Өмірбек Оспанұлы Оспанов (1906-1993)
топырақ зерттеуші ғалым, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері,
Қазақстанда топырақтану ғылымының негізін қалаушы.
Қостанай облысы Федоров ауданының Тоғызақ ауылында дүниеге келген. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын үздік бітірген.
1936-1942 жылдары – КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесінің Геология және топырақ секторларының ғылыми қызметкері, Жезқазған тәжірибе станциясының директоры. 1942-1946 жылдары – КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Президиумы бастығының орынбасары, Топырақтану және ботаника институтының директоры. 1946-1968 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Топырақтану институтының директоры қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан топырағының генезисі мен географиясына, топырақ түрлерін жіктеуге арналған. Қазақстан жерін жоспарлы түрде зерттеп, оның жер қорларын ғылыми негізделген жолдармен тиімді пайдалану мақсатында арнайы ғылыми мекеме ашумен айналысты. Соның нәтижесінде 1939 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрамында алғашқы рет топырақтану секторы ұйымдастырылды. Бұл секторды басқару үшін Ө. Оспанов ресейлік ірі ғалымдардың бірі А. Бессоновты шақырды.
Соғыс жылдарында академик И. Герасимов, профессор М. Глазовская, Е. Лобова бастаған біраз ғалымдардың Алматыға көшіп келуі де топырақтану секторының ғылыми әлеуетін арттырып, оны ғылыми-зерттеу институтына айналдыруға мүмкіндік туғызды. Бұл мәселеге Ө. Оспановтың КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Президиумы бастығының орынбасары қызметін атқаруы да көп септігін тигізгені анық. Сонымен 1943-1944 жылдары филиал құрамында топырақтану мен ботаника институты жеке ғылыми-зерттеу институты болып жеке бөлінді. Бұл екі институтты да Ө.Оспановтың өзі басқарды. Ал 1969-1976 жылдары арасында қызметін өз еркімен шәкірттеріне ұсынып, өзі институттың топырақ генезисі мен географиясы бөлімін басқарды. 1977 жылдан бастап өмірінің соңына, яғни 1993 жылдың 8 сәуіріне дейін топырақтану институтының жетекші ғылыми қызметкері және директордың кеңесшісі қызметін атқарды.
В. Докучаев атындағы топырақтану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып жүргенде Ө. Оспанов академик И. Герасимов және профессор Е. Иванованың жетекшілігімен өте құнды ғылыми зерттеулер жүргізген. Алғаш сортаң топырақтарды жақсарту үшін оларға гипс ендіру жөнінде тәжірибе жүргізсе, кейінірек бұл зертханалық жұмыстың нәтижелерін Түркімениядағы тақырлы топырақтарға кеңінен енгізіп, бірнеше жыл тәжірибе жұмыстарын жалғастырды. Нәтижесінде «Тақырлы топырақтардың пайда болуы және оларды жақсарту» жайында диссертациялық жұмысын В. Докучаев атындағы Топырақтану институты ғылыми кеңесінде жемісті қорғаған. Диссертацияны 1940 жылы В. Докучаев атындағы топырақтану институты «Генезис и мелиорация такыров» деген атпен жеке монография етіп шығарды.
Ө. Оспанов республиканың, оңтүстік облыстардың топырақ карталарын жасады, жазық жерлер топырағының географиялық- генетикалық, аймақтық, тағы басқа да ерекшеліктерін сипаттап, топырақ түрлерін аграрлық-өндірістік топтарға, табиғи аймақтар мен облыстарды топырағына қарай категорияларға бөлді. Жыртуға жарамды тың жерлерді іріктеу жөніндегі зерттеулерге басшылық жасады.
Ол Қ. Сәтбаевтың бастамасымен қолға алына бастаған үлкен Жезқазғанды халық шаруашылығына игеру мәселелерімен айналысты. Жезқазған аймағы жартылай шөлді аймақ. Бұл өңірдің жерасты қазба байлықтарын игеру үшін елді мекендер пайда бола бастаған тұс еді. Міне, осы қалашықтарды көгалдандыру және халқын көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған маңынан осы өңірдің топырағын жақсарту үшін тәжірибе алаңын ұйымдастырды. Сол Ө. Оспановтың ұйымдастырған алғашқы тәжірибе алаңында қазірге дейін Ғылым академиясының ботаника бағы жұмыс істейді.
Ө. Оспанов Қазақстандағы топырақтану саласындағы жетістіктерін халықаралық жиындарға қатысып, атап айтқанда, Қытайда, Румынияда, Үндістанда, Франция мен АҚШ-та болып, халықаралық кеңестерде баяндамалар жасады.
Өмірбек Оспанұлының істеген көпжылдық жемісті еңбектері елеусіз қалған жоқ. Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Ғалымның аты «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізілді. 1996 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылғанына 50 жыл толуына байланысты Топырақтану институтына, «Топырақтану және агрохимия зерттеу орталығына» Ө. Оспановтың аты берілген.
2006 жылы 14-15 желтоқсанда топырақ зерттеуші ұлы ғалым Ө.О. Оспановтың 100 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ө. Оспановтың басқаруымен «Қазақстанның топырақтары» («Почвы Казахстана») атты 14 томдық зерттеулер жинағы жарық көріп, жүздеген ғылыми еңбектері мен бірнеше ірі монографиялары жарияланған.
Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том,
Есбол Жамалбеков, «Егемен Қазақстан» газеті 2006/08/09.