Өзектi

Қазақстандық ғалымдар тұңғыш рет бериллий металын алудың экологиялық таза технологиясын жасап шығарды

07.04.2015

5158

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған бір топ ғалым тұңғыш рет бериллий металын алудың экологиялық таза технологиясын жасап шығарып, АҚШ-тың екі патентіне ие болды. Бұл туралы аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Құрамында бериллийі бар шикізатты кен орындарынан экологиялық таза технологиямен алу әдісі әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамына кіретін және өндірушілердің жоғары бағасына ие Үлбі металлургиялық зауытының (ШҚО, Өскемен қ.) зертханасында арнайы құрылғыда жасалған. Ғалымдардың есебі бойынша жаңа технологияны өндіріске енгізу зор экономикалық нәтиже бермек. Өйткені, бұл технологияны қолдану барысында жоғары температуралық үдеріс болмайды. Сәйкесінше, көп қуат көзі қажет етілмейді, зиянды газдар бөлінбейді және металды еріту кезінде отқа төзімді қымбат бағалы құралдар қажет емес.

Сарапшылардың ойынша, Қазақстандық ғалымдардың технологиясы, сөзсіз ел ішінде және өзге елдерде жоғары бәсекеге қабілетті.

Оның үстіне АҚШ патентіне ие болу - Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетінің және әлемдік деңгейде жетістіктерінің мойындалып жатқандығын білдіреді. Қазіргі уақытта бірнеше отандық өнеркәсіптік компаниялар университетке осы технологияны ендіру жайында әріптестік ұсыныстар түсіруде.

Айта кетелік, бүгінде Қазақстан әлемде алдыңғы қатарлы бериллий өндірушілердің бірі. Сонымен қатар, Халықаралық Термоядролық тәжірибелік реактор жобасын бериллий материалдарымен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл жобаға сондай-ақ, Жапония, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай және Еуропалық Одақ елдері қатысады.

«Университеттің осындай зерттемелерінің сұранысқа ие екендігі және еліміздің табысты индустриалды-инновациялық дамуына оң ықпал ететіндігі сөзсіз», - делінген хабарламада.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар