Әділ ЫБРАЕВ, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының президенті: Озық инновация ғылымға емес, мемлекетке керек
Озық инновация ғылымға емес, мемлекетке керек «Қатарлы технологияны сатып алуға болады» деген пікірді қолдай бермеймін. Себебі, бірде-бір ел өздері пайдаланбай, жемісін көрмей жатып технологиясын сыртқа сатпайды.
Дамыған елдер, ең алдымен ғылым мен білімге инвестиция салады. Инновация ғылымға емес, мемлекетке, қоғамға керек. Ғылым елдің экономикасының дамуына қаншалықты үлес қосып отыр деген мәселе барлық елде өзекті.
Әзірге елде бұл сауалға нақты жауап жоқ. Статистика да үнсіз. Білім және ғылыми министрлігі 2014 жылы мемлекеттің ғылыми зерттеулерге бөлген қаржысы 66,4 млрд теңгеге жеткенін айтады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Жүздеген ғылыми бағдарламалар қаржыландырылды. Тек өткен жылы ғана 118 ғылыми еңбек өндіріске жол тартты. Бірақ бұл көрсеткіштер ғалымдарымыздың әлеуетімен салыстырғанда мардымсыз. Себебі, ғалымдарымыздың басым көпшілігі нақты секторға не қажет екенін білмейді. Арадағы байланыс әлсіз. Екі тараптың дамуына тосқауыл болып тұрған кедергі осы. Біз мұны елде ғана емес, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті ғылыми бағыттағы өндірісті қалыптастыру арқылы ғана жоя аламыз.
Еуропа және Азия елдері үшін біз айтып отырған идея жаңалық емес. Олар алдыңғы қатарлы технологиялар шығаратын өндіріс орындарына бірінші кезекте басымдық берді. Қазір ол елдер үшін мұндай өндіріс орындары ұлттық жоба деп қабылданады. Біздің ғылымдарымыздың әлеуеті осындай өндіріс орындарының негізі болуға әбден болар еді. Бұл үшін ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қалыпқа келтіру керек. Үкімет бірінші кезекте сырттан технология сатып алуға емес, ғалымдарының мүмкіндігіне көңіл бөлсе екен деймін. Бірақ әзірге мұндай ұсыныс тек бір жақты ғана айтылуда. Себебі, қаржыландырудың мөлшері де, зерттеу бағытының нәтижесі қаржыландыру мен бақылаудың нәтижесі немесе пәрменіне емес, институттық құрылымдардың жұмысына байланысты. Талантты һәм жас ғалымдарымыздың өзі бір мезгілде ғылым мен оны өндіріске енгізумен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Бұл үшін соған сәйкес құрылым және мамандар болуы қажет. Сондықтан үкіметтік деңгейде тәжірибелік-өндірістік базаларды ашу туралы мәселені көтеретін кез келді. Онда тек тәжірибе ғана емес, ғылыми жобаны өндіріске енгізудің де мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Мұндай орталықтарды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жанынан ашуға болар еді. Бұл тәжірибе әлемдік ғылыми ортаға жат емес. Мысалы, Норвегияда жергілікті нарықта жұмыс істеп жатқан шетелдік корпорациялар бірінші кезекте сол елдің технологиясымен хабардар болуы тиіс. Жергілікті ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми жобаларына басымдық беріледі. Оны қаржыландыратын инвесторлар Үкімет тарапынан салық жеңілдіктері мен преференцияға ие болады. Таратып айтқанда, Норвегия мұндай жағдайда қосымша құн салығын 18-20 пайызға дейін төмендетуге дайын.
2015 жылдың аяғына дейін Ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы заң қабылданады. Бұл ғылыми ортаға жаңалық әкелетіні даусыз. Мен болашақ заң жобасына біраз ұсыныстар айтқым келеді. Себебі, бізде «ғылым – өндіріс – нарық» деген түсінік әзірге тек ғалымдардың идеясынан әрі асқан жоқ, мемлекеттік тұрғыда толыққанды жүйеленбеген. Белоруссияда бұл міндетті Ғылым мен технология комитеті атқарып отыр. Нәтижесі – Белоруссия ЕЭО дайын өнімдер экспортынан алдыңғы қатарға алып шықты.
Мұндай жағдайда мемлекеттік тұрғыда реттеп, үйлестіріп отыратын құрылым қажет деп ойлаймын. Әзірге «Ұлттық ғылыми-техникалық» ақпарат орталығы ғылыми орта үшін біріктіруші-үйлестіруші міндетін атқарып отыр. Бізге ғылым – өндіріс – нарық арасындағы байланысты жүйелендіріп отыратын орталықты ашатын кез келді.
Дереккөзі: aikyn.kz