Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин (1912-1984) гидрогеолог және географ, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі,
геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор,
ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері,
ҚазССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин сонау 1912 жылы дүниеге келген. Бала кезінен тағдыр оған қиын сынақтар дайындады. Бала 4 жасында жетім қалды – оның барлық туыстары, өзі тұратын бүкіл ауыл шешек ауруынан қайтыс болды. Балаға тентіреп, аман қалу жылдары басталды. Ол біраз уақыт молданың қолында болып, байдың қойын бақты. Өткен ғасырдың 20-жылдарында билік ауысқан соң Петропавлдағы балалар үйіне түсіп, кейін Орынбордағы мектептерде оқыды.
Болашақ ғалымның осындай қиын-қыстау кезеңде, ауыр заманда аман қалуы таң қаларлық жағдай. Ең бастысы, жас Уфа адамдарға деген сенімін жоғалтпады, білімге, ғылымға қызығушылық танытты, өмірдің барлық кедергілерін жеңіп, өз мақсатына жетуді үйренді.
1930-жылдары Орталық Азия геологиялық барлау институтының студенті Уфа өзінің болашақ кәсіби өмірінің бағытын – су ресурстарын зерттеуді таңдады.
Талантты студент Өзбекстан КСР Ғылым академиясына кіші ғылыми қызметкер қызметіне жіберілді, кейін Мәскеу геологиялық барлау институтында аспирантурада оқуын жалғастырады.
Еңбек жолын академиялық түпкірінен бастаған Уфа Меңдібайұлы 1965 жылы өзі 20 жыл басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Гидрогеология және гидрофизика институтының ұйымдастырушысы әрі директоры болды.
У.М. Ахмедсафиннің жетекшілігімен жүргізілген ғылыми гидрогеологиялық зерттеулер кеңестік кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап берді.
Оның үстіне қазақ ғалымының ғылыми еңбектері классикаға айналып, дүние жүзіндегі ғылыми гидрогеологтар үшін негіз болды.
Уфа Меңдібайұлы Ахметсафин жүздеген шәкірттер, инженерлер дайындаған қазақстандық ғылымның көрнекті ұйымдастырушыларының бірі.
Оның ғылыми зерттеулерінің өзектілігін уақыт көрсетті. Қазіргі уақытта сапалы су ресурстарына қол жеткізу құқығы адамзаттың басты сын-қатерлерінің біріне айналды және БҰҰ-ның тұрақты даму күн тәртібіне енгізілген.