Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиев

биология ғылымдарының докторы, профессор, 

Қазақстан ғылым академиясының академигі, 

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері

Ұлы Отан соғысының ардагері.

 

Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын (1935, қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетті) бітірген. Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би (бұрынғы Қаратас) ауданында агроном қызметінен бастаған (1935 - 1936). Кейін Ұлы Отан соғысына аттанып, қатарластарымен бірге майдан шебінде болған. 

Соғыстан кейінгі жылдары өз мамандығы бойынша Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі (1946–1949), институт директоры (1949 - 1953) болып жұмыс істеген. 

Бұдан бөлек Гурьев (қазіргі Атырау) мемлекеттік ауыл шаруашылық тәжірибе ст-ның, Қазақ жеміс-жүзім шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастырушысы, тұңғыш директоры (1953 - 1959), Қазақстан ғылым академиясының Биология ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Төралқа мүшесі (1962–1970) болды. 

1970 жылдан бастап Қазақстан ғылым академиясының Бас ботаника бағында қызмет істеді. Аймақ Жанғалиұлы 1970 - 1980 ж. жабайы жеміс-орман өсімдіктері бөлімін басқарды. 

1980 жылдан Ботаника және фитоинтродукция ғылыми-зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, сондай-ақ «Өсімдіктер генофондысы» ЖШС-нің бас директорына дейін өсті. 

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы жеміс ағаштарының биологиялық алуан түрлілік генофондысын сақтау және оны тиімді пайдалануға арналған. А. Жанғалиев бақ шаруашылығын жүйеге келтіріп, жеміс-жидек және жүзім ағаштарын өсіру әдістерін жетілдірді. Жанғалиев жеміс-орман ағаштарының селекциясы мен генетикасын зерттеген.