Өзектi

Айгүл Әбуғалиева: «Бидай сапасын арттыру – басым бағыттардың бірі»

12.02.2015

7360

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталғы» АҚ-ы шетелдің беделді ғылыми журналдарына мақала жариялап, көптеген сілтемеге ие болған қазақ ғалымдарының жұмысын көпшілікке ұдайы насихаттап келеді. Кеңес заманында ғалымдардың тиімді бағытта жұмыс істеп жатқаны, ғылыми жаңалығының өндіріске енумен өлшенетін-ді. Қазір ғылымның тиімді бағытта дамығанын анықтайтын көрсеткіш толықтай өзгерген. Бүгінде ғалым өзінің ғылыми жобасы жайында ғылыми журналдарға мақала жариялап, жоғары импакт-факторлық көрсеткішке ие болса, нәтижелі жұмыс істеп жатқан болып есептелінеді. Осы ретте бізді ҚазҰАУ-дің Өсімдік өндірісінің агротехнологиясы кафедарасының профессоры, Қазақ егіншілік және өсімдіктану ҒЗИ ғылыми қызметкері Айгүл Әбуғалиеваның бидайдың жаңа сортын дайындау ісіне қатысты жазған ғылыми мақалалары қатты қызықтырды. Таяуда ғалыммен кездесіп, дүниежүзі ғалымдарының талқысына түскен ғылыми жұмыстың мәнін өзінен сұрап, білдік.

Айгүл Әбуғалиева өзі басқаратын Бихимия сапасын анықтау зертханасында

– Айгүл Ізтілеуқызы, қазір Қазақстан астық экспорттайтын жетекші елдердің бірі. Бұл бағыттағы ғылыми жұмыстардың ілгерілеуі ел экономикасына жағымды жағынан әсер ететіні белгілі. Бидайдың жаңа түрін ойлап табу жолында біраз еңбектеніп, ғылыми жұмыстарыңыз әлем ғалымдарының назарын іліккенін білем. Бұл жоба қалай басталды?
– Қазіргі таңда дүниежүзінде бидайдың құрғақшылыққа төзімді және өнімді көп беретін жаңа тұқымын ойлап табу өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлем ғалымдарының назарына бірден ілігуде. Бидайдың жаңа сортын ойлап табу үшін Қазақстан, Британия, Италия ғалымдары бас қосып, 2000 жылдардың басында үлкен ғылыми зерттеу жұмысын бастаған едік. Бұл жұмысқа Қазақстан тарапынан Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты директорының орынбасары Ерлан Тұрысбеков жетекшілік жасады. Ал Британия тарапынан профессор Стив Квари басшылық жасаса, италяндық ғалымдарға Роберта Тибуроза бас болды. Бірінші кезекте біздер бидайдың бір сортын таңдап алып, оны генетикалық картасын жасадық. Таңдап алынған бидай тұқымын дүниежүзінің көптеген елдерінде сынақтан өткізіп, құрғақшылыққа төзімді және өнімді көп беретін бидайдың жаңа тұқымын алудың сәті түсті. Бұл жұмыспен айналысу барысында көптеген ғылыми мақалалар жазып, оны шетелдің ғылыми журналдарына жарияладық. Осыдан кейін бұл бағытқа қызығушылық танытқан ізденушілер біздің мақалаларымызға көптеген сілтеме жасай бастады. Әдетте ғылымда бастапқы ғылыми дереккөзіне көп сілтеме жасалынатыны белгілі.
– Сіздердің ойлап тапқан бидайдың жаңа сорты ылғалды өзге бидайларға қарағанда қаншалықты аз тұтынады?
– Мынша көлемде ылғалды аз тұтынады деп кесіп айту қиын. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстың мәнін сізге былайша түсіндірейін. Кез келген өсімдік көктеп, қара жерді жарып шыққаннан кейін белгілі бір уақытқа дейін ылғалды қатты қажетсінеді. Дәл осы кезеңде құрғақшылық орын алып, өсімдік бойына қажетті ылғалды жинақтай алмай қалуы мүмкін. Бұдан өсімдік солып қалмаса да, өзінің өнімділігін жоғалтатыны анық. Біздің басты мақсатымыз бидайдың осындай аралық кезіңде ылғалдың аздығына қарамастан жақсы өсіп, жетілетін жаңа түрін дайындау болды. Ғылыми жұмыс 15 жылға созылды. Бүгінде Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты қызметкерлері бұл жобамен әлі де айналысуда. Бидайдың жаңа сортын дайындап шығару ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс.
– Қазақстан бидайының шетелде жоғары бағаланатынын білеміз. Қазақ топырағында өскен астықтың қандай артықшылығы бар? Сол жағын ашып айтып берсеңіз?
– Еуропаның қоңыржай алқаптарында көп өнім алуға болады. Өйткені кәрі құрлықта ылғалдың мөлшері өте жоғары. Ал бізде керісінше, дихандарымыз бір гектардан алатын өнімі 10 центнерден аспайды. Бірақ Қазақстан бидайының өнімділігі аз болғанымен сапасы өте жорғары. Нақтырақ айтсақ, біздің бидайдың бойында протеин өте мол. Енді протеин қалай пайда болады деген сұраққа жауап берсем. Протеин – күн қызуы жоғары болуының нәтижесінде пайда болады. Күннің қызуы бидайдың протеинін арттырғанымен, астықтың шығымдылығын төмендетеді. Біздің ғылыми жұмысымыз осы екеуінің тепе-теңдігін сақтауға негізделген-ді.

Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының Бихимия сапасын анықтау зертханасы


– Протеинді тыңайтқышпен арттыруға бола ма?
– Қазір бұл мәселемен Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері айналысуда. Өнімділікті арттыру үшін егістікке органикалық тыңайтқыштар беру мүмкін емес. Өйткені органикалық тыңайтықштар шектеулі. Сондықтан біздер минералды тыңайтқыштарды беруге мәжбүрміз. Әдетте мұндай тыңайтықштар өсімдіктерге кері әсер ететіні жасырын емес. Қазіргі таңда біздің институт қызметкерлері дәнді-дақылдарға тыңайтқышты қай уақытта, қанша мөлшерде беру мәселесін жан-жақты зерттеу үстінде. Әріптестерімінің бұл бағыттағы жұмыстарына әлем ғалымдарының өздері ерекше қызығушылық танытуда. Біздің институт ғалымдары қазір протеиннің көлемін арттырудан басқа оның сапасын көтеру ісімен де айналысуда. Осыдан-ақ, отандық ғалымдардың қандай деңгейге көтерілгенін байқауға болады. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жайындағы мәліметтерді әріптестерімнен сұрап, білуіңізге болады.

Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институты ғимараты


– Қазақстанның жер көлемі өте үлкен. Осы кең байтақ жерімізде өсетін бидайдың түрлі сорттарын дайындау ісі қай деңгейде жүріп жатыр?
– Дұрыс айтасыз, жеріміз кең болғандықтан дәнді-дақылдардың көптеген сорттары болуы тиіс. Бұл бағытта Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институты жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Еліміздегі астықты өңірлердің бірі Ақмола облысында бидайдың бірнеше сорттары егілетінін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Айталық, өңірде далалық және орманды алқаптарға себілетін бидайдың жекелеген сорттары бар. Бидайдың сорттары аймақағы ылғал мен жауын-шашынның мөлшеріне және топырақтың құнарлылығына байланысты жіктеледі. Жер көлемі жағынан алғанда Қазақстанда Еуропаның бірде-бір елімен салыстыруға келмейді. Сондықтан елімізде дәнді-дақылдар тұқымның көп болуы заңдылық. Кеңес заманында бидайдың сапалы тұқымдарын даярлайтын селекциялық жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілді. Соның арқасында Қазақстанда өсіруге қолайы бидайдың 60 астам тұқымы дайындалған. Бүгінде Кеңес заманында қалыптасқан селекциялық жұмыстар жалғасын табуда. Сондықтан бұл бағытта көштен қалдық деп айта алмаймын.


Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.

Қоғаммен байланыс бөлімі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар