Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы қызметкерлерімен кездесті.
Іскерлік жағдайында өткен есепті кездесуде Елбасы назарына екі ғылыми орталық, атап айтқанда «Nazarbayev University Research and Innovation System» мен «Өмір туралы ғылымдар орталығы» құрылған сәттен бастап алынған трансляциялық және дербестендірілген медицинаны, иммунобиологияны, физика мен нанотехнологияларды дамыту саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелері ұсынылды.
Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу академиялық нәтижелер және биылғы алғашқы түлектерді оқытып шығаруға дайындық туралы баяндады.

Есепті кездесу аясында Мемлекет басшысы екі ғылыми парктің зертханаларында және ілкі технопаркте болып, одан кейін коммерцияландырылатын зерттеулер жобаларының нәтижелерімен танысты. Атап айтқанда, «NURIS» ғалымдары «Heartstitch» жобасының ауқымында Ұлттық медицина холдингімен бірлесіп, әртүрлі патологиялары бар науқастардың жүрегіне операциялар жасауды бастады. Қазақстан үшін мүлде жаңа операциялардың түрлері көкірек қуысын кеспестен жүрек ауруларының проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Ал «Өмір туралы ғылымдар орталығы» ғалымдары геномдық зерттеулер саласындағы бірқатар жобаларды таныстырды. Олардың арасында обыр ауруларының туындауын болжау жөніндегі жоба да бар. Оның нәтижелерін пайдалана отырып, обыр ауруларының алдын алу және емдеу бойынша барынша ерте әрі мақсатты жұмыстар жүргізуге болады.
Сонымен қатар кездесу барысында жасушалардың жиырма түріне дейін сұрыптауға мүмкіндік беретін бірегей ғылыми аспаптар, микроскоп, сандық фокусы бар жасуша сұрыптаушы көрсетілді. Бұл аспаптар биомедициналық және экологиялық зерттеулерде қолданылуы мүмкін.
Бұдан бөлек «NURIS» ғалымдары «диагностикалық шеңбер» деп аталып жүрген жұқпалы аурулардың жедел диагностикасы бойынша жоба ұсынды. Сынақ кезінде иммунологиялық және электрохимиялық реакцияларды біріктіретін қағаздағы микрофлюидті чипке негізделген.

Дереккөзі: inform.kz