.12.2022

958

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары SARS-CoV-2 интраназалды вакцинасының жаңа платформасы ретінде манноза мен хитозан нанобөлшектері негізінде жобаның дизайнын әзірлеп, сынақтан өткізуді ұсынды. Биологиялық жағынан табиғи сәйкес болып келетін бұл полимерлер кешені, шырышты қабықтарға ақуыз субъект бірліктерін тасымалдаудан басқа, айқын адъювантты әсерге ие. Нановакцинаның бұл формуляциясы Огайо штаты университетіндегі серіктестерінен (ОШУ, АҚШ) алынған. Бұған дейін шошқа тұмауы мен құс сальмонеллезіне қарсы вакциналар жасауда қолданылған.

Нановакциналық формуляцияның Т-жасушалық иммундық реакциясын күшейту үшін оның құрамына Vaxine Pty Ltd (Австралия) компаниясында жасанды интеллект негізінде жасалған CpG55.2. адъювантын қосу жоспарлануда. Бұл адъювант өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді. Ол COVAX-19 (Vaxine Pty Ltd әзірлеушісі) сауда маркасы бойынша SARS-CoV-2 вакцинасының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қолданылады. Естеріңізге сала кетейік, вакцина Австралиядағы 40 еріктінің клиникалық сынағының I-кезеңінен сәтті өткен болатын. Қазір әлемнің 10 елінде клиникалық зерттеулердің II-III кезеңдеріне дайындық жүріп жатыр. Аталған адъюванттың вакцинаның антигендік жүктемесін 400 есеге дейін төмендетуге мүмкіндігі бар.

Ұсынылған жобаның негізгі мақсаты – нанобөлшектер мен CpG55.2 адъюванты (TLR-9 антагонисті) негізіндегі антигендерді интраназалды жеткізудің қауіпсіз, тиімді және инъекциялық емес SARS-CoV-2 вакцинасын дайындаудың жаңа платформасын құру. Яғни, инъекциялық вакцинациямен байланысты ауырсыну, инеден қорқу, инеден зақым алу, жеткіліксіз немесе артық дозалау сияқты бірқатар мәселелерді жоюға көмектеседі.

Алға қойылған мақсатқа жету үшін де біршама жұмыстар атқарылмақшы. Оның ішінде SARS-CoV-2 вирусының рекомбинантты S1/RBD ақуыздарын құрастыру және өңдеу; вакцинаның тиімділігін бағалау үшін жануарлардың зертханалық моделін пысықтау; интраназалды қолдану үшін SARS-CoV-2 нановакцинаның қауіпсіз және тиімді формуляциясын алу; сақтау және тасымалдау жағдайында SARS-CoV-2 нановакциналық формуляциясының тұрақтылығын бағалау; зертханалық жануарлар моделіне SARS-CoV-2 вакцинасының иммунобиологиялық қасиеттерін зерттеу жұмыстары бар.

Интраназалды қолдану тәсілімен нановакцинаның қауіпсіз, иммуногенді және тиімді SARS-CoV-2 жаңа платформасы әзірленетін болады. Бұл платформа шетелдік серіктестерінің нанобөлшектер мен CpG55.2. адъювантына (TLR-9 антагонисті) негізделген антигендерді интраназалды жеткізудің екі озық жаңа технологиясын қамтиды.

Зертханалық жануарлардың әртүрлі модельдерінде жаңа вакцинаның қауіпсіздігі, иммуногенділігі және тиімділігі бойынша жаңа ғылыми деректер
алынады. Web of Science базасындағы 1 (бірінші) квартильге кіретін және (немесе) Scopus базасындағы Citescore бойынша кемінде 80 процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымда кемінде 1 (бір) мақала немесе шолу жарияланатын болады деп жоспарлап отыр ғалымдар.
Ғылыми жоба сәтті болған жағдайда, құрылған платформа алдымен инвестициялау, содан кейін жергілікті және мүмкін болса жаһандық фармацевтикалық компаниялардың лицензиялау нысаны бола алады деп сенеді мамандар. Оның үстіне жобаның шетелдік серіктестері де бұған қолдау көрсетпекші. Ол сонымен қатар пандемияға алып келе алатын басқа да респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы вакциналардың дамуына негіз бола алады.

Жоба заманауи технологияларды қолдана отырып, қазіргі COVID-19 және болашақ пандемияға да қарсы тұруға бағытталған. Сондықтан әлемдік ғылымның трендіне сәйкес келеді. Демек, оны іске асыру ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі мен әлеуетін, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ғылыми жоба: AP09259609 «SARS-CoV-2 қарсы интраназалды нанобөлшекті вакцинаның жаңа платформасы: дизайнын әзірлеу және зертханалық жануарлар модельдерінде сынау». (2021-2023 жж. арналған гранттық қаржыландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба).

Жобаның ғылыми жетекшісі: Табынов Қайсар Қазыбайұлы (
http://orcid.org/0000-0001-5823-1280, Хирш индексі - 8), Вакцинология саласының маманы. Негізгі ғылыми бағыты: жануарларға, құстарға және адамдарға арналған вакциналарды зерттеу және өндіріске енгізу.

Материал https://www.kaznaru.edu.kz/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар