ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және оны өткізу бойынша өзара ынтымақтасу туралы келісті
Астана әкімдігі және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және оны өткізу бойынша өзара ынтымақтасу туралы келісті деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен кездесті.
Қала әкімі мен ұлттық компания басшысы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша өзара әрекеттестік мәселелерін талқылады.
Ә. Жақсыбеков өз сөзінде, Ұлт Көшбасшысы тапсырған міндеттерді, тығыз қарым-қатынаста орындау қажеттігін атап өтті.
- Біздің әрекеттеріміз, инженерлік желілерді, жолдар мен нысандарды салуда, бір сөзбен айтқанда көрме қалашығына қатысты барлық мәселелер бойынша үндесіп жұмыс істеуге бағытталуы тиіс, - деді әкім.
Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу қорытындысы бойынша Жол картасы қабылданды. Онда көрме кешендері құрылысы, көлік-инженерлік инфрақұрылымы, қалалық қоғамдық көлік жүйесін және туризмді дамытудың нақты жолдары көрсетілген.
Құжатта көрме қонақтарының қауіпсіздігі мен оларға жайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған шаралар кешені де көрініс тапқан. ЭКСПО-2017 бренд ретінде танымалдылығын арттыру мен волонтерлік қызметті ұйымдастыру мәселесі бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар да қарастырылған.
Дереккөзі: baq.kz