Қазақстан ғылымы

Республика күні - ұлттық маңызды мереке

21.10.2022

1113


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айының 22 жұлдызында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, мәдениет және мерекелер мәселелерін қайта қарастырды. Аталған заң актісіне сәйкес 25 қазан еліміз үшін ұлттық мереке – Республика күні болып қабылданды.
Бұл мерекені - ұлттық мереке ретінде басты назарға ала отырып, ел аумағында тойлануы - өзіндік саяси-құқықтық, әлеуметтік-тәрбиелік, мәдени-руханилық тұстарды қамтитын маңызды тарихи феноменге айналып отыр. Республика күнін тойлаудың мемлекет пен қоғам тағдыры үшін қандай маңызды аспектілері бар?

Біріншіден, тарихи аспект тұрғысынан қарастыратын болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясы қабылдана отырып, бұны еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасаған тарихи маңызды күн ретінде айқындады. Айта кету керек, Қазақстан кеңестік республикалардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып өз Республикасындағы халықтың егемендігі туралы мәселені көтерді, оған түрткі болған оқиғалардың қатарында 1986 жылғы желтоқсандағы қозғалыс. Осыған байланысты, тарихшылар мен заңгерлердің пайымдауынша, еліміздің басты мерекесін 25 қазанда нақ осы Декларацияның қабылдануына орай атап өту заңды және тарихи тұрғыдан дұрыс деп есептелінеді. Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып өтіп, бұл мерекенің тарихи маңыздылығын айшықтады.

Екіншіден, саяси-құқықтық негіздегі аспектілер тұрғысынан. Қабылданған Декларацияда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері айқындалды. Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сондай-ақ, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Үшіншіден, Республика күнінің тойлануының тәрбиелік аспектісі. Яғни, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілетін Республика күні – өскелең ұрпақ пен жастардың сана-сезімі қалыптасуы барысында патриотизмнің, Отанға дейін сүйіспеншілікті және басқа да жағымды қасиеттерін дамытатын тәрбиелік аспектісі ретінде түсіндіреміз.

Төртіншіден, бұл он жылдан астам уақыт бойы ұмытылып қалған Республика күнінің мерекеленуінің мәдени-рухани қырлары. Бұл мейрамның қайтарылуының астарында үлкен мәдени мән бар екені күмән келтірмейді. Ұлттық мерекенің мемлекеттің одан әрі рухани бағытында дамуына оң әсері де бар. Осы мейрамның оралуымен елімізге еркіндік, сөз бостандығы құндылықтарының екпіні арта түсуде. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекеттің айқын көрінісі екенін ескере кетеміз.

Елдің жас ғалымдар қауымы Республика күнінің жаңғыруын қолдайды, өйткені кезінде 25 қазанды Ұлттық мерекелер күнтізбесінен шығару шын мәнінде қоғамда сұрақтар мен түсініспеушіліктер тудырды, ел назарын алаңдататын мәселеге айналды. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған алғашқы заң актісі ретінде еліміздің егемендігі туралы Декларацияның қабылданған күні лайықты түрде атап өтілуі жастар мен ғалымдар қауымы үшін үлкен қуаныш пен мәртебе!

Айман Кельдинова,
Философия, саясаттану және дінтану институтының
ғылыми қызметкері.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар