Қазақстан ғылымы

Ғылым комитетінің төрағасы ғылымды дамытудағы басты міндеттерге тоқталды

04.11.2022

966

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки Qazaqstan арнасындағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында отандық ғылым саласының дамуы және оны қолдау бойынша сұрақтарға жауап берді.

Көбінесе ғылымға көңіл бөлінбеген ел көш соңында қалады. Оның дамыған елге шикізат өндіруші ретінде ғана қызмет ететіні белгілі. Сондықтан ел экономикасын көтеруге тырысқан мемлекет ғылымына баса назар аударуда. Біздің ғылым қалай дамуда? Бұл сұраққа жауап берген Дархан Жұмақанұлы Қазақстанда ілгері ғылым, яғни физика, химия, биология, математика саласының жоғары деңгейде екенін айтып өтті. Себебі, қалыптасқан жоғары ғылыми мектептер баршылық. Олардың еңбектері рейтингісі жоғары әлемдік ғылыми басылымдарға жарияланып отырады. Қолданбалы ғылым саласы бойынша атқарылатын жұмыстардың әлі де көп екенін алға тартты. Өйткені, қолданбалы ғылым нақты өндіріспен тікелей жұмыс жасауы тиіс. Бұл жерде өндірістің де өз қызығушылығы болуы керек. Бизнес саласы да өзіне қажеттісін алуы қажет.

Дархан Ахмед-Зәки алда тұрған міндеттің бірі – озық елдерде білім алған жас ғалымдарға елімізде де жағдай жасау екенін жеткізді. Ғылыммен айналысып жүрген жастар елімізде өз жұмыстарын әрі қарай алып кетуі үшін ғылыми мекемелерді арнайы жабдықтармен жабдықтауды қаржыландыру жоспарлануда. Ғылыми ізденістердің ел экономикасына тигізер пайдасын, оның перспективасын да ескеріп, оның басым бағыттарын анықтау, оған мега гранттарды бөлу басты мақсат дейді ол.

Ғылым комитетінің төрағасы алдағы уақытта үш бағытқа көңіл бөлінетінін де тілге тиек етті. Бірінші – геология, жаңа кен орындарын ашу. Екінші – өңдеу, яғни химия технологиясы, биотехнология саласын дамыту. Үшінші – IT технологиясы.
«Нақты ізденістер болса әлемдік деңгейге қысқа мерзімде шығуға болады. Келесі атом энергиясы, болашақта атом энергиясына жүгінетін болсақ, мамандарды даярлап, соған сәйкес ғылыми зерттеулер жасау керек. Ол бір күннің ішінде жүзеге аспайды. Бірақ алдағы қойып отырған тапсырыстың өзі де сол инженер, техникалық білімнің керектігін көрсетеді», – дейді ол.

Материал https://qazaqstan.tv/videos/166389 деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар