Мемлекет басшысы: Жалпы ғылымға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтеміз. 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткіземіз
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы болып өтті. Бұл отырыста көптеген мәселелермен қатар білім және ғылымға байланысты көкейде жүрген мәселелер де көтерілді. Әсіресе білімді жастарымыздың өз елімізде емес, шет елдерде білім алуға талпынуына назар аудару қажеттігі айтылды.
сурет akorda.kz сайтынан алынды
– Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны 3 есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ. Еліміздің 10 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы. Бұл межеге 2025 жылы жетуіміз қажет, – деп, қадады Президент.
Сонымен қатар, біздің ғылыми инфрақұрылым еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді шешуге әлі қауқарсыз екенін жеткізді.
– Мұны ашық мойындау керек. Ғылым кадрларын даярлау үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасау керек. Сондықтан жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн. Жетекші ғылыми орталықтарымызға докторантурадан кейінгі ізденіс үшін арнаулы мемлекеттік тапсырыс беру қажет. Сондай-ақ, докторантураға бөлінетін гранттардың құнын арттыру керек. Докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезеңде негізінен стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет. Сонымен қатар Елбасының жас ғалымдар үшін жыл сайын грант бөлу жөніндегі бастамасын жалғастырған жөн. Оның алдағы 3 жылға арналған жалпы құны 3 миллиард теңге болады, – дейді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, ғылымға баса мән берілетінін алға тартқан Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы ғылымға бөлінетін қаржының жоспарлы түрде көбейетінін жеткізді.
– 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржыны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткіземіз. Осы ретте біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек, – деді Президент.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқытуды барынша арттыру мәселесіне тоқталды:
- Тағы бір өзекті мәселе. Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз қажет. Бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару керек. Олар тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді, - дейді Мемлекет басшысы.
Толқын Садырова
Қоғаммен байланыс бөлімі