EXPO-2017

Венада австриялық компаниялардың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу жайы талқыланды

26.11.2014

9148

ЭСПО-2017 Комиисары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Австрия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар барысында Австрияның Еуропа, интеграция және халықаралық істер жөніндегі Федералды министрілігінің, Австрия ғылым, зерттеулер мен экономика Федералды министрлігінің, Федералды экономикалық палатаның, туроператорлар мен туристік агенттіктер Қауымдастығының, сонымен қатар құрылыс, туризм, логистика және қайта жаңартылатын қуат көздері саласындағы жетекші австриялық компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Австрия ғылым, зерттеулер мен экономика Федералды министрінің орынбасары Бернадетте Гирлингермен кездесу осы кезеңде Астрия астанасында өткізіліп жатқан Вена экономикалық форумы алаңында өткізілді.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуды, оның ішінде австриялық компаниялардың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу мүмкіндігін талқылады.

Р.Жошыбаев көрмеге дайындық барысы туралы ақпараттандырып, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың атынан Австрия Федералды Президенті Х.Фишерге жазылған шақыру хатының түпнұсқасын ұсынды. Альпілік республиканың баламалы және жаңартылатын қуат көздерін дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екендігін ескере отырып, Р.Жошыбаев Австрияның ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысатындығына өз үмітін білдірді.

Өз кезегінде, Гирлингер ханым мемлекеттің пайдаланып отырған қуат көзінің 75%-ы жаңартылатын қуат көзінің есебінен туындайтығын атап өтіп, Австрияның көрмеге қатысуға қызығушылық танытып отырғандығын нақтылады.

Кездесу нәтижесі бойынша 2015 жылы өткізілетін қазақстандық-австриялық үкіметаралық комиссия отырысы аясында ЭКСПО-2017 ұйымдастыруға австриялық компанияларды тарту мүмкіндігін қарастыру туралы келісім жасалды.

Австрияның Еуропа, интеграция және халықаралық істер жөніндегі Федералды министрілігінің Бас хатшысы Михаэль Линхартпен өткен кездесуде визалық режимді жеңілдету, әуе рейстерінің жиілігін арттыру, сауда-экономикалық және құқықтық өзара қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды.

Р.Жошыбаев ҚР бастамалары туралы, оның ішінде ЭКСПО-2017 және Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы айтып өтті. Көрме комиссары австриялық компаниялардың аталған жалпыұлттық іс-шараларға қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсіп, оның жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік туғызатындығын атап өтті.

Кездесулер нәтижесінде Линхарт мырза Қазақстанның аймақтағы басты серіктес екендігін айтып, австриялық тараптың ҚР бастамаларын жүзеге асыруға барынша қолдау көрсететіндігін растады.

Сондай-ақ, Австрияның Федералды экономикалық палатасының вице-президенті Ричард Шенцпен және «Waagner Biro» басшылығымен болған кездесуде көрме Комиссары Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін әзірлеуде түрлі салалар бойынша жетекші австриялық компанияларды жұмысқа тарту мәселелерін талқылады.

25 қараша күні Рәпіл Жошыбаев Австрияның Федералды экономикалық палатасы Венадағы ҚР Елшілігімен бірлесе отырып ұйымдастырған «Kazakhstan» экономикалық Форумында сөз сөйледі. Форум жұмысына туризм, жасыл технологиялар өндірісі мен құрылыс саласындағы 50-ге тарта австриялық компания қатысты.

Форум аясында көрме Комиссары австриялық туроператорлар қауымдастығы және «EUDS Sengstschmied Development Co» компаниясы басшылығымен кездесулер өткізді. Нәтижесінде тараптар туризм саласында және тәжірибе алмасу бойынша серіктестікті жандандыру туралы келісімге келді.

Дереккөзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар