Қазақстан ғылымы

Ғалымдар жаңа тұқым – Байсардың етті-құйрықты қойын алды

12.09.2022

1276

Дүниежүзілік рейтингтік Animals журналында қазақстандық ғалымдардың «Жаңа қой тұқымы – Байсардың етті-құйрықты қойының SNP маркерлерінің геномдық құрамының сипаттамасы» атты мақаласы жарияланды. Авторлары: Наржан Жұмаділдов, Қайрат Досыбаев, Әйгерім Хамзина, Тілек Қапасұлы, Нұрлан Тілевлесов. Бұл туралы Генетика және физиология институтының баспасөз қызметі хабарлады.

Мал шаруашылығының ерте кезден-ақ орны бөлек. Ата-бабамыз малды будандастыру арқылы төлдердің жаңа түрін алуды да жақсы меңгерген. Қазіргі таңда, әсіресе, пандемиядан кейін қойдың етіне, майына деген сұраныс арта түсті. Бұл тұста отандық ғалымдарымыз да қарап қалған жоқ, қойдың жаңа тұқымын алып, оның еттілігін, жүнінің сапалылығын басқа да ерекшеліктерін арттыруда.

Генетика және физиология институтының аға ғылыми қызметкері Қайрат Досыбаев етті-құйрықты тұқымдарға жататын және қолайлы фенотиптік белгілері бар Байсары атты жаңа қой тұқымының генетикалық құрылымы мен популяциялық талдау нәтижелері туралы түсіндірген болатын.
«Біз бұл тұқымның ата-бабаларынан және басқа тұқымдардан генетикалық тұрғыдан ерекшеленетінін және жақын арада жеке тұқым ретінде тіркелуге болатынын көрсетеміз. Зерттеу Қазақстандағы қой тұқымдарының генофонды мен генетикалық әртүрлілігін түсінуге көмектеседі және фермерлердің Байсар қойына деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймыз», – дейді ол.

Ғалымдар Қайрат Досыбаев және Мақпал Амандықова

1990 жылдардың аяғында қой өсірушілер Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында орналасқан шаруашылықтарда, К.У.Медеубековтің қой шаруашылығында ет өнімділігі жоғары етті-құйрықты қойларды алу бойынша асылдандыру бағдарламасын қолға алды. Олар «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің филиалы болып табылатын ғылыми-зерттеу институтының құрамындағы тәжірибелік шаруашылықтары.

Жаңа тұқымды алу үшін қазақтың құйрықты ірі жүнді аналықтары өнімділігі жоғары Еділбаев тұқымының қошқарларымен шағылыстырылды. Содан кейін қолда бар аналық малдардың арасынан тірілей салмағы 60 кг және одан жоғары болатындары іріктелді. KFTCW×ED будандарының бірінші буыны гисар және ауғандық құйрықты тұқымдарының қошқарларымен будандастырылды. Одан әрі селекция арқылы жаңа Байсары тұқымы алынды.

Байсар тұқымының жануарлары ірі денелі, ұзын, жалпақ кеуделі, орташа немесе үлкен майлы құйрықты, ұзын аяқтарымен (ересек қошқарлардың шоқтығы биіктігі 85-100 см, қой 75-90 см) ұзын ланцетті құлағы және күшті тұяғымен ерекшеленеді. Байсар тұқымының қозылары басқа тұқым төлдерімен салыстырғанда тірі салмағы бойынша 15-20%-ға асып түседі. Ересек қошқарлардың тірілей салмағы 120-150 кг, аналықтары 75-110 кг, төрт айлық қошқарлар 40-60 кг, аналықтар 38-56 кг тартады.

Ғалымдар Байсар қойының генетикалық құрылымына сипаттама беріп, оны тектік тұқымдармен салыстыру үшін бес қой тұқымының 247 бас Ovine SNP50K генотипін жасағанын айтады.

Негізгі құрамдас бөліктерді талдау (principal component analysis (РСА) бойынша, байсар қойлары гисар және ауған құйрықты қойларға жақын. Дегенмен, Байсар қойы тұқымы жаңа болса да РСА-ның барлық басқа тұқымдарынан ерекше.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар