Өзектi

Балтабек Қанғожин: Ғылым саласына реформа керек

13.02.2015

7183

Өмір-дерек:

*1953 жылдың 22 тамызында Көкшетауда дүниеге келген.
*1970 жылы Көкшетаудағы «Нежненская» орта мектебін тәмамдаған соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне (ол кезде С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) оқуға түседі. Үш жылдан соң Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысады.
*1975 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, осы оқу ордасына аспирантураға қабылданады.
*1983 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертация қорғайды.
*1983 жылы Қазақ Ұлттық университетінде ассистенттіктен басталған еңбек жолы күні бүгінге дейін осы оқу ордасында жалғасуда, бүгінде «Іргелі математика» кафедрасының меңгерушісі.
* 2005 жылы ҚазҰУ-де докторлық диссертация қорғаған.
* ҚР ҒжБ министрлігі бақылау комитетінің математика және информатика бойынша кеңестің эксперт мүшесі.
* 100-ден аса ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

– Балтабек аға, математика ғылымы – ғылымның күрделі салаларының бірі емес пе, бұл салаға қызығушылығыңыз неден басталды?
– Әкемнің шын аты Есмұхаммед Қанғожин еді, бірақ кеңестік дәуірде діни есімдерді өзгертіп айтатын болған ғой, менің де әкемнің аты «Есман» деп аталып кеткен. Сегіз ағайынды болған екен. Руы қожа болғандықтан ба екен, бәрі де дінді оқыған. Екі ағасы Уфада Ғалия медресесін, одан кейінгі ағасы Троицкіде оқыпты. Кейінгі төртеуі Тобыл тау-кен институтын бітірген. Менің әкем де Тобылда оқыған, мамандығы математик еді. Өзі соғысқа қатысқан, соғыстан кейін 40 жылдай мектепте бала оқытты. Алайда, мені математикаға әкем емес, анам Күлшара Сейсембекова бейімдеді. Ол кісі есепші еді. «Отчет» тапсыратын кезде шотпен есептейді де, «баланс шықпай қалды» деп, қайта-қайта шот қағып шаршап отырады. Оның үстіне, үй шаруасы бар, бала-шаға бар, келімді-кетімді қонақтар бар, сондай кезде әлгі «отчетын» маған береді. Мен сонда небәрі бесінші сыныпта оқимын. Анамның есебін шығарғанда өзімше бір жаңалық ойлап таптым: әр бес жолға бөлек-бөлек баланс жасап аламын. Солайша 30-40 жолды есептеп, тепе-теңдікті шығарамын. Ал оның бәрін тұтас бірге есептесең, қателесіп кетуің мүмкін.
Үйде «Математика в школе» журналаның тігіндісі бар еді. 1946 жылдан бастап, әр жылдыкі бөлек-бөлек қатталып тұратын. Әлгі журналдарға қатты қызығатынмын. Бірақ әкем «тиме, қозғама» деп рұқсат етпейтін. Ол кісі тыйым салған сайын оқығым келеді. Бір номерде қандай да бір есеп берілсе, екі-үш номерден соң сол есептің шешімі жарияланады. Соған қызығып, әкем жоқта ақтарып оқып, есептерін өз бетімше шығарып, кейінгі номерлерден шешімін қарап, сосын журналды әдемілеп қайтадан орнына қойып қоямын. Осылайша, бала кезден есеп шығаруға қызықтым, сондықтан менің басқа салаға баруым мүмкін емес еді…
– Мәскеу мемлекеттік университетінде оқу бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін сыбаға. Оның үстіне қазақ баласының ондай оқу ордасына түсуі өте сирек құбылыс. Бұл жағынан сіздің жолыңыз болған сияқты?..
– 1970 жылы мектеп бітірдім. Көкшетауға Новосібір жақын ғой. Оныншы сыныпта жүргенде сол қалаға KMS_2773математикадан олимпиадаға барып, Новосібір институтына нөмірі бірінші жолдаманы жеңіп алдым. Сол институтқа барамын деп жүргенімде, анамды біреулер айнытыпты, «ол жаққа барса балаң орыс болып кетеді, орыс емес, тіпті, бір чукча қызды алады да, чукча болып кетеді…» деп. Содан шешем шошып, «Алматыда да сондай институт бар екен, барсаң Алматыға барасың, әйтпесе ешқайда бармайсың» деп шарт қойды. Амал жоқ, анамның айтқанына көнуіме тура келді. Сөйтіп, Алматыға келдім. С.Киров атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түстім.
Орыс мектебінде оқыдым дедім ғой, қазақша мүлде білмейтінмін. Студент шағымда қазақшаны оқып, үйрене бастадым, өйткені курстастарым, жатақханада бірге тұратын жора-жолдастарымның көпшілігі ауыл балалары еді, солардың қасында жүріп қазақшаны тез меңгеріп алдым. Екіншіден, мектеп жасына дейін тілім қазақша шыққан, ана тілім миымның бір бөлшегінде сақталған ғой…
3-курстан кейін Мәскеудің М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетіне ауыстым. Бүгінгі күні Мәскеу университетінің ректоры Виктор Антонович Садовниничий ол кезде декан еді, университетті тәмамдаған соң сол кісінің жетекшілігіне аспирантураға түстім. 1975 жылы, Мәскеуде жүрсем де, шешемнің арманы орындалып қазақ қызына үйлендім…
– «Қазақ математиктері» дегенде біздің білетініміз – Асқар Жұмаділдаев, Уалбай Өмірбаев, Мұхтарбай Өтелбаев, яғни, саусақпен санарлық. Әлде өзге де мықтыларымызды біз тани алмай жүрміз бе?
– Сіз атын айтқан осы үш математик те ғылымға өлшеусіз үлес қосты, әлемнің ең мықты университеттерінде дәріс оқиды. Мысалы, Асқар Жұмаділдаев – аты алты алашқа ғана емес, күллі әлемге жайылған математик. Уалбай Өмірбаев әлем ғалымдары жылдар бойы шеше алмаған «Нагата проблемасын» шешті. Ал Мұхтарбай Өтелбаев – әйгілі Штурм-Лиувилл операторының әмбебап формуласының шешімін тауып, әлемге танылды. Өтелбаевқа Асқар Жұмаділдаев «Нөмірі бірінші математик» деген ат берген. Қазақ деген саны аз халық үшін осындай мықтылардың шығуы үлкен мақтаныш қой. Негізі бізде осы кісілер сияқты мықты математиктер аз емес. Алайда жұрт оларды біле бермейді. Өйткені олар математика ғылымындағы әлемдік проблемалардың шешімін тапқан жоқ. Олардың ішінде өзім де бармын. Біз қарапайым тіршіліктен шыға алмай қалған сияқтымыз. Математика ғылымындағы шағын шеңберде қалып қойдық деп ойлаймын. Оның үстіне, математик-тер тым қарапайым халық, сөзге жоқ… өз-өздерін насихаттауға бейім емес, ашқан жаңалықтарын жариялауға асықпайды…
– Мықты математиктердің деңгейін қандай критериймен өлшеген дұрыс – шәкірттерінің санымен бе, ашқан жаңалығының ауқымдылығымен бе, еңбек өтілінің ұзақтығымен бе?..
– Біздің ғылыми жүйеде ғалымның мықтылығы шәкірттерінің санымен бағаланатын критерий бар. Алайда, ғалымның деңгейі, дәрежесі оның ашқан жаңалығымен, ғылымға сіңірген нақты еңбегімен бағаланғаны жөн деп ойлаймын.
– Қазақ математикасының бүгінгі деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Жалпы алғанда, көңілім толады. Бірақ бізге реформалар артық болмас еді. Елбасымыз өзінің «Жалпы еңбек қоғамына 20 қадам» деген мақаласында білім-ғылым саласына көңіл бөлу туралы ерекше атап өтті. Ғылым саласына реформа керектігін, жаңа заманға лайық ғылыми жаңартуларды жүзеге асыруымыз қажеттігін баса айтты. Мысалы, осыдан 100 жыл бұрын өмірден өткен бір мұғалім және бір хирург ғайыптан тіріліп, осы заманға тап болса, онда мұғалім бір-екі күннен кейін қиналмай-ақ балаға білгенін үйретіп, сабақ беріп кете алады. Өйткені дәл сол тақта, сол бор, жарайды, сапасы бөлек шығар… өзіне қарап отырған сол шәкірттер… Ал егер хирург тіріліп келсе, онда ол өз міндетін орындай алмайды, өйткені ғылым қарыштап дамып кетті, жаңа технологиялар іске қосылды… Яғни, білім саласында консервативті өзгерістер өте баяу. Балалардың психологиясы да өзгерді. Бұрын кітаптарды асықпай, тақырыптарды бірте-бірте түсініп, бірінен кейін екіншісін рет-ретімен мұқият оқитынбыз, есептерін шығаратынбыз. Бір тақырыпты жіберіп алсақ, ары қарай түсінбей, орнымыздан жылжи алмай қалатынбыз. Қазіргі балалар ондай емес, қазіргі жастар компьютерде бір сабақты оқып отырып, параллель екінші, үшінші жұмысын істеп, сонымен қатар құлағындағы «наушникпен» не ән тыңдап, не телефонмен сөйлесіп, тіпті, үйде болса тіскебасарын жеп, шайын ішіп отырады, яғни бір сабаққа дайындалып отырып бірнеше іспен қатар айналыса алады. Бір жағынан, көпфункционалды, жан-жақты болған жаман емес, өйткені олардың миы соның бәрін қатар қабылдай алады. Біздің ата-әжелерімізді алайық: мысалы, менің нағашы атам мен әжем «Батырлар жырын» сағаттап жатқа айтатын. Демек, олардың миы, жадысы сондай мықты болған. Ал университет оқыған біз жарты сағаттық поэманы жатқа айта алмаймыз, қағазға қараймыз. Яғни, атамнан айырмашылығым болып тұр ғой, бірдеңем кем болып тұр ғой. Бірақ басқа жағынан озып тұрмыз. Сол сияқты, бүгінгі буын ақпаратты миға, жадыға емес, компьютерге сақтайды.
– Бұл пайдалы ма, зиян ба?
– Пайдасы да бар, зияны да бар. Пайдасы сол – бір сәтте бірнеше ақпаратты ала алады, игере алады, KMS_2790көкжиегі кең. Ал зияны – ми жасушаларының жұмысы, жады әлсірейді. Білім, ең алдымен, мида болмаса, онда ол білім емес. Өз басым, «қазіргі жастар жаман…» деген пікірмен келіспеймін. Математик ретінде ойлаймын – талант қоғамға, саясатқа, материалдық жағдайға, тағы басқаға тәуелді емес. Қазақта талант бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да бола береді. Мәскеуде оқып жүргенде ұстаздарымыз айтатын, «университетте азиат студенттер, аспиранттар жылдан жылға көбеюде, осылай кете берсе, Мәскеу университетінің жартысынан көбі азиаттар болады…» деп. Ол тенденцияны былай түсіндіреді – «себебі сіздердің аталарыңыз үш әйел, төрт әйел алған, яғни тұрмыс-тіршілікке пайдаланатын энергиясын толығымен пайдаланған да, ғылым-білімге пайдаланатын энергиясы сақталып қалған, ол ешқайда жоғалып кеткен жоқ, ол энергия генде, топырақта сақталған, ол энергия ұрпаққа берілген. Сондықтан сіздердің ғылым-білімге деген құштарлықтарыңыз тек арта беретін болады…» деп түсіндірген еді. Демек, біз – әлеуеті жоғары ел болғанымыз ғой. Одақтың кезінде шын мәнінде Қазақстан математикасы керемет қарқынмен дамып келе жатыр еді, сол шақта одақ ыдырады. Кім біледі, кеңес өкіметі құламағанда, бәлкім, шынында Мәскеу университетінің тең жартысы біздің қаракөз қазақтар, азиаттар болар ма еді… Бірақ қазір жаңа мүмкіндіктер ашылды. Халықаралық стандарттағы ғылым жүйесіне көштік, қаншама магистранттар, докторанттар шығып жатыр. Бұрын докторлық қорғаймын дегенше елуден асып кететінсің, өміріңнің жартысы өтіп кететін, ал қазір отыздағы жап-жас жігіттер PhD дәрежесін алып жатыр, олардың тағы бір артықшылығы – шет тілін меңгеруінде…
– «Іргелі математика» кафедрасын басқарғаныңызға 7 жылға жуық уақыт болыпты. «Іргелі математика» нені зерттейді?
– 1934 жылы университеттің іргетасы қаланғанда, ең бірінші болып осы кафедра ашылған. Яғни, біздің кафедрамыздың 80 жылдық тарихы бар. Талай ғалымдар, академиктер жұмыс істеген. Ол кезде факультет «Физика-математика» болса, қазір «Механика-математика факультеті» деп аталады. Кафедрада 50 қызметкер жұмыс істейді. Оның 48-і штатта. Математика ғылымы үш саладан тұрады: математика, анализ, алгебра. Бұрын әрқайсысы жеке-жеке кафедра еді, бүгінде осы үшеуі бірігіп, «Іргелі математика» кафедрасы болып қайта құрылған. Өмір болған соң, қоғам болған соң, ол қоғамда әртүрлі өзгерістер болады, реформалар болады. Іргелі математиктер сол реформалардың салдарын болжайды…
– Өзіңіздің ғылыми еңбегіңіз қандай мәселеге арналды?
– 1983 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Кері есептер теориясының кейбір сұрақтары» тақырыбында кандидаттық, ал 2005 жылы «Кесіндіде дифференциалдық операторлардың спектральді қасиеттері және түрлендіру формулалары» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым.
– Халықаралық байланыстарыңыз бар ма?
– Әрине, әйгілі жоғары оқу орындарынан ғалымдар келіп дәріс оқиды, студенттердің, магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді… Өз мамандарымызды шетелге жіберіп тұрамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

Источник: akjunis.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар