Өзектi

Гравитация теориясын дамытқан қазақ ғалымы

28.08.2017

5565

Бүгінгі күнге дейін әлемнің үдемелі ұлғаю себептері туралы бірыңғай теорияның жоқ екендігі белгілі. Және мұндай теорияның жылдар бойы жасалған зерттеулердің нәтижесінде ғана қалыптасатындығы тағы мәлім (мысалы, Эйнштейн салыстырмалылықтың жалпы теориясын жасауға 40 жыл уақытын құрбан еткен).
Өз біліміне, күш-қайратына сенген ғалым Рәтбай Мырзақұловтың көпшілік ғалымның тісі бата бермейтін Ғаламды және оның үдемелі даму себептерін гравитация теориясын дамыту арқылы зерттеуі халықаралық танымал ғылыми журналда (European Physical Journal C, 2011, v.71, N9, 1752) жарияланған «Accelerating universe from F(T) gravities» атты мақаласы шетел ғалымдарын елең еткізбей қоймады.
Қазақ ғалымы ұсынған тың жаңалыққа шетелдік ғалымдар беделді басылымдарда бірінен кейін бірі сілтемелер жасай бастады. Сонымен қатар «Nearly Starobinsky inflation from modified gravity» және «Reconstruction of gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics» атты мақалалары Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурстар мәліметі бойынша 2005-2015 жылдардағы әлемдегі 1% жоғары сілтемеге ие болған еңбектердің құрамына енді.
Қазақстандағы физика бойынша ең көп сілтемеге ие болған алты мақаланың үшеуі қазақ физигіне тиесілі. Осылайша, ол Қазақстанның іргелі ғылымын космология және астрофизика саласы бойынша әлемдік деңгейге көтерді. Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған Рәтбай Мырзақұловтың «Қазақстандық іргелі ғылымды әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығаруға икемдеуші нақты ғаламның қасиеттерін сипаттайтын гравитация теориясын дамыту» атты ғылыми жұмысы дәл осы саладағы зерттеулерінің нәтижесі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Жал­пы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, университет жанындағы «Еуразиялық халықаралық теориялық физика орталығы» ғылыми зерттеу институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов іргелі ғылымдардың жаңа бағыттарының бірі − солитондар теориясын Ресейден Қазақстанға тұңғыш алып келген ғалым.
Табиғаттың күрделі де тылсым физикалық құбылыстарын математика тілінде сипаттайтын Рәтбай ұсынған теңдеулер әлемдік деңгейде танылып қана қоймай, осы саладағы көп­теген шетелдік ғалымдардың зерттеулерінің қайнар көзіне айналып, «Мырзақұлов теңдеулері» деген атқа ие болды. Ғалым Рәтбай Мырзақұлов негізінен физиканың теориясымен айналысады. Оның мақсаты космология саласының (әлемнің неге үдемелі түрде кеңіп бара жатқандығын) негізін, табиғатын, яғни теориясын түсіндіру. Бұл бағытта дүниежүзінің көптеген ғалымдары тер төгуде.
Солардың арасында Рәтбай Қағазұлы бас­таған қазақстандық ғалымдардың жүруі – еліміз үшін үлкен абырой. Ғалымның астрофизика, гравитация және космология саласын зерттеудегі еңбегі шетел мамандарының халықаралық деңгейдегі жоғары бағасын алғандығын атап өткен орынды. 2015 жылы «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы мен Springer халықаралық басылымдар компаниясы белсенді түрде ғылыми мақала жариялап, әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан Орталық Азияның белді ғалымдарына арналған «Top Springer Author» сыйлығын тапсырғаны көпшілікке мәлім. Солардың қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі Рәтбай Мырзақұловтың болғаны еліміз үшін үлкен мәртебе.
Ғалымның ұзақ жылғы ғылыми еңбегі өз нәтижесін беруде. Соның айғағы ретінде, мәселен, мына жетістіктерді айтуға болады: - осыдан 25 жылдай бұрын ұсынған «Мырзақұлов теңдеулері» атты теңдеулерін алыс шетел ғалымдары қабылдап зерттеуде; - Thomson Reuters мәліметі бойынша әлемдегі ең жоғары сілтемеге ие 1% мақалалардың ішіне Қазақстан ғалымдарының 12 мақалалары кіреді екен. Сонын 4-еуі ғалымның үлесінде; - Орталық Азия бойынша «Top Springer Author 2015» сыйлығы (2015 ж.); - Thomson Reuters берген Орталық Азия бойынша «Ғылым көшбасшысы» сый­лығы (2015 ж.) және т.б. Жоғарыда келтірілген деректерге сүйе­ніп, ой елегінен өткізсек, Рәтбай Мырзақұловтың «Қазақстандық іргелі ғы­лымды әлемдегі озық жетістіктер дең­гейіне шығаруға икемдеуші нақты ға­ламның қасиеттерін сипаттайтын гра­витация теориясын дамыту» атты жұ­мысы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына лайық екендігіне көз жеткіземіз.

Қазбек БАҚТЫБЕКОВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөзі: egemen.kz


«« | »»
Соңғы жаңалықтар